Коллажды жасаған – Гүлмария ӘШІМХАНҚЫЗЫ,«EQ»
Аудан орталығы мен айналасындағы ауылдардың халқы тозған электр желілерінің зардабын әбден тартып бітті. «Үп» еткен жел соғып, жаңбыр сіркіресе болды, өңір қараңғылық құшағында қалады. Аптасына 2-3 мәрте өшеді. Электриктер табиғаттың мінезін бағып, желдің басылғанын, жауынның тоқтағанын күтіп отырады.
«Бұл жағдай халықты әбден қажытты. Мәселе жарықтың өшуінде ғана емес, кернеудің ойнауынан тұрғындардың қымбат тұрмыстық техникалары істен жиі шығады. Мұның шығынын ешкім өтеп бермейді. Жарық өшкен сәтте ұялы байланыс пен интернет те қоса тоқтайды. Сыртқы әлемнен мүлдем ажырап қаламыз. Төтенше жағдай болса, ешкімге хабарласа алмайтын күйге жеттік. Аудан орталығындағы сиқымыз мынау, шалғайдағы ауылдардың тозығы жеткен тоғының жағдайын айтудың өзі қорқынышты. Жауапты мекемелерден нақты іс-әрекет көрмеген соң, халықтың үміті үзіліп барады. ХХІ ғасырда, өркениетті заманда өмір сүріп жатырмыз ба, әлде өткен ғасырға қайта оралдық па? Аудан әкімдігі мен аймақтық электр желілерін басқарушы компанияның бұл мәселені шұғыл түрде қолға алуын талап етеміз. Бізге құрғақ уәде емес, нақты нәтиже керек», дейді Ақтоғай ауданының белсенді тұрғыны Нұрбол Амандық.
Бұл – бір ғана тұрғынның жеке басының мұңы емес, бүкіл аудан халқының талай жылдан бері шешімін таппай келе жатқан жанайқайы. Бүгінде ауылдық жерлерді сапалы әрі үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету – аймақтарды дамытудың ең басты шарты ғана емес, ұлттық қауіпсіздік пен әлеуметтік теңдіктің де басты көрсеткіші.
Мәселенің тамыры тереңде, сонау 1996 жылғы жекешелендірудің аласапыран кезеңінде жатыр. Сол тұста «Жезқазған электр тарату компаниясы» АҚ шығыны шашетектен, есесіне экономикалық табысы аз ауыл шаруашылығы секторы мен шалғайдағы тұрғындардың желілерінен құтылуды, былайша айтқанда, өзінен ысырып тастауды көздеді. Орталық басшылық өндірісі өркендеген ірі кәсіпорындар мен қалалық аймақтарды қарауында қалдырып, өз құрамынан қазіргі «Ақтоғай электр жүйесі» АҚ-ны жеке, дербес мекеме етіп бөліп шығарды. Бұл аздай, жаңа құрылымның мойнына Ақтоғай ауданының төленбеген мүлік қарыздарын, салықтар мен 50-ден астам жұмысшының еңбекақысын қосқанда, жиынтығы 12 млн теңге берешекті іліп жіберді.
Осылайша, жаңа мекеме істі бастамай жатып қаржылық тығырыққа тірелді. Жабдық сатып алу былай тұрсын, ең қарапайым қосалқы бөлшекке қаржы таппады. Оның үстіне, ауылдағы цехтар мен машина-трактор шеберханалары (МТМ) толық тоқтап, ірі өндірістік тұтынушылар жойылған соң, компанияның шығындары мүлдем ақталмады. Сол кездегі Қарағанды облыстық монополияға қарсы ведомствоның есептеуінше, барлық шығынды қосқанда 1 кВт электр энергиясының өзіндік құны 9-10 теңгеге жеткен. Ол уақытта бүкіл елдегі орташа тариф 1-2,5 теңге төңірегінде болғандықтан, мұндай жоғары бағаны ресми бекітуге ешкімнің батылы бармады. Салдарынан «Ақтоғай электр жүйесі» бір жылға жетпей банкротқа ұшырап, оның орнына құрылған «Ақтоғай энергия» мекемесі де қондырғыларды кішірейтіп, үлкендерін сату арқылы тек амалдап, күн көрумен ғана айналысты. Жұмысшылар айлап жалақысыз қалып, желілердегі техникалық шығындар 15%-дан асып кеткен соң, бұл кәсіпорын да өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Сол кезеңде «электр желілерін жергілікті әкімшіліктер өздері қадағалауға тиіс» деген солақай ұғымның кесірінен ауылдар кәсіби кадрлардан толық айырылып, жүйе мүлдем иесіз қалды.
Бұл жүйелік қателіктің зардабы бүгін, арада отыз жылға жуық уақыт өткенде, анық сезіліп, созылмалы дертке айналып отыр. Қазірде өңірдегі бүкіл электр қондырғылары әбден ескіріп, тозып бітті. Халықты жарықсыз қалдырмау мақсатында жергілікті әкімдіктің қолда бар ескі-құсқы жабдықтармен, өз мамандарымен амалдап қана тоқ беріп отырған жайы бар. Мемлекеттік стандартқа сәйкес әр үйге 220 вольт кернеу берілуі керек болса, ауылдарда бұл көрсеткіш өте төмен – 150-160 вольтқа дейін түсіп кеткен. Бұл техникалық дағдарыстың ауқымын Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Ардагер Қапашев келтірген нақты, ресми сандар да айқындап тұр.
«Бүгінде аудан аумағында жалпы ұзындығы 440,7 км болатын электр желілері, оның ішінде 278,3 км – 10 кВ кернеулі электр беру желілері, 162,5 км – 0,4 кВ желілері, сондай-ақ 5 қосалқы станса, 87 кешенді трансформаторлық қосалқы станса бар. Коммуналдық меншікте 223,825 км – 10 кВ желілері, 147,8 км – 0,4 кВ желілері бар. Электр желілері шаруашылығына жататын нысандардың жалпы саны – 205, құрал-жабдықтардың тозу деңгейі шамамен 80-90%-ды құрайды. Мұндай ескірген инфрақұрылымды жергілікті бюджеттің күшімен ғана ұстап тұру немесе жөндеу мүмкін емес», дейді Ардагер Ермекбайұлы.
Ақтоғай ауданы электр саласының мәселесін жақсы білетін ардагер электрик, Қазақстанның құрметті энергетигі Әуелбек Қапасов бұл түйткілдің саяси-экономикалық астарын ашып, шешудің жалғыз жолын атап көрсетті.
«Осы салада көпжылдық жұмыс тәжірибем бар маман ретінде айтарым: егер ауылдық қондырғыларды ірі, қалыптасқан электр тарату компанияларының қарамағына өткізбесе, бұл желілердің ешқандай келешегі жоқ. Желілердің тартылғанына 50-60 жылдан асты, әбден тозған, ресурс мерзімі баяғыда біткен. Мемлекет тарапынан ірі компанияларға инвестиция бөлгізіп, ауыл желілерін толық жаңартқанда ғана мәселе түбегейлі шешіледі. Қазірде ірі компаниялардың (ЖЭК, КЭК, т.б.) жабдықтары мемлекет қолдауымен жаңарып жатыр. Ал ауылдық жерлер әлі де сол баяғы ескі күйінде қалып отыр. Бұл – әлеуметтік теңсіздік», деп күйінеді ардагер маман.
Жергілікті билік бүгінде иесіз қалған қондырғыларды заңдастырып, сот арқылы коммуналдық меншікке өткізу құжаттарын әзірлеп жатыр. «Электр энергетикасы туралы» заңның 13-бабы 1-1 тармағына сәйкес желі иелері өз мүлкін энергия беруші ұйымдарға заң аясында өткізуге немесе сенімгерлік басқаруға беруге толық құқылы. Осы заң нормасына сүйенген әкімдік мәселені шешудің ең тиімді жолы – ауданның барлық электр желісін «ЖезРЭК» ЖШС балансына беру деп есептейді.
«Мәселені шешудің тиімді жолы – ауданның барлық электр желісін «ЖезРЭК» ЖШС балансына беру. Қазір 10 кВ, 0,4 кВ желілерін өлшеу, техникалық түгендеу жұмысы толық аяқталды. Ендігі кезекте жер телімдері түгенделіп жатыр, одан кейін нысандардың кадастрлық паспорттары әзірленеді. Құжаттар толық рәсімделгеннен кейін барлық нысан аталған ұйымның балансына беріледі», деп нақтылады А.Қапашев.
Мәселенің екінші тарабы – «ЖезРЭК» компаниясы да жауапкершіліктен қашып отырған жоқ, мәселені оңтайлы шешуге мүдделі. «ЖезРЭК» компаниясы бас директорының орынбасары Анатолий Харитонов егер құжаттары заң аясында толық реттеліп болса, Ақтоғайдың жарығы кәсіпорын балансына өтіп, жоспар бекітіліп, жұмыс жүйеленеді деп сендірді.
Демек, мәселенің түйіні белгілі, шешілу механизмі де дайын, тек заңдық құжаттарды жеделдету қажет. Бүгінде тұрғындар иесі жоқ желі арқылы Жезқазғанның жоғары тарифімен амалдап ақша төлеп отырғандықтан, бұл мәселені созбалаңға салуға уақыт мүлде жоқ. Атқарушы билік пен ірі монополист компания құжаттық кедергілерді тезірек еңсеріп, нақты іске көшкенде ғана Ақтоғайдың шамдары жарқырап, ауыл халқы қараңғылық құрсауынан құтылады. «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидасының өміршеңдігі дәл осындай шалғай ауылдардағы шам жарығымен, халықтың тұрмыс сапасымен өлшенетінін ұмытпаған жөн.
Қарағанды облысы,
Ақтоғай ауданы