Фото: Ашық дереккөз
Министрдің мәлімдеуінше, биылдан бастап ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа орналастыруға арналған квота саны айтарлықтай артады. Сондай-ақ министрлік биылғы бірінші жартыжылдықтың соңына дейін ұйымдар тізбесін цифрлық есепке алудың жаңа тәсілін әзірлейді.
«Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін цифрлық жұмыспен қамту қызметі енгізіледі, ол жұмысқа орналастырғанға дейін азаматтарды белсенді сүйемелдеу моделіне көшуді қамтамасыз етеді. Осы жылдан бастап біз 17 мыңға жуық мүгедек адамды квотамен қамтуды жоспарлап отырмыз, бұл 2025 жылмен салыстырғанда 2 есе көп», деді ведомство басшысы.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде еңбекке қабілетті 413,7 мың ерекше жанның 110,8 мыңы жұмыспен қамтылған.
Жұмыспен қамтудың ең жоғары көрсеткіші Ұлытау облысы мен Қарағанды өңірінде байқалады. 8,1 мың адам арнайы квота шеңберінде тұрақты жұмыс тапты.
Министрлік өзге кәсіпорындарға үлгі болатын «ТОП-10 әлеуметтік жауапты жұмыс беруші» тізімін де ерекше атап өтті. Бұл компаниялар инклюзияны кеңейтуде мемлекеттің басты серіктестеріне айналып отыр.