Президент • Кеше

Президент: Алмағайып кезеңде түркі мемлекеттерінің ауызбіршілікте болуы – өте маңызды

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіндегі сөйлеген сөзінде биыл Ұлыстың ұлы күнінде осы киелі Түркістан жерінде «Qoja Ahmet Yasaui» орденін тағайындау туралы шешім қабылдағанын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент: Алмағайып кезеңде түркі мемлекеттерінің ауызбіршілікте болуы – өте маңызды

Фото: Ақорда

Президент осыған орай тиісті Заң қабылданғанын, арнайы Жарлыққа қол қойғанын тілге тиек етті.

«Бұл күллі түркі дүниесі үшін мән-мағынасы айрықша марапат деп айтуға болады. Сол себепті кеше алғашқы мәртебелі награданы аса құрметті Президент Режеп Тайип Ердоғанға салтанатты түрде табыстадым.

Осылайша, біз түркі руханиятының темірқазығы – Ясауи тұлғасын дәріптей отырып, халықтарымыздың арасындағы мызғымас бауырластық тамырын нығайта береміз деп сенемін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Түркістан – көне мен келешекті тоғыстырған шырайлы шаһар.

«Аймақтың экономикалық әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді. Былтыр облыстың экономикасы 9,3 пайызға өсті, оның көлемі 10 миллиард доллардан асты. Аймаққа 3,5 миллиард доллар инвестиция тартылды», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Алқалы жиынды осында өткізудің мақсаты – атажұртта бауырлас елдердің көшбасшыларымен жүздесу, қайта түлеген Түркістанды төрткүл дүниеге таныту.

«Біз киелі орданың тарихы қандай терең болса, болашағы да сондай жарқын боларына нық сеніммен қараймыз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бүгін Түркістанда Өзбекстанның қолдауымен жаңа зәулім мешіт ашылғанын үлкен ризашылықпен атап өткім келеді.

Ерекше тарту жасағаны үшін Өзбекстан Президенті, аса қадірлі Шавкат Миромонұлы Мирзиёевке және өзбек халқына алғысымды білдіремін.

Елдеріміздің руханиятындағы осы мешіттің орны ерекше болмақ. Бұл – қазақ-өзбек халықтары ынтымағының тарихи символы», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы алмағайып кезеңде түркі мемлекеттерінің ауызбіршілікте болуы – өте маңызды екенін атап өтті. 

«Біз халықаралық геосаяси ахуал аса күрделі және құбылмалы дәуірді бастан өткерудеміз. Әлемдік және аймақтық деңгейдегі бәсеке күшейіп барады. Қарулы қақтығыстар, соғыстар толастар емес. Мұның бәрі әлем экономикасына кері әсер етіп жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Таяу Шығыстағы жағдайдың салдарын көршілес аймақ елдері де сезіне бастады. Осындай алмағайып кезеңде түркі мемлекеттерінің ауызбіршілікте болуы – өте маңызды. Себебі халықтарымызға ортақ сан ғасырлық шежіреміз бар. Қазіргі таңда түркі елдері заман талабын ескеріп, экономика және инвестиция саласындағы ықпалдастықты нығайтуы керек, ортақ мүдде жолында күш жұмылдыруға тиіс деп санаймын», деді Президент.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде сөз сөйлеп, жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынды.

Соңғы жаңалықтар