Қоғам • Бүгін, 08:41

Солтүстік Қазақстан облысында бес мыңға жуық маман жетіспейді

3 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында алдағы жылдары еңбек нарығындағы кадр тапшылығы өткір мәселеге айналуы мүмкін. Өңірлік «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалы жүргізген зерттеу нәтижесі бойынша 2026–2028 жылдары облыс кәсіпорындарына шамамен 5 мыңға жуық маман, жұмысшы және қызметкер қажет болады.

Солтүстік Қазақстан облысында бес мыңға жуық маман жетіспейді

Зерттеу кәсіпкерлер мен мекемелер арасында жүргізілген сауалнама негізінде әзірленген. Палата өкілдерінің айтуынша, сауалнама 2 ақпан мен 20 нау­рыз аралығында өткен. Оған өңірдегі 1471 кәсіпорын мен ұйым қатысқан. Соның 827-сі – жеке кәсіпкер, 644-і – заңды тұлға.

Сауалнамаға негізінен шағын бизнес субъектілері қамтылған. Атап айтқанда, 10 адамға дейін жұмыскері бар 917 ұйым зерттелсе, 10-нан 99 адамға дейін қызметкері бар 443 компания және

100-ден 249 адамға дейін еңбек ететін 88 орта кәсіпорын сауалнамаға қатыстырылған. Бұдан бөлек, 250-ден астам адамды жұ­мыспен қамтып отырған 23 ірі кәсіп­орынның да кадрлық ахуалы сараланған.

Салалық тұрғыдан алғанда зерттеу ауыл шаруашылығы, сауда, қызмет көрсету, білім, көлік және өңдеу өнер­кәсібін қамтыған. Оның ішінде 444 ауыл шаруашылығы кәсіпорны, 281 сау­да нысаны және 110 қызмет көрсету ұйымы зерделенді. Сонымен қатар білім саласындағы 102 мекеме, көлік саласындағы 93 ұйым және 79 өңдеу кәсіпорнының кадрлық қажеттілігі қарастырылған.

Сауалнама қорытындысын жария­­­­­­ла­ған өңірлік кәсіпкерлер пала­тасының директоры Есжан Оразалиннің айтуынша, алдағы үш жылда облыс бойынша нақты 4894 маман жетіспейді.

«Кадр тапшылығы әсіресе Петро­павл қаласында айқын байқалады. Жал­пы қажеттіліктің 64 пайызы немесе 3152 маман облыс орталығына тиесілі. Аудандар бойынша Есіл ауданында – 244, Аққайыңда – 229, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда – 183, ал Тимирязев ауданында 177 маман қажет»,  деді ол.

Сондай-ақ экономикалық қызмет түрлері бойынша мемлекеттік басқару са­ласында да кадр жетіспеушілігі бай­алған. Бұл бағытта 1114 маман қажет екені анықталған.

Өндіріс салалары арасында ауыл шаруашылығында 822 бос жұмыс орны тіркелсе, сауда саласында – 509, өңдеу секторында 416 вакансия бар.

Зерттеу нәтижесі өңірде ең көп сұранысқа ие мамандықтарды да айқындады. Қазіргі таңда кәсіпорындар мен мекемелерге 330 аспаз, 220 электрмонтер, 178 логопед, 163 автослесарь және 132 тракторист-машинист қажет.

Бұдан бөлек, инженер-механиктер, медбикелер мен денешынықтыру пәнінің мұғалімдеріне сұраныс жоғары. Әсіресе кәсіби-техникалық білімі бар мамандар тапшы. Бүгінде мұндай кадрларға арналған 2862 бос жұмыс орны бар.

Кәсіпкерлер палатасының мәліметін­ше, сауалнама қорытындылары тиіс­ті мемлекеттік органдарға жолданып, оқу орындарының білім бағ­дарламалары мен гранттар санын нақты еңбек нарығының сұранысына бейімдеу кезінде ескерілмек. Бұл өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждердің маман даярлау жүйесін экономиканың нақты қажеттілігіне сәйкестендіруге мүмкіндік береді деген үміт бар.

 

Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар