Фото: Маңғыстау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы
Lada.kz сайтының жазуынша, Қапам ата жартас мешіті Таушық ауылынан солтүстік-батысқа қарай 22 шақырым жерде орналасқан. XIX ғасырға жататын нысан өңірдегі сопылық және дәстүрлі діни тәжірибемен байланысты жерасты ғибадат орны саналады. Мешіт жұмсақ тау жынысын ойып жасау арқылы тұрғызылған.
2025 жылғы 2 шілдеде нысанға тарихи-мәдени сараптама жүргізіліп, оның құнды мұра екені расталған. Сол кезде мешіт бастапқы қалпында болған. Алайда арада жарты жыл өткенде нысанның келбеті түбегейлі өзгергені анықталған.
3 жылға сотталуы мүмкін: ІІМ тарихи ескерткіштерді бүлдіргендерге қатаң ескерту жасады
Белгісіз адамдар жартас қуыстарының бірін кірпішпен жауып, пластик терезе мен есік орнатқан. Вандализм дерегі 2025 жылдың желтоқсанында белгілі болды. Мәдениет басқармасы тарихи ескерткішке елеулі залал келгенін мәлімдеді.
Осыған байланысты Түпқараған ауданы әкімдігі мен полиция бөліміне ресми хат жолданған. Әзірге нысан бұрынғы қалпына келтірілмеген. Заң бойынша қалпына келтіру жұмыстары ескерткішті бүлдірген адамның есебінен жүргізілуі тиіс.
Егер күдікті анықталса, оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 145-бабы бойынша 10 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Бұл – 43 250 теңгеден 865 000 теңгеге дейінгі сома.
Еске салайық, Маңғыстау облысындағы Ыбықты-Сай шатқалына ойып жазу қалдырған шенеунік қызметінен кеткен.