Қоғам • Бүгін, 08:05

Жолаушы қауіпсіздігі – жауапты міндет

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаз мезгілімен бірге жолаушылар ағыны арта түсетіні белгілі. Осыған орай «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ алдағы маусымға 2 мыңнан астам жолаушылар вагонын әзірлеп, теміржолдағы қауіпсіздік шараларын күшейтті. Бұл туралы «Burabay Express» электр пойызында өткен медиа-кездесуде айтылды.

Жолаушы қауіпсіздігі – жауапты міндет

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

«Burabay Express» электр пойызында ұйымдастырылған іс-шарада өзекті мәселелердің мән-жайын білікті мамандардан білуге мүмкіндік туды. Әңгіме барысында белгілі болғандай, жазғы тасымалға дайындық 1 сәуірде басталып 31 мамырға дейін жалғасады. Осы кезеңде жөндеу ұйымдары техникалық қызмет көрсетеді. «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның «Қала маңы тасымалдары» филиалы жылжымалы құрамды күтіп ұстау тобының бас менеджері Дулат Сәрсекеевтің айтуынша, компания 2 мыннан астам вагонды пайдалануға береді. Оның 1300-і – стандарт, 700-ден астамы – Talgo, 100-ден астамы – моторвагонды жылжымалы құрам (электр пойызы). Дайындық уақытында «Вагонсервис» АҚ жолаушылар вагонына, «Қамқор Локомотив» ЖШС электр пойыздарына қызмет көрсетеді.

«Әрбір маман өз жұмысын атқарады. Барлық электрлік жабдық тексеріліп, ақаулар түзетіледі. Аккумуляторлар жазғы режімге ауыстырылады. Жүру бөліктері де тексерістен өтеді. Тежеу жүйелері реттеліп, қозғалыс қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Салон мамандары бекітпелерді, терезелерді, жалпы салонның жағдайын жіті қарайды. Кондиционерлеу жүйелері де қайта іске қосылады», деп түсіндірді Д.Сәрсекеев.

 Барлық жұмыс біткен соң комиссиялық тексеріс жүргізіледі. Комиссия құрамына жөндеу ұйымдарының, санитарлық қызмет пен компанияның өкілдері кіреді. Тексерістен кейін дайындық актісі жасалады. Содан соң жөндеу ұйымы жарамдылық туралы кепілдік береді. Бұл рәсімдерсіз вагондар пайдалануға берілмейді екен.

Жылжымалы құрамды жаңарту 2014 жылдан  басталған. Жаңа вагондар елімізде өндіріледі. Біз отырған Астана-Бурабай бағытындағы «Burabay Express» пойызы былтыр пайдалануға берілген. Мұнда жолаушыларға барлық жағдай жасалыпты. Вагондар жайлылық деңгейіне қарай үш санатқа бөлінеді. Бізге бұйырған бірінші санатта орындықтар өте жайлы, интернет қосулы, әр орында телефон қуаттауға болады. Вагонның кіре-берісінде шағын кофе-бар орналасқан. Пойыз бар болғаны 2,5 сағатта Бурабайға жетіп барады.

«Әрбір рейстің алдында кешенді тазалық жұмысы жүргізіледі. Өрт қауіпсіздігі де тексеріледі. Вагонда климаттық бақылау жүйесі орнатылған. Күн салқын болса жылу беріледі, ал керісінше ысыса – іш салқындатылады. Сондай-ақ ақпараттық таблолар, машиниспен байланысу мүмкіндігі бар», дейді Д.Сәрсекеев.

Ең маңыздысы, компанияның алдағы жос­пары – барлық ескі құрамды жаңасына ауыс­тыру. Бұл жоспар 2030 жылға дейін толық іске аспақ.

Жол қауіпсіздігі де – өзекті мәселе. Теміржол үстінде болған жазатайым жағ­дайлар аз емес. «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның «Ма­гистральдік желі дирекциясы» филиалы­ның қауіпсіздік жөніндегі атқарушы директоры Серік Айқынбековтің айтуынша, мұндай оқиғалар жыл сайын болады. Адамдар білместікпен немесе әртүрлі себеппен пойыз астына түсіп, жарақат алады не жан тапсырады.

«Осындай өкінішті жағдайларға жол бермеу мақсатында жыл басынан бері 16 мыңға жуық адамға ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргіздік. Оқу жылы да аяқталуға шақ. Сол себепті балаларға да ерекше көңіл бөлеміз. 1 сәуірден бастап еліміздің барлық өңірінде 40-қа жуық топ құрылып, теміржол бо­йында орналасқан мыңнан астам мектепте түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр», дейді С.Айқынбеков. Маман теміржолдан өтерде арнайы белгіленген орындар – көпірлер мен өткелдерді пайдалану керек екенін ескертеді.

Инфрақұрылым да біршама жетіліп жатыр екен. 2030 жылға дейін 11 мың шақырым теміржолды жаңарту жоспары белгіленіпті. Жыл сайын 1,5 мың шақырым жол жаңарады. Оған түрлі деңгейдегі жөндеу жұмысы кіреді.

«Кейінгі жылдары жол сапасы айтарлық­тай жақсарды. Былтыр 2024 жылмен салыс­тырғанда қауіпсіздік көрсеткіштері шамамен 10%-ға артты. Айына екі рет мобильді диагностикалық кешен жолдарға тексеріс жүргізеді. Соның нәтижесінде былтыр өткен жылға қарағанда оқыс оқиғалар саны 20% азайды. Инфрақұрылым себеп болған апат мүлде тіркелген жоқ. Түрлі бұзушылықтар да 50%-ға дейін қысқарды», дейді С.Айқынбеков.

Темір жол үстіндегі сұхбаттан сала мамандары қарбалас кезеңге жоғары деңгейде да­йын екенін аңғардық. Әсіресе қауіпсіздік пен қызмет сапасына мұқият назар аударылады. Сонда ғана сапар сенімді әрі жайлы болмақ. 

Соңғы жаңалықтар

Бағзыдан жеткен балбал тас

Жәдігер • Бүгін, 09:00

Шашубайдың тамы

Әдебиет • Бүгін, 08:55

Халық мұғалімі

Зерде • Бүгін, 08:52

Парасат биігіндегі ғұмыр

Тұлға • Бүгін, 08:50

«Айқаптағы» Мағжан өлеңдері

Әдебиет • Бүгін, 08:48

Сөз сайысындағы сатира

Мирас • Бүгін, 08:45

Қылқаламдағы қала тынысы

Көрме • Бүгін, 08:43

Құқықтық сауатты арттыратын алаң

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 08:40

Үш айда 32 адам қаза тапты

Қоғам • Бүгін, 08:25