Садақ атушы Ильфат Абдуллин Словениядағы «Veronica’s Cup» турнирінде топ жарды. Финалда ол үндістандық Сачин Гуптыға сан соқтырды. Құрамында Әдел Жексенбинова, Роксана Юнусова, Виктория Лян сынды мергендері бар еліміздің құрамасы блоктық садақ атудың командалық сайысында қола медаль иеленді.
Бокстан еліміздің жастар құрамасы Мажарстанда өткен халықаралық турнирді 15 жүлдемен қорытындылады. Тарқатып айтсақ, алты өреніміз алтын тұғырға көтерілді. Алтауы финалда ұтылса, үшеуі қола медаль иеленді. Жарыстың ең үздік бапкері атағы Бақыт Сәрсекбаевқа бұйырды.
Сербиялық Александра Круничпен жұп құрған Анна Данилина «Ролан Гарростағы» тұсаукесер кездесуінде Джессика Малечкова/Мириам Шкохқа (Чехия) шаң қаптырса, екінші айналымда Майя Джойнт (Аустралия)/Хенне Вандевинкель (Бельгия) жұбын жеңді. Одан кейін украиналық Ангелина Калинина/Даяна Ястремскаялардан басым түсті. Сондай-ақ Анна америкалық Джеймс Трэйсимен бірге миксте де табысты өнер көрсетіп, ширек финалға шықты.
Бокстан Алматыда Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовті еске түсіруге арналған халықаралық турнир аяқталды. Оған елімізден бөлек, Өзбекстан, Қытай, Қырығзстан, Тәжікстан құрамалары қатысты. 55 кг салмақта көптен бері көрінбей кеткен Сәкен Бибосынов бас жүлдені олжаласа, +90 келі салмақ дәрежесінде Өзбекстанда туып-өскен қандасымыз Мадияр Саидрақымов қарсылас шыдатпады. Сондай-ақ мына былғары қолғап шеберлері жарыс жеңімпазы атанды: 50 кг – Ернар Карап (Абай), 55 кг 60 кг – Асылжан Серікбай (Шымкент), 65 кг – Абзал Серік (Шымкент), 70 кг – Елнұр Сүйінбай (Жамбыл), 75 кг – Еркебұлан Шәйкенов (Жетісу), 80 кг – Нұрқанат Райыс (Маңғыстау), 85 кг – Бекнұр Батырбек (Армияның орталық спорт клубы), 90 кг – Нұржан Думан (Карағанды).
Еліміздің спорттық гимнасшылары Словенияның Коперінде өткен «Challenge Cup» додасында олжаға кенелді. «Ат» жаттығуында Зейнолла Ыдырысов күміс медаль жеңіп алды. Ол тек хорватиялық Матео Зугестен қалып қойды. Қола жүлдені ұлыбританиялық Джошуа Натан иеленді. Еліміздің тағы бір өкілі, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов жетінші орынды қанағат тұтты.
Жеңіл атлетикадан Гонконгта өтіп жатқан жастардың Азия біріншілігінде (U20) еліміздің құрамасы бес жүлдеге қол жеткізді. Әсіресе Максим Сажнев қуантты. 17 жастағы жас өрен дискіні 60 метр 45 сантиметрлік қашықтыққа лақтырып, бас жүлдені олжалады. Сонымен қатар ол ел рекордын жаңартты. Сырықпен секіруші Анна Черкашина күміспен күптелсе, үш қарғып секіруші Мария Щипачева, ядро лақтырушы Алина Головина, онсайысшы Асқар Өмірзақ қолаға қол созды.
Парижде жастар арасындағы «Ролан Гаррос» турнирі басталды. Алғашқы айналымда Заңғар Нұрланұлы ұлыбританиялық Марк Себанға сан соқтырды – 6:3, 6:4. Дамир Жалғасбай франциялық Янник Александрескуден айласын асыра алмады – 2:6, 3:6.
Дайындаған –
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»