Фото: Ашық дереккөз
Төрт аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 67%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа көрсеткіш – 64 балды құрады. Ең жоғары нәтиже – 140 балл. Бұл көрсеткішке Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир ие болды.
Ұлттық тестілеу орталығы ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлерге қолайлы жағдай жасауға басымдық беріп келеді. Биылғы тестілеуге осындай санаттағы 556 талапкер қатысты.
Тестілеу аяқталғаннан кейін талапкерлерге тапсырмалардың мазмұнына қатысты 30 минут ішінде апелляция беру мүмкіндігі қарастырылған. Ал техникалық ақауларға байланысты шағымдар тестілеу барысында қабылданады. Сертификаттар апелляциялық өтініштер толық қаралған соң талапкерлердің жеке кабинеттеріне жіберіледі.
Төрт апта ішінде ҰБТ ережелерін бұзудың 391 дерегі тіркелді. Оның ішінде 246 талапкер смартфон, смарт көзілдірік, микроқұлаққап, шпаргалка секілді тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 145 адам тестілеу кезінде тәртіп бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Биыл өзге адамның орнына тест тапсыру фактілері анықталған жоқ.
ҰБТ кезінде жарық өшіп қалса, түлектердің нәтижесі қалай бағаланады? Министр жауап берді
ҰБТ аяқталғаннан кейін биылғы жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға қосымша талдау жүргізіледі. Егер бейнебақылау барысында тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ереже бұзушылықтар анықталса, талапкерлердің нәтижелері күшін жояды.
Биыл негізгі ҰБТ-ға қатысу үшін екі мүмкіндік ескеріліп, шамамен 240 мың талапкерден 446 мыңнан астам өтініш қабылданған.
Еске сала кетейік, 10 мамырда Қазақстанда негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) басталды. Биылғы сынақ 10 шілдеге дейін жалғасады.
Жанбота БАХЫТБЕК,
ЕҰУ студенті