01 Сәуір, 2015

Түркістанда бокстан дәстүрлі Саттарханов турнирі басталды

256 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

01-04-15-turnir_sattarhanov-1

ШЫМКЕНТ. 1 сәуір. Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында 2000 жылы Сиднейде өткен XXVII жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған жастар арасындағы XIV халықаралық турнир басталды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады. «Аталған турнирге Қытай, Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Өзбекстан елдері мен Қазақстанның барлық облыстарынан 200-ге жуық жас спортшылар қатысуда. Сонымен бірге, 13 салмақ дәрежесі бойынша өтетін бұл сайыстың ерекшелігі 3 салмақ дәрежесі бойынша қыздарымыз да бақ сынайтын болады», - делінген хабарламада. Жыл сайын дәстүрге айналған халықаралық турнир биыл ерекше сән салтанатымен бастау алды. Ер Бекзаттың өміріндегі айтулы күндердің құрметіне орай, ұйымдастырылған жарыстың ашылу салтанаты Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет сарайында өтті. Жастар арасындағы халықаралық сайысты ресми түрде облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков ашып, барлық спортшыларға сәттілік тіледі. Бұдан соң Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев, Олимпиада жеңімпаздары Серік Сәпиев, Бақыт Сәрсекбаев жұрт алдында игі тілектерін білдіріп, Б.Саттархановтың ата-анасына сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті. Жарыстың ашылу салтанатында тұңғыш Олимпиада жеңімпазы Бекзат Саттархановқа арналған фильм көрсетіліп, белгілі айтыскер ақын Беарыс Шойбеков бастаған бір топ өнер жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты. Турнир Бекзат Саттархановтың туған күні - 4 сәуір күні өзінің мәресіне жетеді. Бақтияр Тайжан. Мәнбе, сурет: Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі.