Руханият • Бүгін, 08:48

Әдебиеттің бүгінгі бағдары сараланды

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алматыдағы Ұлттық кітап­хана төрінде Жазушы­лар одағының әдеби жыл қоры­тындысы өтті. Ұлт әдебиетінің жыл ішіндегі табысы сара­ланған басқосуға еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы шақы­рылған қаламгерлер қауымы қатысып, әдеби үдерістің бүгінгі тынысын бағамдады.

Әдебиеттің бүгінгі бағдары сараланды

Суреттерді түсірген – Азамат ҚҰСАЙЫНОВ

Алқалы жиынды ашқан Жазу­шы­лар одағының төр­ағасы Мереке Құлкенов өткен жыл әдебиетіміз үшін то­­­лайым табысқа, жаңа туын­­дылар мен жарқын есімдерге толы болғанын атап өтті. Жазу­шылар одағының 2025 жылы атқарған ауқымды жұмыстары туралы арнайы әзірленген бейнематериал көпшілік назарына ұсынылды. Онда бір жыл ішінде жүзеге асқан әдеби бастамалар мен мәдени жобалар кеңінен қамтылған.

Мінберге көтерілген қалам­гер­лер ел әдебиетінің өзекті бағыттарына тоқталды. Нұрдәулет Ақыш Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Жазу­­шылар одағы арасындағы серіктестік аясында жүзеге асып келе жатқан үш бірдей жобаның маңызын тарқатса, Жүсіпбек Қорғасбек «Түркі әлемінің әдебиеті» жобасының әдеби кеңістікті кеңейтудегі орнын айрықша атап өтті. Ал Жанар Әбдішова одақ жұмысына жалпылама шолу жасап, кейінгі жылдары атқарылған ілкімді іс пен тың бастамаға тоқ­талды.

Сөз алған қаламгерлер кі­тап­­­­тар­дың жарық көруі мен қаламақы мәселесінің біртіндеп оң шешім таба бастағанын атады. Дегенмен олар қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге шығаруға шетелдік аудиторияға ұсынылатын шығар­ма­­лардың аударма сапасына ерек­ше мән беру қажеттігін де ашық қозғады. Бұл уақыт талабы, руханият алдын­дағы жауап­кер­шілік екені баса айтылды.

Жиынның ғылыми-танымдық бөлігінде мазмұнды баяндамалар оқылып, әдеби үдерістің жаңа бағыттары сөз болды.

д

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазыл­жанова «Қазақ тілінің ұлттық корпусы және оның жазушылар ішкорпусы – ұлттың эстетикалық санасын қалыптас­тыру құралы» атты тақырыпта ой қозғап, тіл мен әдебиеттің цифрлық кеңістіктегі рөлін саралады. Ал «Кітап елшілері» бастамасының негізін қалаушы Бекнұр Кисықов оқырман мәдениетін қалыптас­тырудағы жаңа тетіктерге тоқталып, кітап оқуды насихаттаудың заманауи үлгіле­рін ұсынды. Өз кезегінде Айнұр Ахметова әдеби шығармашылық пен сын саласында жасанды интеллектіні қолдану мәселесін көтеріп, оның мүмкіндіктері мен қатерлерін саралады. Бұл тақырып жиынға қатысушылар арасында ерекше қызығушылық тудырып, қызу пікір алмасуға ұласты.

Әдебиет кеңестері аясындағы баян­дамалар бүгінгі сөз өне­рінің тынысын таразылап, бағыт-бағдарын айқындаған салмақты ой алаңына айналды. Мәселен, проза кеңесі бо­йынша сөз алған Серік Елікбай «Бүгінгі қазақ прозасы туралы сөз» атты баяндамасында қазіргі қаламгерлердің көркемдік ізденісі мен тақырыптық аясын саралап, прозадағы жаңа бағыттарға тоқталды. Ал поэзия кеңесінде Болат Шарахымбай 2025 жылғы қазақ поэзиясының табысы мен кемшін тұсын таразылап, өлеңдегі мазмұн мен форма мәселесін тереңнен қозғады.

Балалар әдебиеті кеңесінде Асылан Тілеген жас оқырманға арналған шығарма­лардың көр­кемдік деңгейі мен тәрбиелік мәнін сөз етсе, сын кеңесінде Алмасбек Мәуленов әдеби сын­ның бүгінгі ахуалы мен оның қоғамдағы рөлін айқындап берді.

Аударма кеңесінде Дәулетбек Байтұр­сынұлы әдеби аударманың әлемдік мәдени байланыстарды нығайтатын алтын көпір екенін атап өтсе, шетелдегі қазақ әдебиеті бойынша Сламқат Сейітқамза сырттағы қандас қалам­герлердің жетістіктерін тілге тиек етті.

Сатира жанрының бүгінгі тынысын Олжас Қасым саралап, жаңа дәуір талаптарына сай өзгерістерге тоқталды. Ал деректі прозаның маңызы туралы Абай Мау­қараұлы «болашақ тарихтың негізі» ретінде бағамдап, бұл жанрдың жауапкершілігін айрықша атап өтті. Баяндамада Қайсар Әлімнің «Міржақып Дулатұлы» және «Атылуын күт­кен алты күн» кітаптары жақсы бағаланып, басқа да бірқатар еңбегі танымдық қырынан аталды.

Жастар прозасы бойынша Әлішер Рахат жас қаламгерлердің ізденісі мен қалыптасу жолын сөз етсе, поэзиядағы буын сабақтастығын Ерғали Бақаш «Поэзия жасқа қарай ма?» деген сауал төңіре­гінде өрбітті.

Орыс әдебиеті кеңесінде Светлана Ананьева әдебиеттің мәдениетаралық байланыстағы орнын талдап, көпұлтты кеңіс­тіктегі рухани сабақтастыққа назар аударды. Драматургия саласындағы мәселелерді Жақсылық Мұратбек көтеріп, отан­­­дық драматургияның бүгінгі беталысы мен келешегіне ой жүгіртті.

Ал фантастика, детектив бо­йынша Темірболат Ахметов детектив жанрының қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалып­тастырудағы рөліне мән берсе, ұйғыр әдебиеті кеңесінде Шавкат Назаров ұлттық әдебиеттің өзіндік болмысын кеңінен әңгімеледі. Осылайша, жанр-жанрға бөлінген мазмұнды баяндамалар әдебиет­тің сан қырлы табиғатын ашып, әр саладағы түйткілдер мен мүмкін­діктерді айқындап берді.

Әдеби басқосу барысында жыл бойы үздік шығармаларымен дара­ланған қаламгерлер марапатталып, руханиятқа сүбелі үлес қосқан авторларға құрмет көрсе­тілді. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының биылғы иегерлері қатарында әдебиетке үлес қосқан қаламгерлер, жаңа туындыларымен танылған жас авторлар, сондай-ақ әдебиетке жанашырлық танытып жүрген белгілі меценаттар бар.

Атап айтқанда, Жаңылхан Асылбекова, Қанағат Әбілқайыр, Баян Болатханова, Ерболат Баят, Сәбит Дүйсенбиев, Алтын­шаш Жақиянова, Захардин Қыстаубаев, Жұмабай Қайранбай, Бижан Қал­мағанбетов, Дархан Қыдырәлі, Батырбек Мырзабеков, Мәжит Әкбар, Нұрымжан Мауыт, Мақсат Мәлік, Серік Нұғыман, Сламқат Сейітқамза, Қанат Сәнік, Айнагүл Садықова, Айтбай Сәулебек, Бекет Тұрғараев, Дулат Тастекеев, Имин­жан Тохтияров, Фархат Тамендаров, Бауыржан Халиолла, Гүлнәр Шәмшиева, Анар Шамшидинова, Ермахан Шайхыұлы, Ырысбек Дәбей, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Айзат Рақыш сынды азаматтар осынау мәртебелі сыйлыққа лайық деп танылды.

Сондай-ақ балалар әдебиеті мен жасөспірімдерге арналған шығар­маларды қолдауға бағыт­талған Халықаралық «Ер Төстік» әдеби сыйлығы да өз иелерін тапты. Бұл марапатқа Ертай Айғалиұлы, Дәнеш Ахметов, Қайрат Бесті­баев, Дағжан Белдеубай, Бауыр­жан Ғұбайдуллин, Болат Дәуле­тов, Сайлаухан Жоланов, Ғалым­бек Жұматов, Шымкентбай Жыл­мағанбетов, Гүлбақыт Қасен, Авут Мәсимов, Сәли Садуақасұлы, Бүбішхан Тікебаевалар ие болды.

Бірқатар қаламгерге «Қазақ­станның құрметті жазушысы» атағы беріліп, олардың ұзақ жылғы еңбегі мен әдебиетке қосқан үлесі жоғары бағаланды. Бұл марапатқа Абдылдажан Акматалиев, Талап­бек Азанбайұлы, Илахун Жалилов, Сарманбай Исақов, Тынымбай Карин, Өмір Кәріпұлы, Мұхтар Қазыбек, Бек­шүкір Қаршалов, Әлібек Қаңтарбаев, Михаил Юхма ие болды.

Әдеби жыл қорытындысына арналған ауқымды шара келесі күні Жазушылар одағы ғима­ра­тында жалғасын тапты. Бұл күні жанрлық секциялар аясында нақты мәселелер талқыланып, өңірлік филиал директорлары мен өкілдердің есептері тың­далып, алдағы жылға арнал­ған жоспарлар сараланды.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Жылқы көбейсе – ел ырысы

Шаруашылық • Бүгін, 09:15

Жазатайым оқиға азаймай тұр

Мәселе • Бүгін, 09:00

Айтыс саңлағы

Руханият • Бүгін, 08:53

Өндіріс дамуының өзегі

Өндіріс • Бүгін, 08:43

Шығыны аз, шығымы мол

Аймақтар • Бүгін, 08:40