Сараптама • Кеше

Trade-in тұтынушыға тиімді тетік пе?

9 мин
оқу үшін

Қытайдан келетін көліктердің көбеюі нарықтағы бәсекені күшейтіп, ескі автокөліктердің бағасына да әсер ете бастады. Бұрын қолданыстағы көлігін тез әрі тиімді бағаға сата алатындар қазір айлап, тіпті жылдап сатып алушы іздеуге мәжбүр. Осындай жағдайда телефон ауыстырғандай көлікті де trade-in жүйесі арқылы жаңартатындар көбейіп келеді. Яғни ескі көлігін автосалонға өткізіп, үстінен қаражат қосып жаңасын міну үрдісі кең тарала бастады.

Trade-in тұтынушыға тиімді тетік пе?

Жалпы trade-in тек автокөлікпен шектелмейді. Бұл тәсіл арқылы тұрғындар ескі смартфонын, тұрмыстық техникасын, тіпті пәтерін өткізіп, жаңа мүлікке қол жеткізе алады. Алайда мұндай қолайлылықтың да өз құны бар. Мәселен, ескі мүлік нарық бағасынан төмен бағалануы мүмкін. Ендеше trade-in жүйесі кімге тиімді – уақытын бағалайтын тұтынушыға ма, әлде қосымша табыс табатын компанияға ма?

Ипотека сарапшысы Қамбар Фархатұлының айтуына қарағанда, жылжымайтын мүлік нарығындағы trade-in әзірге жаппай қолданысқа енген жоқ, алайда оған қызығушылық жыл сайын өсіп келеді.

«Бұл тәсіл құрылыс компаниялары арасында бәсеке жоғары, неғұрлым мәміле көп жасалатын Астана мен Алматы қалаларында белсенді қолданылады. Қазірдің өзінде ірі компаниялардың өзі клиенттерге әуреге түспей-ақ ескі пәтерін жаңаға ауыстыру мүмкіндігін ұсынып жатыр. Меніңше, нарық біртіндеп тұрғын үй сатып алу үдерісін жеңілдету жағына көшіп жатыр. Trade-in – осындай шешімнің бірі», дейді сарапшы.

Автосарапшы Артур Мискарян да автокөлік нарығындағы trade-in мәмілелер саны бірте-бірте өсіп келе жатқанын айтады. Дегенмен, әлі де болса бұл сегменттің даму әлеуеті кеңірек. Оның сөзінше, trade-in үлесі автокөліктің бренді мен тұтынушының қандай да бір маркаға деген адалдығына байланысты.

«Бұл тәсілдің тиімді тұсы – жүрілген көлікті жаңаға ауыстыру жылдамдығы, ескі көлікті сату кезіндегі мәміленің қауіпсіздігі, сондай-ақ бәрінен бұрын жаңа автокөлік алудың бірегей шарттары», дейді ол.

Ал сауда және инвестиция сарапшысы, «TradeReport» Telegram-арнасының авторы Ернар Серіктің сөзінше, елімізде аталған нарық белсенді қалыптасу сатысында тұр. Егер дамыған елдерде trade-in жүйесі автокөлік, электроника, тұрғын үй нарығының ажырамас бөлігіне айналған болса, елімізде ол әлі де активтерді тиімді айырбастаудың дербес құралы ретінде емес, қосымша сервис ретінде қарастырылады.

м

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Бізде келешегі зор әрі қазірдің өзінде ең дамыған сегмент – автокөлік нарығы. Бұл жерде trade-in ыңғайлы нарық тетігі ретінде шынымен жұмыс істейді. Өзім былтыр қыркүйек айында көлігімді trade-in арқылы өткізіп, бірнеше сағат ішінде мәміленің айтарлықтай бөлігін рәсімдедім. Ал бір күннің ішінде жаңа автокөлікті алып шықтым. Яғни бұл – активті өз бетінше ұзақ уақыт сатпай-ақ, оны жедел жаңартудың ыңғайлы жолы», дейді сарапшы.

Оның айтуынша, смартфон, тұрмыстық техника, үй тауарлары сегментінде жағдай сәл өзгеше. Мұнда trade-in көбіне классикалық айырбас құралы емес, ескі тауарды өткізіп, жаңасына жеңілдік алу бағдарламасы ретінде жұмыс істейді. Мәселен, кейбір компаниялар ескі техниканы қабылдап, жаңа өнімге 50–70 пайызға дейін жеңілдік ұсынады. Сондықтан бұл жүйе ескі активтің нарықтық құнын бағалаудан гөрі тұтынуды ынталандыру мен қайта өңдеуге көбірек бағытталған.

«Жалпы, елімізде trade-in ұғымы әртүрлі форматты қамтиды: ескі активті сатып алу, оның құнын жаңасына есепке алу немесе жеңілдік ұсыну. Нарық дамып келе жатқанымен, бұл жүйе әзірге толық қалыптасқан жоқ», дейді Ернар Серік.

Сарапшының айтуынша, trade-in көбіне мүлкін жоғары бағада сатудан гөрі, уақытын үнемдеуді қалайтын адамдарға тиімді.

«Өйткені өз бетіңмен сатқанда жарнама беру, сатып алушылармен кездесу, саудаласу, құжат рәсімдеуге біраз уақыт пен күш жұмсауға тура келеді. Ал trade-in арқылы мүлікті сәл арзанырақ өткізгенімен, есесіне уақытты үнемдеп, мәмілені жылдам әрі қауіпсіз аяқтауға болады», дейді Е.Серік.

Әсіресе балалы отбасыларға бұл өте қолайлы. Себебі бәрінің бірдей апталап сатып алушы іздеп жүруге мүмкіндігі бола бермейді. Мұндай жағдайда бағадағы аздаған айырмашылық мәміленің тез, түсінікті әрі артық әуре-сарсаңсыз жүзеге асуымен өтеледі.

Ақшадан да қымбат ресурстарды сақ­тауға көмектесетін тәсілдің сұрақ тудыра­тын тұсы да жоқ емес. Соның бірі – сату­шы компанияның ескі мүлікті қандай баға­мен қабыл­дайтыны. Ипотека сарапшы­сы Қамбар Фархатұлының айтуын­ша, бұл жер­де trade-in арқылы тұрғын үйді қабыл­дай­тын компанияның белгілі бір тәуе­кел­дерді өз мойнына алатынын түсіну ма­ңызды. Сондықтан мүлік әдетте нарықтағы құнынан төмен бағаланады. Ал қаншалық аз болатыны үйдің өтімділігіне, жағдайы мен орналасқан жеріне байланысты.

«Егер пәтер иесі асығыс болмаса әрі барынша жоғары бағаға сатқысы келсе, өз бетінше сату – бәрінен ұтымды. Ал негізгі мақсат тұрғын үй мәселесін шешіп, жаңа үй сатып алу болса, онда trade-in шынымен оң шешім болады. Таңдау адамның өз қолында. Алдымен бірнеше нұсқаны салыс­тырып, барынша пайдалы немесе уақытты үнемдеудің қайсысы өзі үшін маңызды екенін түсінуі керек», дейді Қ.Фархатұлы.

Ал автосарапшы Артур Мискарянның пікірінше, жаңа автокөліктер нарығында бастапқы баға сегментіндегі ұсыныстар көбейген сайын, жүрілген көлікті өз бетінше сату қиындай түседі әрі ұзаққа созылуы мүмкін.

«Клиент мәміленің жылдам әрі ыңғайлы жүзеге асуынан бөлек, сату үдерісінің қауіпсіздігіне де ие болады. Ал көлікті еркін нарықта сатқандағы ықтимал баға айырмасы жаңа автокөлікке ұсынылатын жеңілдіктер мен тиімді шарттар есебінен өтеледі», дейді сарапшы.

 Оның айтуынша, автосалондар әдетте ескі көлікті иесінен алған соң, кәсіби мамандар арқылы қайта сатады. Бұған қоса, автосалондардың тұрақты клиенттік базасы бар әрі көлікті кең аудиторияға ұсыну мүмкіндігі де мол.

«Бизнес-модель тұрғысынан алғанда, trade-in – нарықтағы үлесті арттырудың тиімді құралдарының бірі. Себебі кейінгі жылдары ресми дилерлер үшін жүрілген автокөліктер сегментіндегі пайда маржасы біртіндеп төмендеп келеді», дейді А.Мискарян.

Сарапшы Ернар Серік тұтынушы үшін негізгі тәуекел бағалау үдерісінің ашық болмауы екенін айтады.

«Адам өзінің көлігі, смартфоны немесе тұрмыстық техникасы неге дәл солай бағаланғанын түсінбеуі мүмкін. Авто­кө­лік­терден айырмашылығы, «Samsung» компаниясының ескі телефондарды бағалау жүйесі барынша технологиялық шешімге негізделген. Пайдаланушы құрылғының бірнеше фотосын жүктейді. Ал жасанды интеллект көмегімен жүйе оның техникалық жағдайын автоматты түрде бағалап, алдын ала құнын ұсы­нады. Сондықтан trade-in қызметінде бағалау ережелерінің түсінікті әрі ашық болғаны маңызды. Атап айтқанда, диаг­ностика нәтижесі көрсетіліп, бағаның не себепті төмендетілгені түсіндірілуі қажет. Сондай-ақ нарықтағы бағамен салыстыру мүмкіндігі беріліп, тұтынушыға қосымша шарттардың күштеп таңылмауы маңызды», дейді Е.Серік.

Оның пікірінше, trade-in екінші нарықты ретке келтіруге көмектеседі. Соның арқасында тексерілген, диагнос­тикадан өткен тауарлар көбейеді. Бұл, әсіресе, жасырын ақаулар қаупі көбірек автокөлік, электроника саудасында маңызды. Сонымен қатар бұл жүйе ескі затты қоқыс емес, белгілі бір құны бар актив ретінде қарастыруға үйретеді.

«Бізге trade-in-ді жай ғана «ескіні тапсырып, жеңілдік ал» акциясы ретінде емес, активтерді қайта пайдаланудың толыққанды мәдениеті ретінде дамытқан жөн. Түптеп келгенде мұндай жүйе бәріне тиімді болуы керек: тұтынушы қолайлылық пен жеңілдікке қол жеткізеді, бизнеске жаңа клиенттер мен қайта сатылымға ие болады, ал экономикада тауарлар мен ресурстар барынша ұтымды пайдаланылады», дейді сарапшы.

Сарапшылардың пайымдауынша, trade-in жүйесінің елдегі даму әлеуеті жо­ға­ры. Тұтынушылар уақытты үнемдеу, мәміленің қауіпсіздігі мен қолайлылығына көбірек мән берген сайын, бұл құралға сұраныс арта түспек. Қазірдің өзінде автонарықта тиімділігін дәлелдеген тәсіл алдағы уақытта тұрғын үй секторында да кеңінен қолданылып, ірі қалалардағы нарықтың маңызды сегменттерінің біріне айналуы ықтимал.

Соңғы жаңалықтар