Талбесік • Бүгін, 08:55

Жетісудың су қоры: Түйінді мәселелер мен тиімді шешімдер

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жетісу – егін мен мал шаруашылығына арқа сүйеген аграрлы өңір. Алайда кейінгі жылдары климаттың құбылмалылығы, трансшекаралық су ағынының тұрақсыздығы, кеңес дәуірінен қалған гидротехникалық жүйелердің тозуы су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік бермей отыр. Бүгінде суармалы жер көлемі едәуір артты. Биыл белгіленген 1,877 млрд текше метр су лимиті шаруаларға толық жете ме?

Жетісудың су қоры: Түйінді мәселелер мен тиімді шешімдер

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде ауыл шаруашы­лығы қажеттілігіне арнал­ған су пайдалану ли­миті 1,877 млрд текше метрді құрайды. Оның 1,837 млрд текше метрі егістікті суаруға бағыттал­ған. Биыл жоспарланған егіс алқабы – 147 мың га. Бүгінде облыстағы бар­лық суқоймасы су жинау режі­мінде жұмыс істеп тұр. Ен­дігі басты міндет – суды бө­лу емес, әр текше метр су­дың қайтарымын арттыру. Осы мақсатта өңірде су үнем­­деу технология­сын суб­­­си­диялау көлемі 80%-ға де­йін ұлғайтылды. Оған қо­са сараланған тариф­тің енгізілуі, су бөлу үдері­сін толық цифрландыру облыстағы су саясатының жаңа кезеңге өткенін көр­сетеді. Бұл шаралар су тап­шы­лығы қаупін азайтып қана қоймай, өңірдің аграр­лық әлеуетін ұзақмерзімді негізде сақтауға бағытталған.

Заманауи суару жүйе­лерін енгізуді ынталандыру мақсатындағы ұңғыма бұрғылау, инфрақұры­лым тарту, су үнемдейтін жабдықтарды сатып алу шығындарын өтеу үлесі  50%-дан жоғары. Егінге қажетті суға сараланған тариф енгізілді: су үнемдеу технологиясын пайдаланатын шаруаларға егіндік судың құнын субсидиялау 60%-дан 85%-ға дейін ұлғайтылды, қалғанына субсидия мөлшері жыл сайын 10%-ға қысқарып отырады.

Қабылданған шаралар су үнемдеу техно­логиясы қолданылатын алқап­тар­дың көлемін жыл сайын 150 мың гектардан астамға арттыруға мүмкіндік берді. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасына толық сәйкес келеді. Жалпы, ел көлемінде мұндай технологиялар 543,5 мың га суармалы жерде енгізілген, соның арқасында 874 млн текше метр су үнемделді. Жетісу облысында бұл көрсеткіш 33,7 мың гектарды құрайды.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Жетісуға сапары кезінде облыс әкімдігіне 2030 жылға дейін суармалы жерлерде су үнемдеу технологиясын жүз пайыз енгізуді кезең-кезеңімен қамтамасыз етуді тап­сырған еді.

о

Суретті түсірген – Дмитрий ЕРОФЕЕВ

«Кеңес дәуірінде пайдалануға беріл­ген суармалы жерлерді қалпына келтіруге ерекше көңіл бөлу керек. 2030 жылға дейін өңірде суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту жөніндегі негізгі жобаларды аяқтау жоспарланып отыр. Бұрын тозған алқаптарды айналымға енгізу арқылы суармалы жерлердің аумағын кеңейту жұмысын жандандыру қажет. Сонымен қатар Мемлекет басшысы атап өткендей, су саласындағы «қара нарық» толық жойылып, су пайдаланудағы барлық заңбұзушылық құқық қорғау органдарының белсенді қатысуымен заң аясында қатаң түрде тоқтатылуға тиіс», деді вице-премьер.

Егінге қажетті суды ашық әрі әділ бөлу мақсатында қанатқақты режімде жаңа биллинг жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл платформа арқылы су пайдаланушылар мен «Қазсушар» РМК арасында өтінім беру, келісімшарт жасау, төлем жүргізу үдерістері цифрландырылды. Өтінім беруден төлем жүргізуге дейінгі барлық үдеріс электронды форматта жасалады. Фермерлерге түсіндіру жұ­мысын жүргізетін арнайы жұмыс тобы құрылып, облыстың алты ауданында шамамен 450 шаруамен кездесу өткізілді.

2028 жылға дейінгі Су шаруашы­лы­ғын кешенді дамыту жоспарын жүзеге асыру аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі үш суқоймасын, екі гидроторапты, бір магистральды каналды реконструкциялауға арналған жобалау-сметалық құжат әзірлеп жатыр. Сондай-ақ жеке инвестиция­лар есебінен сыйымдылығы 80 млн текше метр болатын бір суқоймасын салу жоспарланған. Сонымен қатар облыс әкімдігі тағы жеті суқой­ма­сының құрылысына техникалық-экономикалық негіздеме дайындап жатыр. Бұдан бөлек, 2 мың шақырымнан астам суару каналын қалпына келтіру, шамамен 400 шақырым каналға автоматтандыру жүйесін енгізу көзделген. Ислам даму банкімен бірлесіп, өңірде суару желілерін реконструкциялауға қатысты 6 жоба іске қосылады. Оның біреуі аяқталған, жалпы ұзындығы 400 шақырымнан асатын тағы екі жоба биыл аяқталады.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы тұрғындардың өмір сапасын бюджеттік микронесие беру арқылы арттыруға бағытталған. 2026–2028 жылдары республикада 450 млрд теңге бөлу жоспарланған, оның ішінде 22,6 млрд теңге Жетісу облысына қарастырылған. Биыл өңірде ауыл кәсіпкерлігі мен кооперация саласында шамамен 400 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.

Қабылданып жатқан шешімдер об­лыстағы су мәселесін жай маусым­дық жұмыс емес, ұзақмерзімді қауіп­сіз­дік факторы ретінде қарастыру бас­талғанын аңғартады. Су үнемдеу тех­­нологияларын жаппай енгізу, ирри­­гациялық инфрақұрылымды жаң­ғыр­ту, су бөлу жүйесін цифрландыру, суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту – өңірдің аграрлық болашағын сақтап қалудың негізгі те­тік­тері. Дегенмен нәтиже тапсырмадан гөрі олардың жергілікті жерде қалай нақты орындалатынына байланысты. Жоспарланған жобалар уақытында әрі сапалы жүзеге асса, Жетісу өңірі су тапшылығы қаупін тежеумен қатар, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына берік негіз қалыптастыра алады.

 

Жетісу облысы 

Соңғы жаңалықтар

Ертіс өзенінде сең қозғалды

Табиғат • Бүгін, 09:45

Айдың арғы беті...

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:10

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:58