Қазір елімізде бастапқы геологиялық ақпараттың 97,5 пайызы сканерленген. Цифрлық форматқа шамамен 4,7 миллион дерек бірлігі ауыстырылған, соның ішінде 4,2 миллионнан астам қағаз құжат, 250 мыңнан астам графикалық материал және архивтік магниттік тасымалдаушылар бар. Мұндай ауқымды жұмысты 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін толық аяқтау жоспарланған.
Алайда мамандардың айтуынша, құжаттарды жай ғана цифрға айналдыру жеткіліксіз. Ең маңыздысы – сол деректерді «түсінетін» жүйе қалыптастыру. Яғни жасанды интеллект әртүрлі кезеңде жиналған ақпаратты байланыстырып, біртұтас талдау жасай алуы керек. Сондықтан бірыңғай семантикалық кеңістік құрылады. Қарапайым тілмен айтқанда, әр жылдары жазылған мәліметтер бір-бірімен «сөйлесіп», жаңа қорытынды жасауға мүмкіндік береді.
«Құжатты жай ғана сканерлеу жеткіліксіз, бұл – жұмыстың тек 5 пайызы ғана. Біздің мақсатымыз – жасанды интеллект ескі және жаңа деректерді бірге қарап, олардың арасындағы байланысты таба алатындай жүйе құру», деді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова.
Осы бағытта министрлік Ұлттық геологиялық қызмет және «Astana Hub»-пен бірлесіп, жасанды интеллектіні геология саласына енгізудің нақты кезеңіне көшті. Жобаға «EPAM Kazakhstan» компаниясы қатысып, ал «QazTech» пен «AlemCloud» платформалары техникалық инфрақұрылымды қамтамасыз етіп отыр.
Жұмыс барысында архивтік құжаттарды компьютер оқи алатын форматқа айналдыру мақсатында OCR технологиясы қолданылады. Бұл технология мәтіндерді тануға мүмкіндік берсе, заманауи тілдік модельдер сол ақпаратты жүйелеп, талдауға көмектеседі. Нәтижесінде, бұрын шашыраңқы жатқан деректер бір жүйеге түсіп, сараптауға қолайлы база қалыптасады.
Сонымен қатар жоба аясында мамандар «Data Science «құралдарын меңгеріп жатыр. Геологиялық деректерді сүзгіден өткізу мақсатында GIS жүйесіне негізделген база жасалмақ. Бұдан бөлек, интерактивті карта мен интеллектуалды чат-бот әзірленіп жатыр. Бұл құралдар геологиялық ақпаратқа қолжетімділікті жеңілдетіп, оны пайдалануды әлдеқайда ыңғайлы етеді.
Ең бастысы – жасанды интеллектінің көмегімен бұрын көзге көрінбеген заңдылықтарды анықтау мүмкіндігі пайда болады. Яғни жүйе түрлі деректерді салыстырып, жаңа кен орындарын болжауға немесе бар қорларды тиімді игеруге жол ашады. Вице-министрдің айтуынша, мақсат – жасанды интеллектіні «геолог сияқты ойлауға» үйрету. Егер бұл міндет жүзеге асса, еліміздің жер қойнауын зерттеу ісі мүлде жаңа сапалық деңгейге көтеріледі.
Сонымен бірге бұл бастама тек технологиялық жаңару ғана емес, кадрлық әлеуетті күшейтуге де бағытталған. Себебі жаңа жүйелерді тиімді пайдалануға геологтер мен ІТ-мамандарының бірлескен жұмысы аса маңызды. Сарапшылардың пікірінше, цифрландыру арқылы геологиялық барлау жұмысының уақыты қысқарып, шығыны азаяды, ал нәтижесінің дәлдігі арта түседі. Бұл өз кезегінде жаңа кен орындарын жылдам анықтауға, табиғи ресурстарды ұтымды игеруге және экологиялық тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді. Яғни жасанды интеллектіні енгізу – тек деректерді өңдеуді жеңілдету емес, бүкіл саланың жұмыс тәсілін түбегейлі өзгертетін маңызды қадам.