Үкімет • 18 Мамыр, 2024

ESG қағидаларын елемеу экологияға қауіпті

42 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламент­тік комиссияның кезекті отырысы өтті.

ESG қағидаларын елемеу экологияға қауіпті

Іс-шара барысында қатысушылар бизнес-ортада Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін ESG қағидалары – экологиялық, әлеуметтік және басқару тәжірибелерін енгізу мәселелерін талқылады. Комиссия мүшелері мен сарапшылар ESG қағидаларын енгізу Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Өйткені олар кәсіпорындар қызметінің экологиялық, әлеуметтік және басқару аспектілерін қамтиды. Нақты айтқанда, аталған қағидалар бизнеске белсенді қатысуды қарастырады. Соған қарамастан, қазір елімізде оларды өндіріске енгізу мүмкіндіктері мен келешегі туралы бірыңғай түсінік жоқ. Ұлттық статистика бюросы жүргізген зерттеу нәтижелеріне сәйкес, сауалнамаға қатысқан кәсіпорындардың 88 пайызы бұл қағидалармен таныс емес екені белгілі болып отыр.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, компаниялардың экологиялық жауапкершілігі төмен. Мұндай үрдіс өзінің теріс салдарын тигізетіні анық.

«ESG қағидаларын елемеу кәсіп­орын­дармен бірге тұтас елдің де экономикасына, беделіне және қаржылық тұрақтылығына түрлі қауіп төндіреді. Жақында Маңғыстау облысында болған өрт пен «Қазцинктің» қалдықтар қоймасында болған апат айтарлықтай экологиялық зардабын тигізді. Бұл дегеніміз метанның ауаға шамадан тыс бөлінуіне және өзендердегі нитрат концентрациясының артуы­на әкеліп соқтырады. Осы ретте өнеркәсіп орындарының экологияға теріс әсерін азайтуға арналған заң нормалары қаншалықты тиімді, іске асырылып жатыр деген сұрақ туындайды. Отырыста сарапшылармен және бизнес өкілдерімен бірге осы мәселелерді мазмұнды әрі жан-жақты талқылаймыз», деді М.Әшімбаев.

Кездесуде ESG-дің адам құқықтарын қорғауды және тең мансаптық мүмкіндіктер мен гендерлік теңдікті қамтамасыз етуді көздейтін әлеуметтік қағидалары да сөз болды. Аталған қағидаларды интеграциялаудағы көшбасшы компаниялардың жартысында орнықты дамудың осы саласына жауаптылар жоқ. Отырысқа қатысушылар бұл үрдіс халықаралық тәжірибеге қайшы екенін айтты.

Талқылау барысында мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар қозғалған тақырыпқа қатысты өз пікір­лерін білдіріп, ұсынымдарымен бөлісті. Сенат төрағасы айтылған барлық ұсыныс­тың іске асырылуы Палатаның Эконо­ми­калық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті мен жұрт­шы­лықтың бақылауында болатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ Парла­менттік комиссияның алдағы отырыс­тарында жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігіне талдау жүргізілмек.

«Алдағы уақытта жаңа Салық кодексін қарау барысында орнықты даму күн тәртібі мен ESG қағидаларын белсенді енгізетін компаниялар үшін ерекше жағдайлар қарастыруымыз керек. «Жасыл қаржыландыру» да маңызды мәселелердің бірі. Сондықтан Парламент депутаттары мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірге «жасыл қаржыландыру» үшін барынша тиімді заңнамалық негіз қарастыруға тиіс. Осы іске «Астана» халықаралық қаржы орталығы, KASE, еліміздегі кейбір жүйе құраушы банктер белсенді жұмылуы қажет. Бұл – бәріміз атқаруға тиіс ауқымды жұмыс. Жалпы, қазіргі таңда бизнес орнықты даму мақсаттары мен қағидалары және ESG стандарттары туралы көп біле бермейді. Осыған байланысты бизнесті ақпараттық және әдіснамалық тұрғыдан жүйелі қолдау қажет. Бүгінгі отырыстың қорытындысы бойынша бұл бағытта нақты қадамдар жасаймыз деп сенемін», деген Сенат төрағасы мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерін отырыста көтерілген мәселелерді алдағы жұмыста ескеруге шақырды.

Отырыста сөз алған сенатор Сүйіндік Алдашевтің айтуынша, ESG-нің бірінші факторы – экологиялық фактор. Ал еліміздегі электр стансаларының 56 па­йызы тозып тұр. «Бүгінгі таңда еліміздегі электр энергиясының 70%-ы көмір отынын қолдану әдісінен өндіріледі. Бұл ретте электр стансаларының орташа тозу деңгейі 56%-ды құрап отыр. Олардың басым бөлігі жобалық қызмет мерзімінен асып кеткен әрі ескірген технологиялармен жұмыс істейді. Көмір электр стансаларының орташа жасы 55 жылды құрап отыр, ал олардың жабдықтарының нормативтік ресурсы шамамен 30 жасты құрайды.

Өздеріңіз білетіндей, еліміз 2016 жылы қол қойылған Париж келісімі бо­йынша міндеттемелер алған, оның аясын­да 2030 жылға қарай парниктік газ­дар­ды 1990 жылғы деңгейден 15%-ға қыс­қарту көз­деліп отыр. Бұл өз кезегінде жаңар­ты­ла­тын энергия көздері арқылы энергия өн­ді­руді арттыруды талап етеді», дейді ол.

Сенатордың сөзінше, бұл мәсе­лені шешудің жолдарының бірі – «жасыл экономикаға» көшу, алайда әзірге олардың үлесі өте төмен. «Қазақ­стан Республикасының «жасыл эко­номикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамамен нысаналы индикаторлар – электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі электр энергиясын өн­дірудегі баламалы көздердің үлесі­не 2030 жылға қарай 30%-ға де­йін және 2050 жылға қарай 50%-ға дейін қол жеткізу бекітілді. Дегенмен 2023 жылдың қорытындысы бойынша жаңар­тылатын энергияның үлесі өндіріл­ген электр энергиясының шамамен 6% ғана құрады. Айта кету керек, елде өндірілетін жаңартылатын энер­гия­­ның үлесі төмен және осыған байла­ныс­ты стратегиялық құжаттарда алға қо­йыл­ған өршіл мақсаттарға қол жеткізу қиынға соғады», деді С.Алдашев.

Комиссия отырысында Парламент депутаттарымен бірге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақ­сылықов баяндама жасады. Соны­мен қатар «ESG KPMG Caucasus and Central Asia» бағытының жетекшісі Ғабит Мүсірепов, «ESGQ рейтинг агент­тігінің» директоры Ерлік Қаражан, «Атамекен» ҰКП Орнықты даму және ESG жөніндегі кеңесінің төрағасы Юлия Якупбаева, «Freedom Holding Corp» компаниясының орнықты даму жөніндегі директоры Бағлана Мусина, «Қазақмыс» корпорациясының орнықты даму дирекциясының басшысы Сәкен Шаяхметов, ERG компаниясының бас директоры Серік Шахажанов тағы басқа қатысушылар сөз сөйлеп, ESG қағидаларын енгізуге қатысты пікірін білдірді.