Пікір • Бүгін, 08:20

Ғылыми әлеует – мемлекет дамуының стратегиялық тірегі

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ғылым – кез келген мемлекеттің өркендеу деңгейін айқындайтын, оның бәсекеге қабілеттілігін күшейтетін, ұзақмерзімді дамуына негіз қалайтын стратегиялық сала. Бүгінгі жаһандық өзгерістер дәуірінде ғылым мен технологиялық ілгерілеу елдердің экономикалық қуатын ғана емес, олардың халықаралық беделі мен ұлттық қауіпсіздігін де айқындайтын негізгі факторға айналды.

Ғылыми әлеует – мемлекет дамуының стратегиялық тірегі

Қазіргі әлем жаңа даму ке­зе­ңіне қадам басты. Жасанды ин­тел­лект, биотехнология, жаңа материалдар, ядролық энер­ге­ти­каның жаңа буыны, цифрлық ше­шімдер, сирек және сыни металдар, таза энергия, микроэлектроника мен терең өңдеу технологиялары – мұның бәрі болашақ экономиканың өзегін құрап отыр. Осындай жағдайда ғылымға арқа сүйеген ел ғана озық болады. Сондықтан ғылымды дамыту – тек ғылыми қауымдастықтың ғана емес, тұтас мемлекеттің страте­гия­лық міндеті.

Осы тұрғыдан алғанда, ғылым­ның Ата заң деңгейінде көрініс табуы – айрықша маңызға ие тарихи шешім. Конституцияда адам капиталын, ғылымды және инновацияны дамыту мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалды. Бұл – ғы­лым­­ға қолдау көрсету енді жай ғана салалық саясат емес, ел­дің ұза­қ­мерзімді дамуына ба­ғыт­­талған берік мемлекеттік ұс­та­ным екенін білдіреді. Ғылым­ның кон­ституциялық деңгейде бекітілуі – Қазақстанның білім мен технологияға сүйенетін жаңа сапа­­дағы мемлекет құруға бет алға­нының айқын белгісі.

Кейінгі жылдары Мемлекет басшысының қолдауымен ғылым саласында жүйелі реформалар жүзеге асырылып келеді. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданып, ғылым­ды басқарудың институцио­нал­дық негізі күшейтілді. Қысқа мерзім ішінде ғылым саласын рет­тейтін 70-тен астам нор­мативтік-құқықтық акт қабыл­данып, ғылыми қызметті ұйым­дас­­тырудың, қаржылан­ды­ру­дың, мо­ниторинг жүргізудің, нәти­желілікті бағалаудың жаңа тетік­тері қалыптасты. Ғылым енді тек академиялық орта­дағы ішкі үдеріс ретінде емес, эко­но­­миканың, өндірістің, өңір­лік даму­дың және адам капи­талы сапа­сының негізгі қозғау­шы күш­те­рінің бірі ретінде қарас­ты­ры­лып отыр.

Бүгінде Қазақстан ғылымы нақты сандық өсімді көрсетіп отыр. 2025 жылы ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұ­мы­сты орындаған қыз­меткерлер саны 28 374 адамға жетті. Бұл 2021 жылғы 21 782 адаммен салыстырғанда 30 пайызға көп. 2020 жылы бұл көрсеткіш 22 665 адам болғанын ескерсек, ғылымдағы кадрлық әлеуеттің тұрақты өсіп келе жатқаны анық байқалады. Сонымен қатар 2025 жылы елдегі ғылыми ұйымдар мен зерттеу институттарының саны 434-ке жетті. Бұл ғылым инфрақұрылымының да біртіндеп кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.

Ең маңызды үрдістің бірі – ғылым кадрларының жасаруы. 2021 жылы жас ғалымдар саны 7 525 адам болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 13  592 адамға жетті.  Яғни төрт жыл ішінде жас зерттеушілер саны айтарлықтай өсті, ал олар­дың жалпы ғылымдағы үлесі 35 пайыздан 48 пайызға дейін артты. Нәтижесінде, ғылыми қызметкерлердің орташа жасы 2021 жылғы 47,3 жастан 2025 жылы 44 жасқа дейін төмендеді. Бұл – ғылымға жаңа буынның сеніммен келіп жатқанын, жастардың зерттеу қызметіндегі рөлінің күшейіп отырғанын білдіретін өте маңызды көрсеткіш.

Жас ғалымдарды қолдау – мем­­лекеттік саясаттың негізгі басым­­дықтарының бірі. Бүгінде 606 жас зерттеуші тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 483 жас ғалым жеңілдетілген несиелеу тетігі арқылы, 123 зерттеуші өтеусіз негізде баспана алды. Сонымен қатар жыл сайын 1 мың жас ғалымға өз жобаларын іске асыру мақсатында постдокторантура гранттары беріледі. Халықаралық ғылыми тағылымдамалар бағ­дарламасы арқылы жыл сайын 500 жас зерттеуші әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тә­жіри­­беден өтеді. Бұл шаралар ғылымға келетін талантты жас­тарға тек грант беру емес, толыққанды кәсіби және әлеу­мет­тік қолдау көрсету жүйесі қалып­тасып келе жатқанын аңғартады.

Ғылым саласын қаржыландыру көрсеткіштері де оң динамиканы көрсетіп отыр. 2020–2024 жылдары ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұ­мысқа  жұмсалған жалпы шығыстар 116,7 млрд теңгеден 261,3 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл екі еседен астам өсім. Ал ішкі ҒЗТКЖ шығыстарының  ішкі жалпы өнімдегі үлесі 0,12 пайыздан 0,16 пайызға дейін артты. Әрине, бұл көрсеткіш әлі де жеткілікті деңгейде емес. Дегенмен ғылымды қаржыландыру көлемінің бір­тіндеп артуы мемлекеттің осы салаға деген ерекше назарын көрсетеді. Ғылыми ұйымдар қыз­меткерлерінің лауазымдық жа­лақысы 18 пайызға өсіп, 2025 жылдың басынан бастап тағы 17 пайызға артқаны да осы саясаттың нақты көрінісі.

Ғылымның тиімділігі, ең алдымен, оның экономика мен қоғамға нақты пайда әкелуімен өлшенеді. Сондықтан ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту – күн тәртібіндегі басты міндеттердің бірі. Осы бағытта кейінгі  екі жылда өңірлерде 13 ғылыми-технологиялық сессия өткізілді. Бұл алаңдар нақты сектордың сұраныстарын ғылы­ми міндеттерге айналдыруға, ғылым мен бизнестің коопера­циясын күшейтуге, ғылыми әзірлемелерді коммерция­лан­ды­руға мүмкіндік беріп отыр. Мұндай тәсіл ғылымды зертханадан өндіріске алып шығатын нақты құралға айналуда.

Өңірлік ғылым саясаты да жаңа мазмұнға ие болып келеді. Әр өңір өзінің экономикалық мамандануына қарай ғылыми басым­дықтарын айқындай бас­тады. Мәселен, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Абай облысында ғылымды дамытудың 7 басым бағыты белгіленген. Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары, Жетісу облысы және Шымкент қаласында 6 бағыт, Қызылорда облысында 5 бағыт айқындалған. Бұл ғылым саясатының ел аумағында жүйелі сипат ала бастағанын көрсетеді. Ғылым енді тек ірі орта­лықтардың ғана еншісі емес, ол өңірлік экономиканың нақты қажет­тіліктерімен ұштасуға тиіс.

Сонымен қатар ғылымды басқаруда цифрландыру үдерісі де тереңдей түсті. 2024 жылы Цифрлық ғылыми порталдың алғашқы кезеңі іске қосылып, ғылыми аккредитация мен ғылым саласындағы сыйлықтар және стипендиялар тағайындау бо­йынша екі мемлекеттік қызмет электрондық форматта жүзеге асырыла бастады. Портал аясында ғалымдардың цифрлық профайлдары, ғылыми ұйымдар мен зертханалардың паспорттары, ғылыми жабдықтар, жобалар мен жарияланымдар туралы дерек­­тер­ді біріктіру жұмыстары бас­талды. Бұл ғылымды басқаруда ашық­тықты, тиімділікті және дәл ана­­литиканы күшейтуге мүм­кін­дік береді.

Әрине, ғылым саласында шеші­­­мін күткен мәселелер де бар. Ғылым­ның ІЖӨ-дегі үлесі әлі де төмен. Тұрақты бюджет­тен тыс инвес­тициялардың кө­ле­мі жеткіліксіз. Өңірлер арасында ғылыми инфрақұрылым мен кадрлық әлеует бойынша айыр­машылық сақталып отыр. Кей­бір ғылыми нәтижелер әлі де өндіріске дейін жетпей қалады. Бірақ бұл сын-қатерлер ғылым саласын жаңа деңгейге көтеру міндетін одан әрі өзекті ете түседі. Біздің мақсатымыз – ғылымды тек қаржыландыру емес, оны ел экономикасына, өнеркәсіпке, білімге, денсаулық сақтау жүйесіне және қоғамның өмір сапасына нақты әсер ететін пәрменді күшке айналдыру.

Бүгінде Қазақстан ғылымының алдында тарихи мүмкіндік тұр. Бұл – ғылымды ұлттық дамудың шешу­ші күшіне айналдыру мүм­кін­дігі. Біз ғылымды тек есеп пен мақала мақсатында емес, елдің болашағы үшін дамытуымыз керек. Ғылым жаңа өндірістер құруға, технологиялық серпіліс жасауға, ұлттық экономиканың тұрақ­тылығын қамтамасыз етуге және азаматтардың өмір сапасын жақсартуға қызмет етуге тиіс. Сонда ғана ғылым шын мә­нінде мемлекет дамуының страте­гия­лық тірегіне айналады.

Ғылым қызметкерлері күні – тек кәсіби мереке емес. Бұл – білім мен ізденіске, табан­дылық пен парасатқа, елдің ертеңі үшін адал еңбек етіп жүрген ғалымдарға көрсетілетін құрмет. Ғылым жолы – үздіксіз ізденісті, терең білімді, жоғары жауапкершілікті талап ететін күрделі әрі абыройлы жол. Осы жолды таңдаған әрбір ғалымның еңбегі қашанда қадірлі. Осы мереке күні ғылым саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген барша ғалымдарға, ғы­лыми қызметкерлерге, оқыту­шы­ларға, сарапшыларға және сала ардагерлеріне шынайы риза­шылығымды білдіремін.

 

Саясат НҰРБЕК,

Ғылым және жоғары білім министрі

Соңғы жаңалықтар