- Еліміздің ұлттық құрамасы мен Грозныйдың «Ахмад» клубы сапында өнер көрсететін Максим Самородов Ресей Премьер-лигасындағы ең құнды футболшылардың ТОП-ондығына енді. 23 жастағы ақтөбелік шабуылшы 3,5–4,1 млн еуроға бағаланып отыр. Ең құнды ойыншылардың тізімі мынадай: Алексей Батраков («Локомотив», Москва) – 29–33 млн, Педро Энрике («Зенит») – 28–32 млн, Матвей Кисляк (ЦСКА) – 27–31 млн, Эдуард Сперцян («Краснодар») – 15-18 млн, Константин Тюкавин («Динамо», Мәскеу) – 15–18 млн, Манфред Угальде («Спартак») – 9–11 млн, Велдин Ходжа («Рубин») – 5,2–6,1 млн, Дмитрий Пестряков («Акрон») – 5,2–6 млн, Браян Хиль («Балтика») – 4,3–5 млн еуро.
- Футболдан еліміздің әйелдер құрамасы 2027 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінің алғашқы кезеңінен сүрінбей өтті. С6 тобында сайысқа түскен қыздарымыз жеті ұпай жинап, екінші орынға табан тіреді. Көш басында – Беларусь. Армения үшінші орынды қанағат тұтты. Сөйтіп, еліміздің аяқдоп шеберлері плей-офф кезеңіне шықты. Енді кіммен кездесетініміз 18 маусымда Ньонда өтетін жеребе тарту рәсімінен кейін белгілі болады.
- 19 жастағы еліміздің дарынды үстел теннисшісі, бес дүркін ел чемпионы, бірқатар халықаралық жарыстың жеңімпазы, жүлдегері Алан Құрманғалиев Францияның «Аннебон» клубымен келсімшартқа отырды. Аталған команда өз мемлекетінің ішкі біріншілігінде бес мәрте бас жүлде олжалап, Еуропа кубогін екі рет жеңіп алған.
- 19–24 маусым аралығында Нью-Делиде (Үндістан) семсерлесуден Азия чемпионатының жалауы желбірейді. Жарыста еліміздің намысын мына спортшылар қорғайды: Руслан Құрбанов, Ерлік Сертай, Никита Жулинский, Кирилл Проходов, Владислава Андреева, Ирина Бакалдина, София Николайчук, Дарья Самоделкина (шпага), Артём Саркисян, Бақдәулет Құралбекұлы, Жанат Нәбиев, Назарбай Саттархан, Әйгерім Сарыбай, Карина Доспай, Қайша Жаныбек, Анастасия Гулик (қылыш), Темірлан Қалиев, Ғалым Нұрымов, Тимофей Семенов, София Ақтаева, Алёна Гноева, Алина Искандерова (рапира).
- Штутгарт (Германия) қаласында шымылдығы түрілген АТР турнирінің тұсаукесер кездесуінде Александр Бублик жергілікті Ян-Леннард Штруфпен шеберлік байқасты. Дәл осы теннисшіден жерлесіміз жиі жеңіліп жүр. Күні кеше ғана Парижде өткен «Ролан Гарростың» алғашқы айналымында Ян Александрдан айласын асырған еді. Бұл жолы Бубликтің бағы жанды – 7:6, 3:6, 6:2.