01 Сәуір, 2015

Тауарлар шығару тетігі – туризмде

267 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Еліміздің индустриялық-инновациялық бағдарламасы қалай жүзеге асып жатыр? Бұл мәселе бойынша Орталық коммуникациялар қызметінде Мәжіліс депутаттары Самиғолла Оразов пен Елена Тарасенко бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен болған баспасөз брифингінде жан-жақты айтып, олар тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап берді. Алдымен сөз алған С.Оразов 2010-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық бағ­дарлама сәтімен жүзеге асырылып, Қазақстанда алғаш рет өнімнің 400-ге жуық түрін тұтынушы­ларға ұсынған 770 кәсіпорынның ашыл­­ғандығын алға тартты. Бұл орайда,­ жалақысы жақсы, жоғары біліктілікті қажет ететін 75 мың жұмыс орны да ашылғаны мәлім. Елімізде және де 4 мың шақырым автомобиль жолдары салынып, 1700 шақырымдық теміржол же­лісі тартылғаны да аталды. Қазіргі таңда екінші бесжылдық жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 2015-2019 жылдарға арналған ин­дустриялық-инновациялық бағ­дарламаны іске асыру кезінде бұрынғы кемшіліктер барысы жан-жақты ескеріліпті. «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша айтқанда, депутат­ тұр­­ғын­ үй-коммуналдық шар­уа­шы­­лығы, автомобиль жолда­ры,­ туризм және өзге де сала­лар­ инфрақұрылымы жолға қойы­ларын ерекше атады. Әсіресе, автокөлік жолдарын салу бойынша 2020 жылға дейін 3 триллион теңге қаржы қарастырылғанын, бұл қомақты қаржы екенін және де оған 6,5 мың шақырым жол салынарын немесе қайта жөндеуден өтерін алға тартты. Бұл өз кезегінде Қазақстан аумағы арқылы тауарлардың көптеп тасымалдануына негіз қалайды. Әріптесінің сөзін толықтыра түскен Елена Тарасенко ин­дус­триялық-инновациялық бағ­дар­ламаны тиімді жүзеге асыру үшін қолжетімді қаржыланды­ру,­ логистикалық, энергетика­лық­ және коммуникациялық ин­ф­ра­­құрылымдарды дамыту­ қа­жеттігіне назар аудартты. Соны­мен қатар, сауда деңгейінің қанша­лықты дамығандығы өзіндік ықпал жасайтыны, сондықтан сапалы да бәсекеге қабілетті азық-түлік өнімдерін шығаруға екпін берілгені жөн екені айтылды. Депутаттың мәліметіне қарағанда, сауда саласы экономиканың маңызды бір бөлігі болып табылады және де оның көлемі бүгінгі таңда 5,3 триллион теңгені құрап отыр. Тағы бір белгілі болғаны, соңғы 5 жылда сауда өсімі 13-15 пайызды құраса, ал бөлшек сауда 1995-2014 жылдар аралығында 40 есеге артқан. Сауда өсімінің қар­қын ал­уы жағдайында сауданы құқық­тық реттеу мәселесі өткір қойылып келеді, деген Елена Ивановна, бұл тұрғыдан келгенде, отандық тауар өндірушілер­дің тауарларын сату маңызды бола түсерімен де бөлісе кетті. «Нұрлы Жол» бағдарламасына өзгерістер енгізу және Қазақстан Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінде берген тапсырмаларына орай депутаттар тарапынан «Қазақстан Республикасы кейбір заңнамалық актілеріне сауда-саттықты реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына көптеген ұсыныстар енгізген. 2013 жылы статистика көрсет­кендей, сауданың заманауи пі­шімі Қазақстанда 29 пайыз болса, Ресейде бұл көрсеткіш 61 па­йыз, ал Қытайда 64 пайызға же­тетін көрінеді. Бұл ретте,­ Е.Тара­сенконың пікірінше, 2015-2019 жылдарға арналған индус­триялық-инновациялық бағдар­лама бойынша «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар тауарларды шығаруды туризмсіз жүзеге асыру мүмкін емес. Тарқатып айтқанда, бұл сала осы бағыттағы 32 саланың (байланыс, көлік, ауыл шаруашылығы және өзгелерінің) дамуына өзіндік ықпалын тигізетін болады. Әзірге ішкі туризм барлық түсімдердің тек 3 пайызын ғана құрайды екен. Өркениетті елдерде бұл көрсеткіш 20-30 пайызға дейін жететіні де көлденең тартылды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».