Өндіріс • Бүгін, 08:43

Өндіріс дамуының өзегі

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде ғылым тек теориялық ізденіс емес, өндірістің нақты мәселелерін шешетін басты құралға айналды. Әсіресе Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті ғалым­да­рының бастамалары ғылым мен өндірістің тиімді байланысын көрсетіп отыр. Мысалы, металлургияда сапаны арттыру, агро­өнер­кәсіптік кешенді цифрландыру, тау-кен өндірісіндегі қауіп­сіз­дікті күшейту бағытындағы ғылыми жобалар – соның дәлелі.

Өндіріс дамуының өзегі

Металлургия: сапаға жаңа көзқарас

Ауыр өнеркәсіп саласында сапа мәселесі  – алдыңғы орында. Жо­ғары температура мен қатты қысымда жұмыс істейтін жаб­дық­­тарға болаттың беріктігі мен сенімділігі аса маңызды. Дегенмен күрделі легірленген болаттарды өндіру кезінде ішкі құрылымның біртек­тілігі бұзылып, жасырын ақаулар пайда болатыны белгілі. Бұл жабдықтардың тез тозуына, өндірістік шығындардың артуына әкеледі.

Осы мәселені шешу үшін профессор Аристотель Исағұлов жетекшілік ететін ғылыми топ жаңа тәсіл ұсынды. Бұған дейінгі әдістер болат құрамын өзгертуге немесе термиялық өңдеуді күшейтуге негізделсе, жаңа технология металл құрылымын қалыптасу кезеңінде басқаруға бағытталған.

Балқытылған металға арнайы әсер ету арқылы оның кристалдану үдерісі реттеледі. Нәтижесінде, болаттың құрылымы біркелкі қа­лып­­тасып, ішкі ақаулар азаяды. Зерт­теулер бұл тәсілдің тиім­ділігін дәлелдеді: болаттың то­зуға төзім­ді­лігі артып, өнім сапасы тұрақ­танады.

Технологияның тағы бір маңыз­ды артықшылығы – оны енгізу үшін өндірісті толық жаңғырту қажет емес. Бұл кәсіпорындарға қосымша шығынсыз жаңа деңгейге көте­рілуге мүмкіндік береді. Қазір­дің өзінде «Qarmet», «Қазхром», «Қазцинк» компаниялары тарапынан қызығушылық байқалып, ал Пархоменко атындағы КМЗ зауытында технология тәжіри­белік түрде енгізіліп жатыр. 

Агросектор: цифрландыру және жасанды интеллект

Ауыл шаруашылығы саласында климаттың өзгеруі, нарықтағы бәсекенің күшеюі дәстүрлі басқару тәсілдерінің тиімділігін төмендетіп отыр. Осыған байланысты ғалымдар агро­секторды цифрландыруға ба­сым­дық береді.

PhD Айдын Кернебаев жетек­шілік ететін жоба «Индустрия 5.0» қағидаттарына негіз­­деліп, жасанды интеллектіні ауыл шаруа­шылығына енгізуді көздейді. Жоба «Жас ғалым» бағдар­ламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Негізгі бағыт – ауыл шаруашы­лы­ғын басқару­дың интеллектуалды жүйесін құру. Бұл жүйе деректерді талдау арқылы өнімді бол­жауға, ауа райына бейімделуге, өндірістік үдеріс­терді тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді. Фермерлер нақты уақыт режімінде егістік жағдайын бақылап, суару мен тыңайтқыш енгізуді дәл есептей алады.

Сонымен қатар «қала-ауыл» цифр­­лық платформасын қалып­тастыру көзделген. Ол ауыл шаруашылығы өндірушілерін ғылыми орталықтармен, мемле­кет­тік құрылымдармен және нарықпен бай­ланыстырып, ақпарат алмасуды жеделдетеді.

Жоба аясында өңірлік ерекше­лік­тер­ді еске­ретін ғылыми негізделген басқару модельдері де әзірленіп жа­тыр. Бұл агроөнеркәсіптік ке­шен­нің тиімділігін арттыруға, ресурс­ты ұтымды пайдалануға мүм­кін­дік береді. Сонымен бірге жоба нәти­же­лері білім жүйесіне енгізіліп, жаңа буын мамандарын даярлауға ық­пал етеді. 

Тау-кен өндірісі: тереңдіктегі қауіпсіздік

Бүгінде өңіріміздің бірқатар кенішінде 700 метрден астам тереңдікте жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл геомеханикалық жағдайдың күрде­ленуіне және қауіп-қатердің артуына әкеледі.

Осы бағытта PhD Асқар Имашев жетек­шілік ететін жоба жүзеге асырылып жатыр. Зерттеу 2024–2026 жылдарға арналған грант­тық қар­жы­ландыру аясында қолға алынған.

Жобаның мақсаты – терең горизонттардағы тау-кен қазбалары айналасында пайда болатын деформация аймақтарын анықтау, оларды ескере отырып, қауіпсіз бекіту техноло­гиясын әзірлеу. Зерттеу барысында тау жыныстарының физика-механикалық қасиеттері, жарық­шақтылығы, кернеу жағдайы жан-жақты талданады.

Цифрлық модельдеу мен зерт­ха­на­лық сынақ­тар нәтижесінде қауіпті ай­мақтар айқындалып, тиімді ин­женерлік шешімдер ұсыны­лады. Гео­­логиялық беріктік индексін (GSI) пай­далану тау жыныстарының мінез-құлқын дәл болжауға мүмкін­дік береді.

Ұсынылған технологиялар «Ор­ловский», «Артемевский», «Нұр­қазған», «Ақбақай» кен орын­­да­­­рын­да қолдануға бағытталған. Бұл кенші­лердің қауіпсіздігін арт­тырып, апат қаупін азайтады, бекі­ту жұмысына кететін шығынды оңтай­лан­дырады.

Қазіргі таңда жоба нәтижелері өндірісте енгізіле бастады. «Өркен» ЖШС-мен бірлесіп нақты рег­ламент­тер әзірленіп жатыр.  Соны­­мен қатар ғылыми мақалалар ха­лық­аралық журналдарда жарияла­нып, зерттеу нәтижелері кеңінен таралады.

 

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар

Жылқы көбейсе – ел ырысы

Шаруашылық • Бүгін, 09:15

Жазатайым оқиға азаймай тұр

Мәселе • Бүгін, 09:00

Айтыс саңлағы

Руханият • Бүгін, 08:53

Өндіріс дамуының өзегі

Өндіріс • Бүгін, 08:43

Шығыны аз, шығымы мол

Аймақтар • Бүгін, 08:40