Тұлға • Бүгін, 15:40

Ақын аманаты орындалды: Мұхтар Шаханов туған жерінің топырағына жерленді

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысы, Отырар ауданында қалың жұрт көрнекті ақын, ұлт қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шахановпен қоштасты. Ақынның аманатына сай, жаназасы оқылып, туған жерінің топырағына жерленді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақын аманаты орындалды: Мұхтар Шаханов туған жерінің топырағына жерленді

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Қоштасу рәсіміне еліміздің әр өңірінен келген зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, оқырмандар қатысып, ақын рухына тағзым етті. Қаралы жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров сөз сөйлеп, Мұхтар Шахановтың қазақ руханиятындағы орны айрықша екенін атап өтті.

«Қазақ руханияты ауыр қазаға ұшырады. Мұхтар Шаханов – ұлт мүддесін бәрінен биік қойған қайсар тұлға. Ол саналы ғұмырын тіл мен дәстүрді ұлықтауға арнады, поэзияны жаңа биікке көтерді», деді өңір басшысы.

Жиында сондай-ақ Мәжіліс депутаттары мен зиялы қауым өкілдері сөз алып, ақынның азаматтық ұстанымы мен шығармашылық мұрасын ерекше құрметпен еске алды. Ас беріліп, Құран бағышталып, марқұмның рухына дұға жасалды.

Мемлекет басшысы Мұхтар Шахановтың отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады

Мұхтар Шаханов – поэзия арқылы халықтың ар-ожданын, ұлттық намысын асқақтатқан ірі тұлға. Ол қоғамдық өмірде де белсенді болып, Желтоқсан оқиғасы, тіл тағдыры, ұлттық сана мәселелерін батыл көтерді. Әр жылдары КСРО халық депутаты, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін атқарды.

Облыс әкімдігі

Ақынның шығармашылық мұрасы аса бай. Оның туындыларында адамгершілік, махаббат, руханият пен өркениет тағдыры терең көрініс тапқан.

Мұхтар Шахановтың еңбегі жоғары бағаланып, ол «Қазақстанның Еңбек Ері», «Қазақстанның Халық жазушысы», «Қырғыз Республикасының халық ақыны» атақтарына ие болды.

Ақынның артында қалған мол рухани мұрасы мен тағылымды жолы келер ұрпаққа қызмет ете беретіні анық.

Алматыда Мұхтар Шахановты ақтық сапарға шығарып салды

Соңғы жаңалықтар