01 Сәуір, 2015

Кеден кодексінің негізгі шарттары

254 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
b71b080Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаев, Мемлекеттік кіріс комитеті кедендік рәсімдер департаментінің директоры Дина Мамашева және Әділет министрлігінің Экономикалық интеграция және жобаларды сараптау департаменті директорының орынбасары Әсем Қорғасбекова баспасөз мәслихатын өткізді. Онда Еуразиялық экономикалық одақ аясында әрекет ететін Кеден кодексінің негізгі баптары сөз болды. Қазақстан, Ресей және Беларусь арасындағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгені мәлім. Шартта экономиканың әртүрлі салалары, оның ішінде кедендік реттеу, салықтар мен салық салу туралы ережелер қамтылған. Интеграцияның бірінші кезеңі Кеден одағының Кеден кодексін енгізу жолымен үш елдің кедендік жүйелерін жақындату болатын. «Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында ЕАЭО-ның кеден кодексі әзірленді. Ол бизнес-қауымдастықтың тікелей қатысуымен дайындалған жобада үш мемлекеттің 16 халықаралық келісімінің нормалары енгізілді. Оның негізгі үш ерекшелігі бар. Біріншісі – электронды құжат айналымына бағдарланған, электронды декларациялауға басым­дық беріледі. Екіншісі – декларация­ларды тіркеуге және тауарларды шығаруға байланысты кеден­дік операцияларды кеден орган­дарының заңды тұлғалары қатыс­пастан, ақпараттық жүйелерге автоматты түрде енгізуге мүмкіндік жасалады. Үшіншісі – негізге алып толтырылған құжаттарды ұсынбастан, декларацияны электронды түрде тапсыруға болады», деді вице-министр. Спикер экономикалық одақ­қа мүше мемлекеттердiң салық салу саласындағы өзара iс-қи­мыл­дарының қағидаттары эконо­микалық одақ туралы шарттың «Салықтар және салық салу» бөлi­мiнде көзделгенін де тәптіштеп айтып өтті. «Нақтылап айтар болсақ, одаққа мүше бiр мемлекеттiң аумағынан екiншi мемлекеттiң аумағына әкелiнетiн тауарларға жанама салық салынатын болады. Мәселен, экономикалық одақ шеңберiнде жанама салықтарды салу салық органдарына 2010 жылы берiлді. Тағы бiр iшкi заңнамаға енгiзiлген жаңалықты айтар болсақ, үшiншi мемлекеттерден тауар импорты кезiнде кедендiк тазарту рәсiмiн жеңiлдету мақсатында iрi салық төлеушiлер үшiн жанама салықтарды төлеу кедендiк ресiмдеу кезiнен бас­тап бiр жарым айға дейiнгi мерзiмде жүзеге асырылады. Бұл сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларының айналымдық қаражатын үнемдейдi. Сондай-ақ, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап енгiзiлген тағы бiр жаңалыққа тоқталар болсам, тауарлардың экспорт, импортын растайтын негiзгi құжат болып табылатын тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтiнiш экономикалық одақ шеңберiнде электронды түрде тапсырылатын болады. Бұл ретте аталған өтiнiштiң қолданыстағы қағаз жүзінде және электронды түрде тапсыру тәртiбi сақталған», деді А.Теңгебаев. Брифингте Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы барлық шешімдері «бір ел – бір дауыс» қағидасымен, ерікті түрде қабылданатындығы атап айтылды.  Негізі, кез келген мемлекеттің тұрақты дамуы басқа мемлекеттермен интеграциясына байланысты екендігін ескерсек, осы себеппен әлемнің көптеген аймақтарында интеграциялық үдерістер дамып жатқаны белгілі. Сонымен қатар, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіретін елдер аймақтық және жаһандық экономикалық бірлестіктердің ең белсенді қатысушылары болып табылады. Осыны айтқан Ә.Қорғасбекова «Еуразиялық экономикалық одақ органдарының барлық шешімдері «бір ел – бір дауыс» қағидасымен, ерікті негізде қабылданады. Қайсыбір мемлекет келіспеген жағдайда шешім қабылданбайды», деді. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».