03 Сәуір, 2015

Түркістанда Қазақ хандығы тарихына арналған конференция өтті

342 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
03-14-15-turkestanАСТАНА. 3 сәуір. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақ хандығының тарихындағы Түркістанның орны» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі хабарлады. Конференцияны ұйымдастырушы –Мәдениет және спорт министрлігінің Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті. Жиынның ашылу салтанатында Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Ермек Рақымов, ХҚТУ ғылыми және инновациялық істер жөніндегі вице-президент, профессор Т.Раимбердиев құттықтау сөздерін жеткізіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Профессор Т.Раимбердиев Мәдениет институның профессоры Ирина Ерофееваға «ХҚТУ Құрметті профессоры» атағын табыстады. Профессор И.Ерофеева «Казахские ханы: неизвестные правители городов присырдарьинского региона. XVII-XVIII в.в.» атты еңбегімен Қазақ хандығын насихаттауға орасан зор үлес қосқан бірегей ғалымдардың бірі. Бұл 2 томдық еңбекте қазақ хандарының 818 хатты және өзге де құнды тарихи құжаттар топтастырылған. Сондай-ақ, профессор Т.Раимбердиев алыс, жақын шет елдерден келген бірқатар ғалымдарға университет атынан арнайы естелік сыйлықтар табыстады. Конференция модераторы белгілі әдебиет зерттеушісі, ХҚТУ Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Құлбек Ергөбек болды. Ел тәуелсіздігін баянды да тұғырлы ету, «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру мақсатын көздейтін бұл мемлекеттік шараның маңызы аса зор. Конференция жұмысы ұлттық тарихымызды қайта зерделеуде ғасырлар қойнауынан тамыр тартатын Түркістанның тарихын, Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен оның кесенесін, кесенеде жерленген ата-бабаларымыздың өнегелі жолын насихаттауға арналды. Жиынға Қазақ хандығының тарихын зерттеумен айналысып жүрген отандық белгілі зерттеушілер И.Ерофеева, А.Исин, Б.Кәрібаев, Н.Атығаев, Ж.Артықбаев, З.Жандарбек, М.Қожа, С.Жолдасбайұлы сынды көптеген азаматтар, сонымен қатар АҚШ, Финляндия, Түркия, Өзбекстан және Татарстан елдерінің ғалымдары қатысты. Сондай-ақ, республикамыздағы және шетелдердегі тарих, филология, философия, шығыстану, заң салаларының мамандары, этнографтар мен деректанушы, тарихнамашы ғалымдар, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының қызметкерлері де конференция жұмысына атсалысты. Пленарлық мәжілісте профессор И.Ерофеева жоғарыда аталған еңбегін, Оулу университетінің (Финляндия) PhD тарихшысы Роман Хаутала «Латинские источники о религиозной политике чагатаидских ханов во второй четверти VIV столетия», Индиана университетінің (АҚШ) профессоры Акрам Хабибуллаев «Медресе Халифа и его роль в распространении религиозного знания в Казахстане», әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Берекет Кәрібаев «Түркістан аймағының Қазақ хандығы үшін маңызы», Гази университетінің (Түркия) профессоры, PhD, доценті Айхан Пала «Осман империясы мен Қазақ хандығының қарым-қатынастары», Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты, доцент Нұрлан Атығаев «О некоторых символах власти (трон и корона: от монгольской империи к казахскому ханству) о дипломатических контактах Казахского ханства с мусульманскими государствами (XVI-XVIII в.)», Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымының кандидаты Амантай Исин «Мәскеу мемлекетінің елшілік кітаптарындағы қазақ хандығы тарихына қатысты деректер және олардың игерілуі жайлы», Өзбекстан ҒА Тарих институтының ғылыми қызметкері Низомиддин Гулбоев «Казахи и Хивинское ханства (XVI – начало XX в.)», Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дың археологы, тарих ғылымының докторы Мұхтар Қожа «Қазақ хандығының тарихына байланысты жаңа заттық деректер» атты баяндамаларын тұшымды да әсерлі жеткізді. Айта кетейік, конференцияның материалдары арнайы жинақ болып басылады және ХҚТУ университетінің «Түркология» журналында жарияланады. Ғалымдарды тоғыстырған бұл айтулы шарада Қазақ хандығының тарихындағы Түркістан қаласының алатын орнының ерекше екендігі ғылыми деректермен зерделенді. Конференция модераторы, профессор Құлбек Ергөбек: «Міне, бүгін Қазақ хандығына қатысты тарихтың бір парағын ғалымдардың, шетел ғалымдарының көзімен қарадық. Сөзсіз, бұндай ізденістердегі деректерден кейін патриоттық сезімге бөлендік. Еңбектеріңізді «Түркология» журналына шығарамыз. Барлық баяндамашыларға рахмет!» деді. Жолдыбай Базар. Дерек, сурет: Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың баспасөз қызметі. 03-14-15-turkestan04 (1) 03-14-15-turkestan04 (2) 03-14-15-turkestan06