Коллажды жасаған – Гүлмария ӘШІМХАНҚЫЗЫ ,«EQ»
Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Баян Тоқтарованың айтуынша, елімізде жыл сайын мұрагерлікке қатысты шамамен 7 мың азаматтық іс қаралады. Оның басым бөлігі мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіруге байланысты. Сондықтан да Жоғарғы сот мұрагерлік туралы заңнаманы қолдану тәртібін қайта қарап, жаңа нормативтік қаулы қабылдады. Құжатта мұраның ашылу уақытын анықтаудан бастап, мұраны қабылдау мерзімі, мұрагерлердің құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ тәжірибеде жиі кездесетін даулы мәселелерге дейін егжей-тегжей түсіндірілген. Мысалы, Жамбыл облысында мұрагерлік рәсімдеу кезінде жекешелендіру туралы келісімшартта кеткен қате азаматты сотқа жүгінуге мәжбүр етті. Шу қаласындағы пәтер 1992 жылы жекешелендірілгенімен, құжатта жекешелендіруге қатысушылар туралы мәлімет көрсетілмеген. Салдарынан нотариус мұрагерлік рәсімді аяқтай алмаған. Сот барысында талап қоюшының пәтерге жалғыз мұрагер екені анықталып, басқа үміткерлердің жоқтығы расталды. Нәтижесінде, сот азаматты жекешелендіруге қатысқан жалғыз тұлға деп танып, оның мұрагерлік құқығын рәсімдеуге мүмкіндік берді.
Мұрагерлік мәселесінде көпшілік біле бермейтін тағы бір түйткіл – қайтыс болған адамның несиесі. Жақында әлеуметтік желіде тараған жазбада бір отбасы марқұм туысының көлемді несиесін өтеуге мәжбүр болғанын баяндаған.
«Сіңілімнің көзі тірісінде алған несиелері әкем мен шешемнің атына аударылды. Еуразиялық банктен үй жөндеу үшін алған 2,6 млн теңге несиесінің екі жылын өзі төлеген. Бірақ төлемдердің бәрі негізінен пайыздарды жабуға кеткендіктен негізгі қарыз сол күйі қалған. Бүгін анам екеуміз банкке барып, 2,6 млн теңгені толық төлеп жаптық. Сақтандыру рәсімделмеген екен. Ал сақтандыру болған жағдайда қарызды сақтандыру компаниясы өтейтін еді. Адам аяқ астынан өмірден өтемін деп ойламайды ғой», деп жазған автор.
Осы мәселеге бейжай қарамай «Қаржылық сауат» телеграм-арнасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хабарлап, сауал жолдаған. Агенттік жауабында қазіргі кезде несиені міндетті сақтандыру тетігін енгізу қарастырылмағанын мәлімдеді. Өйткені Азаматтық кодекстің 806-бабына сәйкес азаматты өз өмірін сақтандыруға міндеттеуге болмайды. Сақтандыру тек ерікті түрде жүзеге асырылады.
«Банктерге қайтыс болған адамның қарызын толық немесе ішінара есептен шығаруды міндеттейтін талап енгізу жос-парда жоқ. Әрбір қаржы ұйымы мұндай жағдайларды өз ішкі саясатына сәйкес және мұрагердің жағдайын ескере отырып жеке қарайды. Мұраны қабылдау үшін берілетін 6 айлық мерзім ішінде пайыздар мен өсімпұлдарды есептеуді тоқтатуды міндеттейтін нақты норма заңнамада жоқ. Сондықтан бұл мәселе де банктің шешіміне байланысты. Кейбір банктер жеңілдік жасап, есептеуді тоқтатса, енді бірі қарызды толық көлемде өндіріп алуы мүмкін», делінген жауапта.
Осыған байланысты агенттік банктердің мұндай жағдайларда бірыңғай саясат ұстанбайтынын растады. Мұрагерлер қарызды реттеу үшін банкке жүгініп, келіссөз жүргізуге мәжбүр болады. Дегенмен заң мұрагерлерді толық көлемдегі жауапкершілікке жүктемейді. Олар марқұмның қарызын өздеріне мұра ретінде өткен мүліктің құны шегінде ғана өтеуге міндетті. Бұл туралы заңгер Алмаз Отаровтан анықтап сұрадық.
Заңгердің сөзінше, мұрагерлік туралы әңгіме қозғалғанда көпшілік, ең алдымен, үй, пәтер, жер немесе банктегі ақшаны елестетеді. Шын мәнінде, мұра – тек мүлік емес. Оның құрамына марқұмның өмір бойы жинаған қаржылық міндеттемелері де кіреді. Сондықтан мұрагер болу дегеніміз байлыққа ғана емес, белгілі бір жауапкершілікке де ие болу деген сөз. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 1 040-бабына сәйкес мұрагерге марқұмның мүлкімен қатар кейбір міндеттемелері де өтеді.
«Егер азаматтың атында пәтер, көлік немесе депозит болса, мұрагер соған иелік етеді. Алайда төленбеген несие, коммуналдық қарыз немесе басқа да қаржылық міндеттемелері болса, олар да мұра құрамына кіреді. Кейін нотариуста рәсімдеу кезінде немесе банкпен есеп айырысқанда туындайтын мәселелердің көбі осыны ескермеуден болады. Мәселен, адамнан 20 млн теңгеге бағаланатын пәтер қалып, оның берешегі 15 млн теңге болса, мұрагер қарызды толық өтейді. Ал қарыз көлемі 25 млн теңге болса, ол тек пәтердің құны шегінде, яғни 20 млн теңгеге дейін ғана жауап береді. Қалған 5 млн теңге өндірілмейді. Сол сияқты азамат 5 млн теңге несие алып, артында 3 млн теңгелік көлік қалдырса, мұрагер көлікті қабылдаған жағдайда тек 3 млн теңге көлеміндегі қарызды өтейді. Егер марқұмның ешқандай мүлкі болмаса, мұрагерлер де ештеңе төлемейді. Сонымен бірге барлық міндеттеме мұрагерге өте бермейді. Мысалы, алимент төлеу міндеті, моральдық зиянды өтеу сияқты адамның жеке басына байланысты міндеттемелер оның қайтыс болуымен бірге тоқтатылады және мұрагерге жүктелмейді», дейді А.Отаров.
Демек, азаматтар жиі жіберетін қателіктің бірі – мұраны бөліп қабылдауға болады деп ойлау. Кейбір адамдар «маған пәтері мен депозиті керек, ал қарызы қажет емес» деп ойлайды. Бірақ заң аясында мұра бөлшектенбейді. Егер мұра құрамындағы қарыз көлемі тым көп болса немесе мұрагер жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмесе, мұрадан толық бас тартуға құқылы. Заңгердің зерделеуінше, мұрагерлік мәселесінде кепілгер мен кепілзат институтының да маңызы зор. Егер несие рәсімделген кезде кепілгер көрсетілген болса, банк қарызды сол тұлғадан өндіріп алуға құқылы. Ал кепілмен берілген несие бойынша қаржы ұйымы кепілге қойылған мүлікті сатуға құқылы.
«Мәселен, азамат автокөлік сатып алу үшін несие алып, інісін кепілгер ретінде көрсеткен делік. Егер несие алушы қайтыс болса, банк кепілгерден қарызды өтеуді талап ете алады. Сол сияқты несие алу кезінде үй немесе басқа мүлік кепілге қойылса, банк оны сатып, қарызды жабуға құқылы. Жалпы, есте сақтайық, қарыз тек белгілі бір жағдайда ғана жойылады. Егер марқұмның артында ешқандай мүлкі қалмаса, мұрагерлері мұраны қабылдамаса, кепілгер болмаса және кепілге қойылған мүлік те жоқ болса, онда қарызды өндіретін тұлға болмайды. Мұндай жағдайда берешек іс жүзінде тоқтатылады. Ал несие сақтандырумен рәсімделген болса, қарызды сақтандыру компаниясы өтейді. Сол себепті тәуекелдерді азайту үшін несие рәсімдеу кезінде сақтандыру мәселесіне де назар аудару керек. Өйткені күтпеген жағдай орын алғанда сақтандыру қарызды өтеуге көмектесіп, қаржылық ауыртпалықтың мұрагерлерге жүктелуіне жол бермеуі мүмкін», дейді заңгер.
Жалпы, мұрагерлікке қатысты дау-дамайдың көбі заңның күрделілігінен емес, қарапайым талаптарды елемеуден туындайды. Сондықтан бұл мәселені «кейін қараймын» деп кейінге ысыра салу кейде жылдарға созылған сот дауына ұласып жатады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылық департаменті Қаржылық сауаттылықты арттыру департаментінің бас маманы Ғаділбек Әкімнің айтуынша, мұрагерлер, ең алдымен алты айлық мерзімнің маңызын ұмытпауы керек.
«Тәжірибеде азаматтардың жиі жіберетін қателігі – қайтыс болған адамның үйінде тұрып немесе мүлкін пайдаланып жүрген соң ол дүние автоматты түрде өз атыма өтеді деп ойлауы. Бірақ заңда мұндай ұғым жоқ. Нотариус арқылы рәсімделмеген мүлікке меншік құқығы да болмайды. Кейін басқа мұрагерлер пайда болып, мәселе сотқа дейін жетуі мүмкін. Сондай-ақ кейбір азаматтар банк шоттары, депозиттер немесе жер телімдері туралы мәліметтерді көрсетпеуге тырысады. Алайда мұндай әрекет кейін күрделі дауға себеп болады. Нотариустың мемлекеттік дерекқорлардан ақпарат сұратуға құқығы бар екенін де естен шығармаған жөн», дейді маман.
Сарапшының сөзінше, алты айлық мерзім өтіп кеткен жағдайда да мәселені шешудің жолы бар. Егер қалған мұрагерлер қарсы болмаса, олар жаңа мұрагердің мұраны қабылдағанын жазбаша түрде растай алады. Ал келісімге келу мүмкін болмаса, мәселе сот арқылы қаралады. Бұл ретте сот мерзімнің қандай себеппен өткізіліп алғанын бағалап, шешім шығарады.
Дамыған елдердің тәжірибесіне көз жүгіртсек, мұрагерлік дауларын азайтудың басты тетігі – құқықтық мәдениет пен алдын ала жоспарлау. Мысалы, Еуропаның бірқатар мемлекетінде азаматтар өсиет қалдыруды қалыпты тәжірибе санайды, ал банктер мен мемлекеттік органдар мұрагерлік рәсімдерді цифрландыру арқылы құжат айналымын жеңілдеткен. Соның арқасында мұраны қабылдау мерзімін өткізіп алу немесе мүлікті анықтау сияқты мәселелер сирек кездеседі. Елімізде бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Дегенмен ең бастысы – заңды білу ғана емес, оны уақытында қолдану.