Сұхбат • Бүгін, 08:50

«Отандық ғарыш саласының жоспары ауқымды»

10 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Адамзат тарихындағы алғашқы ғарышқа сапар қазақ жерінен бас-талды. Сондықтан еліміздің әлемдегі ғарышты игерудегі тарихи орны бөлек. Қазір мемлекет ғарыш саласын дамытуға ерекше басымдық беріп отыр. Бірнеше жаңа ғылыми жобалар қолға алынды. Осы орайда «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының басқарушы директоры Аманат Үмбетбаевпен еліміздегі ғарыш саласының дамуы туралы әңгімелестік.

«Отандық ғарыш саласының жоспары ауқымды»

– Аманат мырза, өзіңіз қызмет істейтін компания ғарыш саласында қандай жобаларды жүзеге асырып жатыр?

 – Бүгінде елімізде ғарыш саласын дамытуға арналған 10-ға жуық мем­лекеттік ұйым бар. Соның ішінде біз ұлттық ком­пания саналамыз. Компания құрылғаннан бастап, ғарыш саласына қатысты бірнеше жобаны іске асырды. Айталық, 2014 жылы елімізден екі ға­рыш спутнигі ұшырылды. Бұлар ғарыш кеңістігінде 7 жыл ұшуға ғана жос­парланған. Алайда олар он екі жыл­дан бері тоқтаусыз жұмыс істейді. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Сондай-ақ 2018 жылы отандық инженерлер құ­рас­­тырған ғылыми-техникалық ғарыш аппа­раты да ұшырылды. Оның ұшу мерзімі бір жылға жобаланған. Бірақ биыл оған 8 жыл болды. Әлі де қызмет көрсетіп тұр.

наук

Шындығында, отандық ғарыш са­ла­сының жоспары ауқымды. 2023 жылы елімізде Орталық Азиядағы ең ірі ғарыш аппаратын құрастыру мен сынақ кеше­ні іске қосылды. Кешен халықаралық та­лапқа сай жабдықталған. Қазір мұн­да ғарыш спутниктерінің топтамасы әзірлену үстінде. Оны біздің маман­дар құрастырды. Бүгінде ғарыш ап­па­ра­тының бөлшектері жиналып, функ­ционалдық сынақтан өткізіліп жатыр. Топтаманы ұшыру 2027 жылға жоспарланған. Оның негізі мақсаты – қолданыстағы «KazEOSat-2» спут­ни­гін кезең-кезеңімен алмастыру. Бұдан бөлек, алдағы таңда осы кешен базасында жерді қашықтықтан зондтау спутниктерін әзірлеу жоспарланып отыр. Бұл жобаларға жеке инвестиция тартсақ дейміз. Жалпы алғанда, 2030 жылға дейін елімізде, кем дегенде 6 ға­рыш спутнигін ұшы­ру көзделген.

– Спутниктердің техникалық сипаттамасына да тоқталасыз ба?

 – Қазір жоғары және орташа анықтау қабілетіне ие оптикалық спутниктер жұмыс істеп тұр. Айталық, «KazEOSat-1» спутнигі 1 метрге дейінгі суретті анық түсіреді. Бұл аппарат инфрақұрылым нысандарын бақылауға, топографиялық карталар жасауға және төтенше жағдай аймағын талдауға бағытталған. Ал «KazEOSat-2» спутнигі кең аумақты қамтиды. Мұнда ауыл ша­руашылығы, орман алқабы және экология мен табиғи ресурстарға мониторинг жасалады. Оның кеңістікті анықтау қабілеті – 6,5 метр. Онда өсімдіктердің жағдайын дәл анықтайтын «Red Edge» арнасы қарастырылған. Ғылыми-технологиялық «KazSTSat» микроспутнигі үлкен аумақты шолып, бақылайды. Сонымен бірге ол ғарыш аппараттарын басқару мен деректерді беру технологиясын сынақтан өткізуге арналған тәжірибелік платформа қыз­метін атқарады.

Бүгінгі таңда ғарыш аппараттарын одан әрі дамыту қолға алынды. Қазір 3,5 метр анықтау қабілетіне ие жаңа спутниктер әзірленіп жатыр. Мәселен, «KazEOSat-MR» топтамасы үш бірдей спутниктен тұрады. Бұл – маңызды инженерлік шешім. Себебі орбитада бірнеше аппараттың болуы бақылауды едәуір арттырады. Егер бір спутник белгілі аумақты орта есеппен 3-4 күнде бір рет түсірсе, үш спутниктен тұратын топтама сол аумақтағы деректерді күн сайын алуға мүмкіндік береді. Біздің спутниктер нарыққа шығатындықтан оның сапасына да қатты мән береміз.

– Ғарыш аппараттарын жасауда отандық компаниялардың үлесі қандай?

–  Ғарыш спутнигін әзірлеу – күрде­лі технологиялық үдеріс. Онда жобалаудан бастап, конструкторлық құжаттаманы әзірлеу, қосалқы жүйелер мен құрамдас бөлшектерді өндіру, құрастыру, сынақтан өткізу, ұшыруға дайын­дау секілді жұмыстар толық қам­тылған. Айта кетейік, әлемдік тәжі­ри­беде бірде-бір мемлекет ғарыш ап­парат­тарын толықтай тек өз ресурс­тары есебінен өндірмейді. Спутник жасау – халықаралық кооперацияға негізделген сала. Себебі әр елдің белгілі бір технологиялық бағыттағы жекелеген компоненттер өндірісінде – өзіндік артықшылығы бар.

Сондай-ақ мұндағы ең негізгі кезең – ғарыш аппаратын жобалау. Бұл жұмыстарды елімізде толық біздің мамандар іске асырып отыр. Бұлардың дені елордадағы ғарыш аппаратын құрастыру мен сынақ кешенінде жүргізіледі. Қазір спутниктерді жобалау, құрастыру және сынақтан өткізуді еліміздегі компаниялар мен ғылыми ұйымдар атқарады. Осы жобалар аясында отандық өндірістің үлесі артып келеді. Бүгінгі таңда біз спутниктерді экспортқа шығара бастадық. Бұған 2024 жылы келісім жасалды. Былтыр екі ғарыш аппаратына байланысты экспорттық келісімге қол қойылды.

– Қандай елге экспортталады?

– Моңғолия, Конго Республи­касы және Нигерия федаратив Респуб­лика­сымен үш инвестициялық келісім жасалды. Осы келісім аясында ғарыш аппаратын әзірлеу жұмысы басталды. Сондай-ақ жоба шеңберінде серіктес елдердің мамандарын оқыту, спутниктік деректерді өңдеу технологиясын құру секілді іс-шаралар қарастырылған.

– Түркі мемлекеттерімен бір­­лескен ғарыш спутнигі әзірленіп жатыр. Бұл туралы не айтасыз?

 – Иә. Осы бағыттағы жұмыстар қызу жүріп жатыр. Бұған Түркия, Өзбекс­тан, Әзербайжан мамандары да белсенді атсалысуда. Мәселен, Өзбекстан мамандары спутник қозғалтқышын жасауға ұсыныс білдірді. Біз оны қолдаймыз. Егер олар жасаған құрылғының сапасы жоғары болса, оны қолдануға болады. Сондай-ақ Әзербайжан мамандары да спутникке өздері жасаған антеннаны пайдалануды ұсынды. Оны да көреміз. Қазір ғарыш аппараты дайын. Енді оны ұшыру мәселесі талқылану үстінде. Бұйырса, келер жылы ұшуы мүмкін.

– Мемлекеттік ұйымдар жұмы­сына қандай мониторинг жасайсыздар?

 – Қазір біз ғарыш спутниктері арқылы еліміздегі 49 экономикалық салаға мониторинг жасаймыз. Мұн­да ауыл шаруашылығы, су шаруа­шы­­­лы­ғы, табиғи ресурстар, пайда­лы қаз­балар, экология, төтенше жағ­­­дай, қорғаныс секторы және т.б. сала­­­лар қамтылған. Мәселен, ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі егін себу жұ­мыс­тарынан бастап, оны жинап алғанға дейінгі деректерді сұрайды. Егер бір төтенше жағдай орын алса, соған байланысты да сурет береміз. Біздің ақпаратымыз нақты. Айталық, халықаралық әріптестер «KazEOSat-1» спутниктік деректерінің сапасын жоғары бағалады. Осы жұмыстың бәрі жүйелі жолға қойылған. Алдымен Аэроғарыш комитеті жыл соңында барлық мемлекеттік ұйымнан түскен өтінімдерді жинақтайды. Сосын олар біздің мамандармен бірге сипаттама әзірлейді. Содан кейін жыл бойы осы ақпараттарға мониторинг жасалады.

– Ғарыш саласының мамандарына да тоқтала кетсеңіз?

– Бұл өте өзекті мәселе. Біз маман­дарға ерекше көңіл бөлеміз. Өйткені әрбір білікті инженердің орны бө­лек. Мамандар біліктілігін арттыру үшін шетелге барып оқыды. Сон­дағы қызметкерлермен тәжірибе алмас­ты. Алайда кадр тапшылығы бар еке­нін жасырмаймын. Бірақ қол қусы­рып отырған жоқпыз. Былтыр Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлек­терін конкурссыз жұмысқа қабыл­дадық. Бұл аталған оқу орнымен әріп­тестікті нығайту мақсатында жүзеге асты. Сондай-ақ олар ғарыштық ком­па­ниямен бірлесіп, жаңа білім бағ­дар­ламасын әзірлеуді қолға алды. Бағдар­лама жас мамандарды өндіріске бейімдеп, олардың кәсіби деңгейін көтеруге бағытталмақ. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетімен де байланысымыз жақсы. Назарбаев университетімен бұрыннан тығыз қарым-қатынаста­мыз. Мұнда мамандарды даярлауда теория­лық қана емес, практикалық база жақсы қалыптасқан. Алдағы таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетімен де жұмыс істегіміз келеді. Бұл оқу орындарында мамандар даярлау жоғары деңгейде екенін білеміз.

– Қазір барлық салаға жасанды интеллекті дендеп енді. Осы бағыт­та ғарыш саласында қандай жаңа­лықтар бар?

– Біздің компания Жасанды интеллект және цифрлық даму министр­лігіне қарайды. Сондықтан бұл салаға белсенді кірістік. Бір жағынан, жасанды интеллекті көп жұмысымызды жеңілдетті. Қазір еліміздегі орман шаруашылығына байланысты мем­лекеттік орман қорын толық цифр­ландырдық. Бұрын орман ағаштарын заңсыз кесу секілді түрлі құқық бұзу­шылық жиі орын алатын еді. Оны анықтауға бір айдан аса уақыт жұмса­латын. Қазір оны ЖИ-дің көмегімен бір күнде анықтаймыз. Сондай-ақ ауыл шаруашылық саласына да қатысты осындай жобалар қолға алынды. Ендігі мақсатымыз – ғарыш аппараттарына жасанды интеллектіні енгізу. Қазір спутниктер ұшып жүр. Олар көрсеткен жерді ғана түсіреді. Ал аспан бұлтты болса, түсірілім іске аспай қалады. Сондықтан мамандар осы технологияны жасауды қолға алды. Мұндай құрылғы Қытай мен Еуропадағы кейбір ғарыш компанияларында бар. Біз өзіміздікін қолданғымыз келеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Азамат ЕСЕНЖОЛ,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар