Өндіріс • Бүгін, 08:00

Титан өндірісін өрістету талқыланды

2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ ди­рек­торлар кеңесінің төрағасы Сильван Гелермен кездесті. Жүздесу барысында кәсіп­­орын­ның орнықты дамуы, инвести­циялық жобаларды жүзеге асыру мен еліміз­дің жаһандық титан нарығындағы ұстанымын одан әрі нығайту мәселесі қаралды.

Титан өндірісін өрістету талқыланды

«Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ – шикізат өндіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қамтитын әлемдегі ең ірі тігінен интеграцияланған титан өндірушілердің бірі. 2025 жылдың қорытындысында шамамен 87 млрд теңгеге 12 мың тонна титан сатылды. Биыл титан құймалары мен қорытпалары өндірісі 7%-ға өспек. Кәсіпорын өнімдері аэроғарыш саласында, мұнай-химия және атом өнеркәсібінде, медицина мен кеме жасау өндірісінде қолданылады. Отандық титанның аэроғарыш саласының жаһандық нарығындағы үлесі шамамен 20%-ды құрайды. Өскемен титан-магний комбинаты – «Boeing», «Airbus», «Safran», «Rolls-Royce», «TIMET», «Howmet Aerospace», «Dynamet», «PCC» және «POSCO» сияқты жетекші халықаралық өнеркәсіптік корпорациялардың бекітілген жеткізушісі.

ӨТМК-нің 2033 жылға дейінгі инвести­ция­лық бағдарламасына назар аударылды. Оған жалпы сомасы 255,5 млрд теңге болатын 25 жоба кіреді. Олардың ішінде, кәсіп­орынның жобалық қуатын жылына 10 мың тоннаға ұлғайта отырып, кеуекті титан өндіру бойынша жаңа цех салу, газ тазарту жабдығын жаңғырту, бірыңғай өнер­кәсіптік MES-жүйесін енгізу, сондай-ақ өндірістік деректерді, энергияны тұты­ну­ды, технологиялық бақылауды және өнеркәсіптік қауіпсіздікті талдау үшін жасанды интеллекті мен талдау платформа­сын іске қосу бар. Осы жобаларды жүзеге асыру өнімнің өзіндік құнын төмендетуге, энергия тиімділігін арттыруға және кәсіпорынның өндірістік қуатын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Бұған қоса шикізат базасын қамтамасыз ету, халықаралық өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, экспорттық әлеуетті сақтау және сыртқы нарықтарда титан өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері қаралды.

Олжас Бектенов ӨТМК-ні дамыту Мем­лекет басшысының өңдеу өнеркәсібін нығай­ту, жоғары қайта бөлу өнімдерін шыға­ру және Қазақстанды жаһандық өнді­ріс­тік тізбектерге енгізу бойынша қойған міндеттеріне сәйкес келетінін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар