Медицина • Бүгін, 16:57

Медицина саласындағы түйткіл: Емханалардағы кезек қашан қысқарады?

13 мин
оқу үшін

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі енгізілгеніне бірнеше жыл өтті. Жүйенің нәтижесінде халыққа медициналық көмектің қолжетімділігі артып, қымбат тексерулер тегін болуы тиіс еді. Алайда бүгінде емханалардағы ұзын-сонар кезек, жалпы тәжірибелік дәрігерге (ЖТД) бірнеше апта бұрын жазылу, КТ мен МРТ-ға айлап күту секілді мәселелер қоғамдағы ең өзекті тақырыптардың біріне айналды. Осы мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрлігі Egemen.kz тілшісіне ресми түсініктеме берсе, Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова қазіргі жүйедегі негізгі түйткілдерді атады.

Медицина саласындағы түйткіл: Емханалардағы кезек қашан қысқарады?

Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Бір жолдама, бірнеше кабинет

«Мен МӘМС-ке тұрақты түрде ақша төлеймін. Бірақ ауырып қалған кезде мемлекеттік емханада дер кезінде дәрігерге қаралу өте қиын. Бұрын өзіміз қалаған бейінді маманға тікелей жазыла алатынбыз. Қазір бәрін жалпы тәжірибелік дәрігер (ЖТД) арқылы өткізіп қойған. Ал оған жазылудың өзі кейде екі аптаға созылады. Одан кейін ғана бейінді маманға жолдама аласың, тағы күту керек. Кей жағдайда анализдер мен тексерулерге ұзақ кезек болғандықтан, амалсыз ақылы клиникаға жүгінеміз. Сонда «МӘМС-ке ақша төлеп отырсақ, неге бәрібір ақылы емханаға баруға мәжбүрміз?» деген сұрақ туындайды. Әсіресе созылмалы ауруы бар адамдарға қиын. Бір жолдама алу үшін бірнеше кабинетке кіруге тура келеді. Уақыт та, жүйке де кетеді. Damumed арқылы жазылу да әрдайым ыңғайлы емес – кейде бос орын болмайды немес жүйе дұрыс істемейді. Дәрігерлердің өзіне де оңай емес екенін түсінеміз. Бірақ қарапайым пациент үшін ең маңыздысы – уақытында көмек алу. Адам ауырғанда апталап кезек күткісі келмейді. Сондықтан көп адам ақылы медицинаға кетуге мәжбүр болып отыр. МӘМС жүйесі шынымен тиімді жұмыс істеуі үшін халық оның нәтижесін сезінуі керек. Ең алдымен дәрігерге жету жеңілдеп, ұзақ кезек мәселесі шешілуі қажет деп ойлаймын», дейді №8 емханада жалпы тәжірибелік дәрігердің қабылдауына келіп отырған Балым (аты-жөні өзгертілді) әжей.

ЖТД арқылы жолдама беру жүйесі не үшін қажет?

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік емханаларда бейінді маманға тек жалпы тәжірибелік дәрігер арқылы жолдама беру жүйесі медициналық көмекті тиімді ұйымдастыру мақсатында енгізілген. ЖТД пациенттің денсаулық жағдайын кешенді түрде бағалап, нақты қандай тексерулер қажет екенін анықтайды.

«Жалпы практикалық дәрігер пациент маршрутының үйлестірушісі болып саналады. Ол диагнозды клиникалық, зертханалық және аспаптық деректер негізінде қояды. Мұндай тәсіл әртүрлі мамандар тағайындаған емнің сәйкестігін бақылауға мүмкіндік береді», деп мәлімдеді министрлік.

Ведомствоның түсіндіруінше, бұл жүйе қажетсіз тексерулерді азайтып, бейінді мамандардың шамадан тыс жүктелуінің алдын алуға бағытталған.

Qalqan: Жаңа технология МӘМС-ті қалай өзгертеді?

Сонымен бірге кейбір жағдайларда азаматтар бейінді маманға тікелей жүгіне алады. Атап айтқанда:

  • шұғыл жағдайлар мен жарақат кезінде;
  • стоматологиялық көмек алу үшін;
  • дерматовенерологиялық аурулар бойынша;
  • акушер-гинеколог қабылдауына;
  • психолог пен психиатрға;
  • онкологиялық күдік туындаған жағдайда;
  • динамикалық бақылауда тұрған созылмалы аурулар кезінде.

Министрлік онкологияға күдік болғанда «жасыл дәліз» жүйесі жұмыс істейтінін атап өтті. Бұл жағдайда пациент барлық тексеруден кезексіз өтеді.

Жүйе науқастар үшін қолжетімділікті шектеп отыр

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова жалпы тәжірибелік дәрігер арқылы жолдама беру моделі теория жүзінде дұрыс болғанымен, іс жүзінде азаматтарға қосымша қиындық тудырып отырғанын айтады.

гүлдара

«Теорияда бұл дұрыс модель. Бірақ тәжірибеде ЖТД-ге жетудің өзі қиын. Уақыт жоғалады, диагноз кеш қойылады. Әсіресе созылмалы ауруы бар науқастар үшін бұл жүйе қолжетімділікті шектеп отыр», деді депутат.

Оның айтуынша, пациент алдымен ЖТД-ге, кейін бейінді маманға жазылуға мәжбүр. Бұл уақытты созып, емді кешіктіреді.

«Бейінді мамандардың өзі кей жағдайда қосымша анализ тағайындай алмайды. Пациент қайтадан ЖТД-ге жіберіледі. Бұл бюрократияны көбейтеді», дейді Гүлдара Нұрымова.

Кезек неге бірнеше аптаға созылады?

Министрлік норматив бойынша жалпы тәжірибелік дәрігерге жоспарлы қабылдауды күту мерзімі жеті күннен аспауы тиіс екенін хабарлады. Алайда іс жүзінде азаматтар дәрігерге екі-үш апта бұрын жазылуға мәжбүр.

Депутаттың сөзінше, мұның бірнеше себебі бар.

«Бір дәрігерге тіркелген халық саны тым көп. Кей жерде бір ЖТД-ге 1800–2000 адам бекітілген. Оның үстіне дәрігердің уақытының көп бөлігі пациентке емес, есеп пен құжат толтыруға кетеді», деді ол.

Оның пікірінше, қазір дәрігерлердің күйзеліске ұшырауы да үлкен мәселеге айналған.

«Елімізде жыл сайын статистика мәліметтері бойынша жоғары білімді бірнеше мың медицина қызметкері, әсіресе педиатрлар, акушер-гинекологтар мен анестезиолог-реаниматологтар жетіспейді. Сонымен қатар жыл сайын дәрігерлерге қойылатын талаптарың артуы дәрігерлердің күйзеліске ұшырауына алып келеді», деді депутат.

Нұрымова мәселенің басты себебі кадр тапшылығымен ғана байланысты емес екенін айтады.

«Бұл – ең алдымен жүйелік басқару мәселесі. Ресурстар дұрыс жоспарланбайды, пациент ағымы тиімді басқарылмайды, цифрлық жүйелер толық интеграцияланбаған. 2020 жылға дейін мұндай ұзақ кезектер болмаған. Қазіргі жағдайды емдеу мекемелеріне толық қаржы бөлінбеуіне байланысты деуге болады. Бірақ Мемлекет осы мәселелердің бәрін шешуге тырысып жатыр және заңнамалық деңгейде бірқатар бағдарламалар қабылданды.

Кәсіптің беделін арттыру үшін кәсіби жауапкершілікті сақтандыру құралдары мен медицина қызметкерлерін қорғау шаралары енгізіледі. Жақында Мәжілісте студентерді оқыту мерзімі алты жыл, содан кейін бір жыл интернатура болады деген норма қабылданды. Жас түлек толыққанды дәрігер болып жұмыс істей алады, сондай-ақ бұл қадам дәрігерлер тапшылығын шешеді», деді депутат.

Министрлік қолданыстағы норматив бойынша КТ, МРТ, УДЗ, ФГДС секілді қызметтерді күту мерзімі 15 жұмыс күнінен аспауы тиіс екенін мәлімдеді.

Бірақ көптеген өңірде азаматтар мұндай тексерулерге апталап, кейде айлап күтетініне шағымданады.

МӘМС жарнасын жергілікті әкімдік кімдерге төлейді?

Депутаттың айтуынша, мәселені шешу үшін бірнеше нақты қадам қажет:

  • МРТ мен КТ аппараттарын бірнеше ауысымда пайдалану;
  • қажетсіз жолдамаларды қысқарту;
  • әр өңір бойынша күту уақытына KPI енгізу;
  • мемлекеттік тапсырысты жеке клиникаларға көбірек беру.

«Кезексіз медицина болмайды. Бірақ күту апталар емес, күндер деңгейіне түсуі керек», деді ол.

Азаматтар неге ақылы емханаға кетіп жатыр?

Соңғы жылдары азаматтардың ақылы медициналық қызметке жүгінуі айтарлықтай артқан.

Депутат мұны мемлекеттік жүйедегі проблемалардың белгісі деп есептейді.

«Адамдар жылдамдық үшін ақша төлейді. Сенім болмаған жерде азамат ақылы қызметке барады. Бұл мемлекеттік медицинаның бәсекеге қабілеттілігі төмен екенін көрсетеді», дейді Нұрымова.

Оның пікірінше, егер азамат Конституция кепілдік берген базалық қызметтер үшін ақша төлеуге мәжбүр болса, онда жүйеде проблема бар деген сөз.

Сонымен бірге депутат әлемнің көптеген елінде мемлекеттік және жеке медицина қатар жұмыс істейтінін атап өтті.

«Ең бастысы – адам уақытында нақты диагноз қойдырып, сапалы ем ала алуы керек», деді ол.

Министрлік қандай реформалар әзірлеп жатыр?

Министрлік медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін алғашқы медициналық көмекті жаңғырту жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады.

Реформалардың негізгі бағыттары:

  • мейіргерлік қабылдауды кеңейту;
  • мобильді бригадалар жұмысын күшейту;
  • педиатриялық қызметті дамыту;
  • балаларды ерте анықтау орталықтарын ашу;
  • дәрігер қабылдау уақытын ұзарту.

Министрліктің мәліметінше, мейіргерлерге қосымша өкілеттіктер беріледі.

«Мейіргерлер қайталама рецепт жазып бере алады, созылмалы науқастарды бақылауға қатысады, профилактикалық кеңес жүргізеді. Бұл дәрігерлердің жүктемесін азайтады», деп мәлімдеді ведомство.

Сонымен бірге ауылдық жерлерге маман тарту үшін көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй беру бағдарламалары іске асырылып жатыр.

Гүлдара Нұрымова кадр тапшылығын азайту үшін еңбекке ақы төлеудің ашық жүйесін енгізу қажеттігіне тоқталды.

«Дәрігердің табысын жұмыс істеген сағатқа ғана емес (жалақылық бөлігі), емдеудің тиімділігі мен сапасының индекстеріне де байланыстыру қажет.  Жас мамандарды ауылдарға тарту бойынша Атырау облысының тәжірибесін атап өткім келеді. Өңірде әкімшілік ауылға баратын медициналық  дәрігерлерге 10 миллион теңге көлемінде жәрдем береді», деді ол.

МӘМС күткен нәтижені берді ме?

Министрлік МӘМС енгізілгеннен кейін денсаулық сақтау саласын қаржыландыру артқанын атап өтті.

Ведомствоның мәліметінше:

  • медициналық ұйымдар жаңа жабдықтар алды;
  • КТ, МРТ, ПТР секілді қымбат қызметтер сақтандыру аясында тегін қолжетімді болды;
  • цифрлық рентген, эндоскопиялық жүйелер сатып алынды.

Алайда депутаттың пікірінше, бұл өзгерістер халық толық сезінетін деңгейге жеткен жоқ.

«Қаржыландыру өсті. Бірақ қолжетімділік айтарлықтай жақсарған жоқ. Кезек мәселесі шешілмеді. Демек мәселе ақшада емес – ақшаны басқаруда»,  деді Нұрымова.

Ол Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жұмысының ашықтығына қатысты да сұрақ көп екенін айтты.

«Тиімділіктің басты өлшемі – кезектің қысқаруы. Ал халық оны сезіп отырған жоқ», деді депутат.

Депутаттың сөзінше, сақтандырылған азаматтардың өзі медициналық көмекті ұзақ күтуге мәжбүр.

«Жүйе қаржы жинауға бағытталған, бірақ қызметті жеткізу механизмдері әлсіз. Яғни сақтандыру бар, бірақ қызметке қолжетімділік кепілдігі әлсіз», деді ол.

Оның айтуынша, клиникаларға бөлінетін лимиттің шектеулі болуы, маман тапшылығы және бюрократия жағдайды қиындатып отыр.

«Сақтандырылмаған азаматтардың мәселесі бұрынғысынша өткір күйінде қалып отыр. Халықтың басым бөлігі (өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, бейресми сектор) тұрақсыз төлемдер салдарынан сақтандыру жүйесінен тыс қалды, бұл олардың жоспарлы медициналық көмекке қолжетімділігін шектейді.

Анықталған кемшіліктер мен жұртшылық тарапынан жасалған сынға байланысты Қазақстан үкіметі жүйені реформалауға көшті. 2025-2026 жылдардан бастап елімізде азаматтардың базалық емдеуге қолжетімділігін жеңілдету және әкімшілік кедергілерді жою үшін ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) мен МӘМС пакеттерін кезең-кезеңмен біріктіру іске асырылып отыр», деді Гүлдара Нұрымова.

Damumed неге толық нәтиже бермей отыр?

Соңғы жылдары денсаулық сақтау жүйесінде цифрландыру күшейгенімен, азаматтар тарапынан Damumed пен электронды кезек жүйесіне қатысты шағым азаяр емес.

Министрлік бұл жүйелерді жетілдіру жалғасатынын айтты.

МӘМС қаржысын жымқырғандар сотталды

Ал депутат мәселе технологияның өзінде емес деп есептейді.

«Цифрландыру жасалды. Бірақ процестер өзгерген жоқ. Сондықтан нәтиже де әлсіз болып отыр», деді Нұрымова.

Оның айтуынша, медициналық ұйымдардың бәрі бірдей ортақ жүйемен жұмыс істемейді, ақпараттық платформалар арасында толық интеграция жоқ. Сонымен бірге дәрігерлер бірнеше бағдарламаға бір ақпаратты қайта-қайта енгізуге мәжбүр.

Мәселе ақшада емес...

Депутаттың пікірінше, денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі мәселе енді қаржы көлемінде емес, оны тиімді басқаруда болып отыр.

Ол дәрігерді қағазбастылықтан босатып, пациентке бөлінетін уақытты көбейту қажет екенін айтты.

«Сондай-ақ медициналық құжаттама мәселесі бар. Кейде науқастар әр жарты жыл сайын госпитализацияға жатады, мысалы мүгедектік рәсімдеу үшін немесе химиотерапия алатын науқастар жылына бірнеше рет көптеген анализ тапсыруға мәжбүр болады. Госпитализация алдында талап етілетін осы анализдер тізімін қайта қарап, тек ең қажеттілерін ғана қалдыру керек. Клиникалық хаттамаларды да қайта қарап, жеңілдету қажет. Кейбір анализдер базалық міндетті болса, кейбірі тек ұсыныстық сипатта болуы мүмкін. Себебі белгілі бір науқасқа олардың бәрі бірдей қажет бола бермейді. Мысалы, кейбір тексерулердің жарамдылық мерзімі бір ай немесе бірнеше ай болуы мүмкін. Науқастарды көп әуреге салмаумыз керек», деді депутат.

Көріп отырғанымыздай қоғамда МӘМС жүйесіне қатысты сұрақ әлі де көп. Азаматтарды ең алдымен бір мәселе алаңдатады: сақтандыру жарнасын тұрақты төлейтін халық сапалы әрі уақытылы медициналық көмекті қашан толық ала алады?

Соңғы жаңалықтар