Алқалы жиын автордың ғылыми-шығармашылық еңбектеріне арналған көрмеден басталды.
Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері, Жазушылар одағы мен Шығыс Қазақстан, Абай облысы әкімдіктерінің өкілдері, сондай-ақ Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен және отандық жоғары оқу орындарынан келген ғалымдар, жас зерттеушілер мен әдебиет саласының мамандары қатысты.
Жиынға модераторлық еткен ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай ғалымның шығармашылықтағы әр қырына тоқталып өтті.
«Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба…» деген ұстанымды өміріне темірқазық еткен ғалымның басты қырларының бірі – ғылым саласы. Ол ұзақ жыл бойы әдебиеттану ғылымының өрінде еңбек етіп, өзіндік орны бар ірі зерттеушіге айналды. Ғалымның қаламынан туған монографиялар, оқу құралдары, оқулықтар мен ондаған жыл бойы үздіксіз жарияланып келе жатқан ғылыми мақалалар оның ғылымдағы биік беделін айқындайды. Ғалымның келесі бір қыры – ұстаздық. Мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, олардың еліміздің түрлі саласында табысты еңбек етіп жүрген білікті мамандарға айналуына жол ашты. Ал үшінші қыры – ақындық болмысы. Ол қазақ әдебиетінде Фариза Оңғарсынова сынды ірі тұлғалардың ізін жалғап, поэзия әлемінде биік деңгейге көтерілді», деді ол.
Мерейтой иесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғысы табысталып, «Алтын барыс» төсбелгісімен марапатталды. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, өзге де мемлекеттік органдар мен жоғары оқу орындары басшыларының құттықтау хаттары оқылды. Сондай-ақ ғалым еңбек етіп жүрген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарапынан арнайы «Гумилев» медалімен марапатталды.
Жиын барысында отандық және шетелдік ғалымдар баяндама жасап, Жанат Әскербекқызының еңбектері әдебиеттану, поэтика және ұлттық әдеби үдеріс тұрғысынан кеңінен талқыланды.
Филология ғылымдарының докторы Серік Негимов баяндамасында ақынның айшықты көркем тілін, ой мазмұнын талдады.
«Ақын Жанат ойын тұздықтап, әсерлі жеткізу орайында метафоралық сөз тіркестерін шеберлікпен қолданады: елік сезім, бөрі түн, сыбызғы сыр, құлын күн, күлік күн, жұлдыз көрпе, қобыз кеуде, құйын тағдыр, тәңір уақыт және т.с.с. Задында, ақын поэтикасына көркемдік-философиялық, тарихи-әлеуметтік, этнолингвистикалық, этнографиялық, полифониялық, мифологиялық құндылықтар тән. Шеберлік пен тапқырлық – поэзиялық сұлулық пен бейнелеулердің қайнар көзі десек, ой мен сөздің зергері Жанат Әскербекқызының жырлары осынау көркемдік шарттарды мінсіз қолдана білгенін көруге болады», деді Серік Негимов.
Ғалым Шәкір Ибраевтың айтуынша, мифтің мазмұны қазіргі адам санасының терең қабаттарымен астасып, әлеуметтік астармен ғана шектелмей, адам болмысының құндылығын, рухани қырларын да қамтиды.
«Миф – жай қайталанатын дайын мотив емес. Ол – ақынның ойы мен сезім дүниесінің жаңа өрісін ашатын, сырлы әлемге айналған күрделі құбылыс. Қазіргі әдебиетте миф феноменологиялық тұрғыдан жаңаша трансформацияға түсіп, адам танымының терең қатпарларын айқындайды. Бұл үдеріс Жанат Әскербекқызының ғылыми ізденісі мен көркем шығармашылығында айқын көрініс табады», деді ғалым.
Конференция аясында мерейтой иесінің өмірінен сыр шертетін бейнебаян ұсынылып, «Құмыр-құс үні», «Көркем мәтіндегі актанттық модель» атты қос кітабы таныстырылды.
Пленарлық отырыстан кейін іс-шара «Қазіргі қазақ поэзиясындағы авторлық қолтаңба: поэтикалық және көркемдік жүйе», «Заманауи әдебиеттанудағы структуралистік-феноменологиялық зерттеулер», «Гуманитарлық ғылымдар тоғысындағы антропология және мифология», «Филологиялық зерттеу бағыттары» тақырыбында төрт секция бойынша жалғасты.
Кешкі бағдарлама Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры сахнасында өткен Жанат Әскербекқызының шығармашылығына арналған поэтикалық-музыкалық қойылымға ұласты. Режиссері – Асхат Маемиров. Ақын өлеңдерімен өрілген спектакль поэтикалық тыныспен толыға түсті. «Ғажайып мекен», «Арғанаты», «Көктүрктер әуені», «Тоныкөктің толғауы», «Баба жұртына оралу»... Өнер мен өлең қабыса бірігіп, тұтас туындыға айналған айшықты көріністей әсер етті.
Театр сахнасында мерейтой иесіне арнап өлеңін оқыған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы поэтикалық қойылымның шығармашылық мазмұны терең екенін атап өтті.
«Поэтикалық-музыкалық қойылымның әсері ғажап болды. Жанаттың поэзия патшалығына кіріп кетіп, содан әлі шыға алмай отырмын. Бұл кеш еліміздегі күн сайын, жыл сайын өтіп жататын жиындардың ешбіріне ұқсамайтын өнер оқиғасы десек, артық айтқаным болмас. Спектакльдің режиссері Асхат Маемировтің елден ерек таланты мен ізденісіне тәнтімін», дейді ақын.
Бұдан бөлек, театр сахнасында ақын өлеңдеріне жазылған «Сен және мен», «Қара гүл», «Сағынып жүрмін», басқа да әндері орындалды.