03 Сәуір, 2015

Қазақстан – бендиден әлем чемпионатының қола жүлдегері!

240 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
03-04-2015-bendy 01АСТАНА. 3 сәуір. Бендиден (допты хоккей) Ресейдің Хабаровск қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы қола жүлдеге қол жеткізді. Осымен отандық бендишілер әлемдік додада 6-рет үздік үштіктен көрініп отыр. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Үшінші орын үшін болған тартыста Қазақстан Финляндиямен ойнады. Кездесудің бірінші бөлігін финдер 5:4 есебімен өз пайдаларына аяқтады. Дегенмен, екінші таймда қазақстандықтар белсенділік танытып, қарсыластар қақпасын төрт мәрте дәл көздеді. Өз кезегінде, скандинавтықтар тек бір голмен ғана жауап беруге мүмкіндік тапты. Нәтижесінде, Қазақстан 8:6 есебімен жеңіске жетті. Бұл біздің команда үшін әлем чемпионатының алтыншы қола жүлдесі. Соның соңғы төртеуін қатарынан олжалағанын айта кетейік (2003, 2005 және 2012-2015 жж.). Биылғы сайыста Қазақстан «А» тобында өнер көрсетті. Топтық кезеңдегі алғашқы ойынын айдын иелеріне қарсы өткізген бендишілеріміз 1:10 есебімен есе жіберді. Екінші ойында Швециядан 4:9 есебімен жеңілдік. Ал үшінші матчта Финляндиядан пенальти арқылы басым түстік (4:3). Ширек финалда Беларусь құрамасын 26:8 есебімен тас-талқан етіп жеңген Қазақстанның жартылай финалда тағы да Ресеймен жолы түйісті. Бұл жолы да отандық бендишілер ойсырай жеңілді (1:14). Келесі жартылай финалдық жұпта Финляндия мен Швеция күш сынасып, шведтер 10:1 есебімен жеңді. Енді ертең Ресей мен Швеция әлем чемпионы атану үшін сынға түседі. Бендиден әлем чемпионаты 1957 жылдан бастап өткізіліп келеді. Екінші әлемдік дода 4 жылдан кейін, яғни, 1961 жылы өтті. Ал одан кейінгі сайыстар әр екі жыл сайын ұйымдастырылып келді. 2003 жылы Халықаралық бенди федерациясы бұл жарысты жыл сайын өткізу туралы шешім шығарды. 2012 жылғы әлем чемпионаты Алматы қаласында өткенін айта кетейік. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.ru. Сурет: bandyvm2015.ru. 03-04-2015-bendy 02