Саясат • Бүгін, 07:55

Ұлттық рейтинг жүйесі құрылады

20 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елімізде рейтинг агенттігін құру жоспарланып отыр. Аталған ұйым бизнес, банк немесе мемлекеттің сенімділік деңгейін бағалаумен айналысады. Кеше Мәжілістің жалпы отырысында осыған қатысты заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер бірінші оқылымда қаралды. Жиында депутаттар бұдан өзге тағы үш құжатты талқылады.

Ұлттық рейтинг жүйесі құрылады

Қаржы секторы қалай дамиды?

Рейтинг агенттігі қаржылық көр­сеткіштерді, қарыз жүктемесі мен тәуекел факторларын саралап, тиісті тізім жасақтайды. Компаниялардың көрсеткіші неғұрлым жоғары болса, несие алу, не инвестиция тарту мүмкін­дігі соғұрлым арта түседі. Отырыста «Рейтингтік қызмет туралы» заң жобасын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова таныстырды. Оның айтуынша, жаңа заң алғаш рет елдегі кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметін реттеудің құқықтық негізін белгілейді. Құжат 7 тарау, 30 баптан тұрады. Оған ілеспе заң жобасымен 3 кодекс және 18 заңға түзетулер енгізіледі.

– Негізгі мақсат – рейтингті пай­да­ланушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, кредиттік рейтингтік агенттіктер қызметінің ашық­тығы мен тәуелсіздігін қамтама­сыз ету. Құжат негізінде тәуелсіз ұлттық рейтингтік бағалау институты ретінде Қазақстанның рейтингтік агенттігі құрылады. Оның акционерлері Ұлттық банк, халықаралық рейтингтік агенттік және басқа да қаржы ұйымдары болады. Ұлттық банк агенттіктің қаржылық орнықтылығын және қаржы нарығы тарапынан сенімді қамтамасыз етеді. Халықаралық рейтингтік агенттіктер қатарына Standard&Poor’s, Moody’s, Fitch пен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының кемінде бес елі таныған басқа рейтингтік агенттіктер кіреді. Рейтингтік қызметті мемлекеттік бақылау мен қадағалауды енгізу ескерілген, – дей келе М.Әбілқасымова агенттікке халықаралық және шетелдік рейтингтік агенттіктерді тану, мониторингілеу, тануды кері қайтарып алу, рейтингтік қызмет туралы заңнама талаптарының сақталуын бақылау өкілеті берілетінін жеткізді.

Нарыққа кіруге рұқсат беру үшін халықаралық және шетелдік рейтингтік агенттіктерге біліктілік талаптары белгіленеді. Оған кемінде бес жыл қызмет тәжірибесі, меншікті капитал деңгейінің жеткілікті болуы, тексеруден өткен әдіснамасы және институционалдық тәуелсіздігі жатады.

Баяндамашы қазақстандық рейтингтік агенттік үшін жарғылық және меншікті капиталдың ең төменгі мөлшеріне қойылатын талаптар заңға тәуелді деңгейде белгіленетінін айтты. Жарғылық капитал – шамамен 10 млрд теңге. Бұл басқа елдердегі ұлттық рейтингтік агенттіктердің тәжірибесіне сәйкес қарастырылған. 

Назарда – бизнес әлеуеті

Бүгінде елдегі өрісі кеңейіп келе жатқан саланың бірі – қаржы секторы. Мәселен, кейінгі бес жылда акциялар нарығын капиталдандыру 115%-ға ұлғайып, 44,7 трлн теңгеге жеткен. Қор биржасындағы акция шығарылымдарының саны екі есе өсті. Облигациялар нарығының көлемі 16,5%-ға артып, 16,7 трлн теңге болды.

Қазір ел аумағында осы секілді көр­сеткіштерді халықаралық және шетел­дік агенттіктер беріп отыр. Рейтингтерді негізінен қаржы ұйымдары мен ірі бизнес компаниялары алады. Ұлттық рейтингтік жүйені құру шағын және орта бизнеске капитал нарығына шығуды жеңілдетеді. Талқылау барысында депутат Серік Ерубаев елімізде рейтинг қызметін енгізу жергілікті кәсіпкерлердің несие алуына қалай әсер ететіні туралы сұрақ қойды.

– Енді кәсіпкерлер банктен несие алу үшін міндетті түрде ұлттық кредиттік рейтинг алуы керек пе? Бизнес үшін, әсіресе шағын және орта бизнес үшін мұндай рейтингтердің тарифтері қолжетімді бола ма? – деп сұрады депутат.

М.Әбілқасымова банктен несие алу үшін кредиттік рейтинг алу талап етілмейтінін, банктер оны міндетті шарт етіп қоймайтынын айтты.

– Несие бойынша шешімдер бұрынғыдай әртүрлі фактор негізінде қабылданады. Бірақ мұндай рейтинг алған компаниялар үшін шарттар тиімдірек болуы мүмкін. Тарифтің қолжетімділігіне келетін болсақ, рейтинг бойынша ол төменірек болады, себебі шағын және орта бизнес үшін бұл өте маңызды механизмге айналады. Жалпы тарифтер қолжетімді болады, – деп түсіндірді ол.

Мәжілісмен Ерлан Саиров ұлттық агенттіктің жүргізген рейтингі қан­шалықты ашық әрі объективті болатыны, осы агенттікті құруға бөлінген мемлекет қаражатын қайтару тетіктері туралы сұрады. Оған Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев жауап берді.

– Ұлттық банк қандай да бір бизнес саласымен жұмыс істемейді. Бизнес өкілдерімен тікелей сыбайлас емес. Сондықтан біз объективтілікті қамтамасыз етеміз. 10 млрд теңге дивиденттерден, екіншіден, бірнеше жылда салық есебінен қайтарылады, – деді Е.Жамаубаев. 

Ғылым саласындағы экожүйе реттеледі

Сондай-ақ елімізде ғылым қала­шық­тары мен ғылыми-технологиялық парктер құрылады. Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдады.

– Ғылым қалашықтары – ғылымды қажетсінетін технологиялар мен инновацияларды дамытуға жағдай жасалатын елді мекендер болса, ғылыми-технологиялық парктер – жоғары оқу орындары, ғылыми институттар мен өндірісте ғылыми әзірлемелерді енгізген кәсіпорындар базасында құрылады. Бұған қоса заңмен ұжым­дық пайдалануға арналған ғылыми зертханалар инфрақұрылымына қол­жетімділікті қамтамасыз ету тетік­тері енгізіледі. Ұлттық ғылым акаде­мия­сының квазимемлекеттік сектор субъектісі ретіндегі мәртебесі нақты­ланып, оның мүлкін қалыптастыру көздері, қаржыландыру тәртібі және міндеттемелер бойынша жауапкершілігі айқындалады. Сонымен қатар ғылыми жобалар мен бағдарламаларды іске асыру мерзімдерін есептеу тәртібі жетілдірі­леді. Енді біз ұсынған нормаларға сәй­кес, ғылыми жобаның бас­талу мерзімі автоматты түрде қаңтар айынан емес, нақты келісімшарт жасалған күннен бастап белгіленеді, – деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған депутат Асхат Аймағамбетов.

Осылайша, ғылыми және техно­логиялық ресурсты тиімді шоғыр­ландыру, жоғары технологиялық өн­дірісті дамыту және ғылымның инвес­тициялық тартымдылығын арттыру үйлестіріледі.

Ғылым мәселелері бойынша заңға Үкімет ұсынған түзетулер де енгізілді. Олар – дәрілік заттарды тіркеу және қайта тіркеу рәсімдерін оңтайландыру. Оған қоса ұзақ уақыт кома жағдайын­да жатқан азаматтардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ететін нормалар бекітіледі. Мұндай науқастардың туыс­тары олардың атынан мүгедектік тобын белгілеу үшін куәландыруға өтініш бере алады. Бұл тиісті жәрдемақылар мен техникалық оңалту құралдарын алуға мүмкіндік береді.

Мәжіліс қарауына «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» заң жобасы мен іліспе құжат та енгізілді. Заң жобасы Ұлттық патент жүйесін жаһандық жүйеге интеграциялауға, бағалы бастапқы селекциялық материалдарды қолжетімді етуге, отандық селекция және елде тұқым шаруашылығын дамытуға инвестиция тартуға, алынған сорттарды әлемдік нарыққа шығаруға жол ашады. 

Сын шын болуы керек

Күн тәртібіндегі мәселелер қаралғаннан кейін отырыста депутат Абзал Құспан әлеуметтік желіде депутаттарға қарсы айтылған үндеулерге қатысты мәлімдеме жасады. Оның ай-туынша, заңның кей нормалары қоғамға толық жеткізілмей, біржақты ақпарат тарап жатыр.

– Қазір қоғамда кеңінен талқыға түскен үй жануарларына жауапкершілікпен қарау туралы заңда иттерді 5 күнге дейін уақытша ұстау қарастырылған. Егер осы мерзім ішінде иесі табылмаса, әрі қарай тиісті шешім қабылдау тетігі көзделген. Ең маңыздысы – осы мерзімді ұзарту құқығы жергілікті мәслихаттарға беріліп отыр. Өкінішке қарай, бұл ақпарат біржақты тарап жатыр. Яғни факті емес, манипуляция алға шықты. Facebook-те жазылған пікірлердің бірқатарында Жаңбыршин, Пономарев секілді депутаттардың аты аталып, оларға қатысты тікелей зорлық-зомбылық жасауға қатысты үндеулер айтылған. Бұл – жай эмоция емес, құқықтық баға беруді қажет ететін нақты әрекет. Қақтығыс тек депутаттар мен жекелеген азаматтар арасында емес, осы заң жобасын қолдаған, қарсы болған топтардың арасында да қауіпті деңгейге дейін ушығып отыр. Мұндай әрекеттердің құқықтық шегі бар, – деген А.Құспан осындай тақырыптардың айналасында әлеуметтік алауыздықты қоздыратын мәлімдемелердің әдейі көбейетінін, сондықтан қоғамдық талқылау жауапкершілікпен жүргізілуге тиіс екенін жеткізді.

Жиында бірқатар депутат сауал жолдап, отандық ғылыми-техникалық өнертабыстарды жол құрылысында пайдалану, өрт қауіпсіздігі, жер сілкінісі кезінде халық жиналатын орындардың жетіспеушілігі, билер институты, Арал қаласында жаңа емхана салу сынды елдегі өткір мәселелерді ортаға салды.

Мәжілісмен Әбутәліп Мутәлі тау­лы аймақтардағы сел қаупінің алдын алу жөнінде мәселе көтерді. Ол инже­нер­лік қорғанысты қамтамасыз ететін инфрақұрылым жасақтау қарқыны алаңдататынын айтты.

– 2021–2025 жылдар аралығында территориямызда 17 сел оқиғасы тіркелді. Олардың барлығы залалсыз, «минималды әсер» санатында танылды. Ұсыныл­ған деректер жалпыланған ақпарат­­ты қамтиды. Тәуекелдер ықтимал­дығы, елді мекендердің осалдығы немесе өзге болжамдар жасауға қажетті жан-жақты ақпарат жоқ. «Қазақстан Ғарыш Сапары» геоақпараттық қызмет көрсетеді, сондай-ақ жергілікті мониторинг жүйелері іске қосылған. Олардан басқа елде жасанды интеллектіні пайдаланатын толыққанды алдын ала болжау, сенсорлық деректерді сараптама модельдермен біріктіру және үлкен деректер жиынтығын өңдейтін жүйелер жетіспейді, – деді депутат.

Селден қорғауға жүйелі қаржы­ландырудың жетіспеушілігі де анықталған. Кейінгі жылдары мем­лекеттік бағдарламалар мен жобаларға мақсатты бюджеттік қаражат бөлінбеген. Осыған байланысты Ә.Мутәлі Үкіметке сел қауіпсіздігі жөнінен бірыңғай мем­лекеттік бағдарламаны әзірлеп және бекітуді, сел қаупі жоғары аймақтар­да қорғаныс құрылыстарының жеткілік­сіз салыну себептеріне аудит жүр­гізу, төтенше жағдайлар кезіндегі ықти­мал залалдың жаңартылған есебімен қамтамасыз етуді ұсынды.

Соңғы жаңалықтар