
Қызметтің өркенниетті үлгісі
Бүгін әлем назары Астанаға ауды. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың төл перзенті – Арқа төсіндегі ару Астана көк байрағын көтерген алғашқы күннен-ақ төрткүл дүниенің айтулы басқосулары өтетін жаһандық орталыққа айналды. Бұдан бұрын бас қаламызда талай-талай халықаралық жиындар, дүниежүзілік форумдар, әлемдік деңгейдегі съездер өткенін білеміз. Енді бүгін жаһанның дамыған 56 мемлекетінің басын біріктіріп отырған әлемдік мәртебелі ұйым – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының VІІ Саммиті де 11 жыл үзілістен кейін Астана қаласында өзінің жұмысын бастады.
Астана Саммиті – ЕҚЫҰ тарихындағы ең жоғары дәрежеде өтіп отырған жетінші құрылтай және мәртебелі Ұйымға мүше 56 мемлекеттің басшылары мен үкімет басшыларының толық құрамдағы ХХІ ғасырдағы тұңғыш басқосуы. Халқымыз “7” санын киелі санайтынын ескерсек, желтоқсан айында Астанаға жиналған саммиттің де жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Осы маңызды халықаралық шараға байланысты арнайы жасаған мәлімдемесінде Елбасы: “Төрткүл дүниеге төрелік айтқан Қазақ елі Азия мен ТМД мемлекеттері арасында тұңғыш рет беделді Ұйымның Саммитін өткізеді. Қазақ елі бұрын-соңды мұндай биікке жеткен емес... Сонымен қатар, мәртебелі Ұйымның Саммитін өткізу – баршамызға абыройлы міндет пен ерекше жауапкершілік жүктейді”, деп атап көрсеткен болатын.
Иә, “келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады” деген аталы сөзді ардақ тұтқан жұртпыз ғой. Сондықтан 55 елдің басшылары, беделді халықаралық ұйымдардың жетекшілері, 500-ге тарта қоғамдық ұйымдардың өкілдері келетін бұл тарихи басқосуға еліміздің бас қаласы барынша ыждағатты дайындықпен келіп отыр. Әсіресе, “театр киімілгіштен басталады” дегендей, Саммитке келетін жоғары мәртебелі қонақтардың алғашқы қадамы басталатын бас қаланың әуе қақпасы – Астана халықаралық әуежайының дайындығы ерекше тыңғылықты болды.
Елордамызда өтетін аса маңызды халықаралық оқиға кезінде Астана әуежайындағы әуе кемелеріне қызмет көрсететін техникалық құралдар да, қонақтарды қабылдайтын қызмет түрлері де халықаралық стандарттарға сәйкес жоғары талаптарға жауап беруі тиіс. Осыған байланысты Саммит қарсаңында Астана әуежайының инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру және әуежай кешенінің барлық құрылымдық кәсіпорындарының өндірістік қуатын арттыру мақсатында ауқымды да кешенді шаралар жүзеге асырылды. Бұл ретте жолаушыларға барынша қолайлы жағдай туғызуға ерекше көңіл бөлінді. Қайта құру жұмыстары ауқымында қосымша ана мен бала бөлмелері жабдықталды, күту залының екінші қабатында діни рәсімдер өткізетін арнайы орындар жабдықталды. Тегін Интернет жүйесі жұмыс істейтін зал ашылды.
ЕҚЫҰ Саммиті өткізілетін күндерде әуежайға қонатын үлкен ұшақтар қатары көп болуына байланысты ұшу алаңы кеңейтілді. Көп мөлшердегі заманауи лайнерлерді сыйғызу үшін перрон аумағы кеңейтілді. Бұған дейін әуежайдың перроны бір уақытта тек 31 ұшақты қабылдап келген болатын. Ал саммит күндері бір мезгілде 70-ке жуық ірі ұшақ қонады. Осыған байланысты әуежайдың негізгі перроны 78800 шаршы метрге ұлғайтылып, тағы қосымша 22 әуе лайнеріне тұрақ жасалды. Сонымен бірге, саммит кезінде әскери авиация әуежайының перроны да іске тартылатын болады.
“Астана халықаралық әуежайы” АҚ-тың бірінші вице-президенті Е.Керейдің мәлімдеуінше, ұлы құрылтай өтетін күндері әуежайдың барлық өндірістік құрылымдары күшейтілген режімде тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Астана әуежайына еліміздің Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау және басқа қалаларынан, “Эйр Астана” әуе компаниясынан қосымша 187 тәжірибелі маман тартылған. Сонымен бірге, мәртебелі қонақтарға өркениетті жоғары қызмет көрсету мақсатында VІP ғимарат, борттық тамақтану кешені және ресми делегациялар залы толық қайта жаңғыртылды. Шетелдік қонақтардың әуе кемелерінің экипаждары орналасатын әуежай қонақ үйі күрделі жөндеуден өткізілді.
Халықаралық ірі әуежайдың ауа райының қандай жағдайында болмасын қызмет жасап, оның әлеуетін көрсететін техникалары болуы керек. Осы талапқа сай Астана халықаралық әуежайы ірі ұшақтарды мұзданудан қорғау үшін сұйық заттар құятын 5 диайсингтік мәшинелер сатып алды. Арқаның қатал қысын ескере келіп, әуежайды қар тазалайтын техникалармен жабдықтауға айрықша маңыз берілді.
Егемен еліміздің беделін көтеріп, айбынын асқақтатар бұл тарихи басқосу күндерінде Астана халықаралық әуежайы қонақтарға қалтқысыз қызмет көрсетудің өркениетті үлгісін танытпақ.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.
Олар осында орналасты
Астана саммитіне қатысатын қонақтар мен журналистер қазір келіп бітті деп айтуға болады. Мемлекет басшылары түсетін қонақүйлер де тегіс дайын боп, мәртебелі қонақтарды қарсы алуға сақадай сай тұр.
Қонақтарды қарсы алу үшін Сыртқы істер министрлігі мен Астана қаласы әкімдігі қаладағы барлық 150 қонақүйдің 68-ін таңдап алып, броньдап қойған болатын. Олардың жалпы қонақ қарсы алу қоры 3447, соның ішінде нөмірлері 4701 орынға шақталған. Бұған дейін де 4-5 жұлдызды қонақүйлердің санын жазған болатынбыз. Еске сала кететін болсақ, Астанада 5 жұлдызды төрт, 4 жұлдызды жеті қонақүй бар. Ал 3 жұлдызды қонақүйлер саны – 17. Осылардан басқа 1 және 2 категориялы делінетін қонақүйлер де қонақтарға қажетті барлық жағдайларды жасау үшін жарақтандырылып, еуропалық стандарттарға жеткізілген. Соның ішінде Интернеттің кабельдік жүйесі, сондай-ақ сымсыз қосылатын WI-FI жүйесі де жұмыс істеп тұр. Келген қонақтарды қарсы алуға қонақүй қызметкерлерінен басқа бірнеше тіл білетін студенттер мен түрлі ұйымдардан волонтерлер қызметке тартылған. Сонымен қатар әрбір қонақүйге нысанды «Чек-лист» (тексеру қағазы) бойынша бақылайтын жауапты құрылымдар да бекітілген.
Журналистер тоқтаған қонақүйлер Уәлиханов көшесіндегі «King otell», Бейбітшілік көшесіндегі «Lion» және Республика даңғылындағы «Абай» қонақүйлері. Біз олардың кейбіріне соғып, қонақтардың көңіл-күйлерін, қонақүй қызметіне көзқарастарын білген едік:
Макс Беркман – Германиядағы Бонн қаласы телевидениесінен: Менің ойымша қонақтарды қарсы алу дәрежесі «супер» деп айтар едім. Қарсы алушы адамдардың бәрі биязы, жүзіңе күлімдеп тұрады. Қонақүйдің нөмірі жылы, біз Астанада тоңатын шығармыз деп ойлаған едік. Қайдағы... мұнда бізден де жылы екен. Ешқандай проблема жоқ, ешқандай кемістік бар деп айта алмаймын.
Светлана Карабут – Эстонияның «Русский еженедельник» газетінен: Менің келгеніме көп болған жоқ, әзірге өте жақсы пікірдемін, жүктерімді іліп алып, бөлмеме өздері кіргізіп берді. Орналасу кезінде де ешқандай проблема болған жоқ. Осы пікірім аяғына дейін болып, ештеңеге ренжіп қалмасам екен деп тұрмын... Нөмірдің іші де өте әдемі, жайлы екен, терезеден қаланы көруге болады.
Анна Резникова – Мәскеудің «RPK Daily» газетінен: Маған әзірге бәрі ұнайды, бірақ кешеден бері нөмірім салқындап кетті. Бір жерден жел кіретін секілді. Басқасының бәрі дұрыс. Мені әсіресе, нөмірге ақы төлемейтініміз қуантады. Әйтпесе біз келгелі де біраз болды, әлі де боламыз, барлық күнге ақы төлеу қиынырақ болар еді. Қаланың да біраз жерін араладық, өте әдемі екен.
Юрис Пайдас – Латвия телевидениесінен: Нөмірге кірген бетте бірден қаланың панорамасы көрінеді, мен оны картина екен деп қалсам, Астананың өзі картина секілді екен. Мен бұл қонақүйді Астанадағы ең жақсы орындардың бірі ме деп қалдым. Біз нөмірге ақы төлемейміз, оны ұйымдастырушылар көтеріп алған. Тамағы өте жақсы, бірақ кофені ащылау қылса, тіпті қатып кетер еді. Енді кәдесыйлар алатын жер іздеуім керек. Маған Қазақстанның өзінің кәмпиті, шоколадтары ұнайды. Бұрын бір келгенде соларды апарған едім, менің туыстарыма қатты ұнады. Сонымен қатар ұлттық дүниелерді алғым келеді. Мысалы киіз үйдің макетін, домбыраны...
Міне, қонақтардың пікірлері осындай.
Жақсыбай САМРАТ.
Қозғалыс бағыттары белгілі
“Мұндайды көрген де арманда, көрмеген де арманда” деген сөздің ауқымына ғана сыятын, бұрын-соңды ТМД, Орталық Азия мемлекеттерінде болмаған әлемдік саяси шараны өткізу дайындығы Қазақ елінің астанасында осы күндері қызу жүріп жатыр. Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов БАҚ бас редакторларымен кездесуде барлығы 70 елден делегация келетінін, сонымен бірге, қонақтардың жалпы санының 5 мыңнан асатынын атап өтті.
Алдымен әңгімені әуежайдан басталық. Бүгінгі күні оның материалдық-техникалық базасын нығайтып, техникалық персоналын сақадай-сай ету бағытындағы қауырт жұмыстар аяқталды. 70 елден келетін делегациялар ұшақтары әрбір бес-он минөт сайын қонады екен. Қазір осы жағдай ескеріліп, әуежайдың қарсы алу мүмкіндігі талапқа сәйкестендірілді. Сонымен бірге, қонақтардың бортын қабылдайтын қосымша 113 техника сатып алынған.
Ресми делегациялар кіріп, сәл уақыт сусындайтын VІP-залдар еуростандарттың барлық талабына сай болуы керек. Сондықтан қазір осындай залдар жаңаландырылып, жаңғыртылған. Оның ішінде қонақтардың қазақ астанасына келгендігін бірден білдіретін атрибуттардың болуы да ескерілген.
Техникалық қызметкерлердің қапы қалмауын Астана әкімдігі Көлік және коммуникация министрлігімен бірлесе отырып жүзеге асыруда. Осы мақсатты орындауға Қазақстанның өзге әуежайларынан қосымша 200-ден артық сала мамандарын тарту ісі де қолға алынған. Сонымен қатар, саммит күндері Астана әуежайы ішкі әуе желілері үшін жабық болатыны да жарияланды.
Қала ішінде жоғары мәртебелі қонақтар мен ресми делегация өкілдерін алып жүру үшін министрліктер мен ведомстволардың және басқа да мемлекеттік кәсіпорын, мекемелердің жақсы көліктері жинастырылды. Парламент депутаттары осы күндері аймақтарға жіберіліп, оларға қызмет көрсететін көліктер де қонақтарға берілетін болады.
25 қарашадан бастап ЕҚЫҰ Хатшылығының қызметкерлері, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері келе бастады. Оларды әуежайдан жатын орындарына дейін жол полициясының бастауымен жақсы автобустар тасымалдайтын болады.
Саммит өтетін қала аумағы шартты түрде “С” ауданы” деп аталды. Осы “С” шаршысында (бұл шамамен Байтұрсынов, Нәжіметденов, Тәуелсіздік (Сығанақтан Сарайшыққа дейін), Обаған, Сарайшық көшелерінің қиылыстары) барлық көлік түрлерінің жүруіне шектеу қойылады. Қоғамдық көліктер тек арнаулы рұқсатпен ғана енгізілетін болады. Осы ауданда орналасқан “Хайвил”, “Гранд Астана”, “Городской романс” сияқты тұрғын үй кешендерінде тұратын халыққа да көлікпен ену үшін арнаулы рұқсаттар берілетін болады.
Ал осы күндері қаланың басқа аудандарындағы көліктің қозғалысына ешқандай шектеу қойылмайды. Қала тұрғындарының мәдени, ойын-сауық, сауда, медицина орындарына баруына жол ашық. Тек Мемлекет басшылары келе бастайтын 30 қарашаның екінші жартысынан бастап қана көлік қозғалысы шектелетін болады. Соның ішінде әуежайдан бастап, мәртебелі қонақтар түсетін 15 қонақ үйге дейінгі жолдар толығымен жабылады.
Саммит өтетін 1-2 желтоқсан күндері “С” шаршысында қонақтардікінен өзге көліктердің жүруіне тыйым салынады. Қаланың басқа бөліктеріндегі көлік қозғалысын сағат сайын реттеу ісі қолға алынады. Саммит өтетін күні Тәуелсіздік сарайына саммитке келген делегациялар, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері таңғы сағат 07.30 бен 08.30 аралығында тегіс жеткізіліп болуы тиіс. Ал Мемлекет басшылары жеткізілетін 08.30 бен 10.00 аралығында негізгі көшелердегі барлық көлік жүрісі тоқтатылады. Отырыс аяқталған кешкі 17.00-ден бастап 20.00-ге дейін осы көшелердегі қозғалыс тағы да жабылады. Осы күні тек 20.00-ден 21.30-ға дейін ғана “С” шаршысында қозғалыс жасауға болады.
Осы күні ресми делегациялардың Салтанат сарайынан жатын орындарына жеткізілуіне байланысты кешкі 21.30-дан бастап негізгі көшелердегі қозғалыс тоқтатылады.
2 желтоқсан күнгі түске дейінгі қозғалыс 1 желтоқсандікімен бірдей, ал Мемлекет басшыларының 13.00-ден бастап аттана бастауына байланысты негізгі көшелер мен Астана-Әуежай трассасы жабылады.
1-2 желтоқсан күндері Есілдің сол жағалауына баратын қоғамдық көліктер азайтылады. Қалыпты жағдайда ол жаққа 18 маршрут баратын болса, саммит күндері олар 5-ақ бағытта жүреді. Оның төртеуі “Бәйтерекке” дейін, біреуі “Ильинка” тұрғын үй кешеніне дейін барады. Ескі қалада да 8 бағыттың жолы шектеледі. Осы бағыттардың жолдары жөніндегі анықтамалық ақпарат тұрғындарға таратылатын болады.
Жақсыбай САМРАТ.
Қош келдіңіздер!
Береке мен бірлік ел ниетінен бастау алады
Людмила ИТЕРМАН, Талдықорған қаласындағы неміс этно-мәдени бірлестігінің жауапты хатшысы.
Қазақ халқында өмірдің тағылымды тәжірибесінен алынған мағынасы терең ұғымдар жеткілікті. Соның бірі: «Берекелі елдің бетін ешкім қақпайды», деген сөз. Оған Қазақстанның егемендік алғаннан бергі экономикалық-әлеуметтік, мәдени дамуы мен 130 ұлттың өкілін бір шаңырақтың астында ұйытып, бірлік пен ынтымақтың бесігінде тербеткені дәлел. Осы бағыттағы тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты баршамыздың мерейімізді асқақтатуда.
Бүгінгі Астананың төрінде өз жұмысын бастаған ЕҚЫҰ саммитінде бейбітшілік және экономикалық, экологиялық ынтымақтастық, тағы басқа мәселелер күн тәртібіне қойылып, ел мерейін асқақтатуда. Жетісу жеріндегі «Видергебурт» неміс мәдени орталығының мүшелері әрдайым екінші Отанымыз саналған Қазақстандағы әрбір жақсы істерге үн қосып, тыныштық, баянды бейбітшіліктің орын алуына, көк байрағымыздың биікте болуына тілектеспіз. Беделі берік ұйымның осы бағыттағы қызметі мен бағыт-бағдары әскери қауіпсіздік пен қару-жараққа бақылау орнатуда салиқалы тұжырым жасайтынына да сенімдіміз.
Қасиетті қазақ жеріне 56 мемлекет басшылары табан тіреп, бас қосты. Оларға: «Қош келдіңіздер!» дейміз шын пейілмен. Әсем Астана сіздерді құшақ жая қарсы алып, жаңа идеялар өрісінің кеңеюіне, әлем халқының сенімін ақтаудағы жұмыстарыңызға сәттілік тілейді. Мемлекет басшысының қоғамдық, саяси тұрақтылықты сақтаудағы, көп ұлтты халықтың құқығын қамтамасыз етудегі дәйекті реформаторлығына жоғары баға берілетіні сөзсіз. Және жүргізіліп отырған бүгінгі саясатты толық қолдаймыз.
Қазақстан – біздің мақтанышымыз. Өңірдегі 13 000 неміс ұлты қазақ дипломатиясының бүгінгі жеңісіне ортақтасады. Саммит жұмысына сәттілік тілейміз.
Алматы облысы.
Бауырластық біздің байлығымыз
Кең байтақ қазақ жеріне 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар бауыр басқаны, олар тағдырын тұрғылықты халықпен тоғыстырып, жаңа өркениетті қоғамды қоян-қолтықтаса орнықтырып жатқаны аян. Азаматтық ынтымақтастықты, бірлік пен түсіністікті, этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету жас мемлекетіміз дамуының жарқын жолы болып отырғандығын бәріміз қадір тұтамыз. Соның ішінде Қазақстанның өндірісті аймағы – Қарағанды өңірін өздерінің құт мекеніне айналдырған литвандардың үлкен тобы көңілімізге жақын, жүрегімізге ыстық осынау ізгілік ниет шуағын күнбе-күн сезініп келеді.
Сүйікті Қазақстанымыз өмірі бүгінде тамаша өзгерістер, қуанышты жаңалықтарға толы болса, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының кезекті саммиті Астанада өтуін орны бөлек оқиға ретінде мақтаныш санаймыз. Қаншама ұлтты ортақ мемлекеттік мүддеге біріктіп, халықтар арасындағы туысқандық пен бауырмалдықтың өз ортамызда жарқыраған көрінісі осынау аса маңызды жиынға қатысушыларды қызықтырмай қоймасын сеземіз. Соның үлгісі әлемге жайылуын тілейміз.
Виталий ТВАРИОНОС, Қарағанды қаласындағы литван этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі.
Қарағанды.
Қонақ өз ырысымен келеді
Әлемде сірә, қазақ халқындай қонақжай, есігі кім-кімге де айқара ашық, құшақтары өзінің даласындай кең халық сирек шығар-ау деп ойлаймын. Қазақ мемлекеттілігінің арғы-бергі тарихында қазақ сахарасына кімдер келіп кетпеген. Бұл халықтың ақ дәмін кімдер татпаған. Алайда бүгінгі күні Қазақстанға келіп жатқан Саммит қонақтарының жөні де, жолы да бөлек деп ойлаймын. Бұл жолы олар қазақ халқына тән қонақжайлық дәстүрлерін айқын аңғарып қайтады деген ойдамыз.
Мен өзім казак болсам да қазақтардың арасында туып-өскендіктен қазақ тілін бір кісідей білемін. Сонымен бірге қазақ халқының мақал-мәтелдерін де орынды жерінде айтып қолданып жүремін. “Қонақ өзінің ырысымен келеді”, “ Қой егіз тапса, қос түп жусан артық шығады” дейді бүгінгі Қазақ елінің байырғы тұрғындары. Осынау халықтық нақылдарда терең мән-мағына, халықтық философиялық астарлар бар деп есептеймін.
Сондай-ақ осынау халықтық мақал-мәтелдердің арғы түпкірінде келген қонақ үй иелеріне салмақ салмайды. Ырысын ішіп-жеп, тауысып кетпейді. Керісінше өзінің келуі арқылы сол шаңыраққа тек жақсылық, бақ-береке, татулық, амандық-саулық тілеп, ырысының молая түсуіне септігін тигізеді деген түсінік жатыр.
Жоғарыда айтқанымдай, бұл жолы біздің ортақ отанымыз – Қазақстан ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларын өз топырағында қарсы алып отыр. Бұл барлық қазақстандықтар үшін зор мәртебе, үлкен мерей. Бұл қонақжайлықтың бұрын-соңды болып көрмеген тамаша үлгісі мен эталоны.
Біздің Жайық өңірінде алыстан келген қонақтарға: “Қош келдіңіздер!” деумен бірге, сол қонақтар өз елдеріне аттанар тұста да: “Әр уақытта да қош келесіздер”, дейтін әдет бар. Саммит қонақтарына қатысты да мен осылай дегім келеді. Қош келдіңіздер, сонымен бірге әр уақытта да қош келесіздер. Төрімізге шығыңыздар. Біз сіздерді ізетпен қарсы алуға әзірміз. Биіктікті, дархандық пен кісілікті біз сіздерге Қазақстанның барлық түпкірінен де тауып бере аламыз, құрметті қонақтар, мәртебелі меймандар.
Анатолий АВИЛОВ, Орал-Жайық казачествосы қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Орал.
Саммит өтетін сарай
Осыдан екі жыл бұрын Астана қаласының 10 жылдық мерейтойы қарсаңында елорданың бірнеше жерінде әсем ғимараттардың салынып, бой көтергені белгілі. Солардың ішіндегі Бейбітшілік және келісім сарайына қарама-қарсы тұрған Тәуелсіздік сарайы бүгінде еліміздегі ең әдемі мәдениет ордасына айналып отыр. Бұл ғажап ғимарат Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен халықаралық басқосулар мен форумдарды өткізуге ғана емес, басқа да іс-шараларды ұйымдастырып, көрмелер қойып, келушілердің демалуына арналып салынған. Мұнда қазіргі заман талабына сай жасалған қызықты да тартымды қызмет түрлері бар. Міне, осындай еліміздің абыройын асырып, беделіне бедел қосатын алып сарайда бүгін және ертең ірі басқосудың өтетіні белгілі. Бұл жиын ЕҚЫҰ Саммитіне арналып отыр. Осыған орай біз Тәуелсіздік сарайының бас директоры, профессор Тілеуғали ҚЫШҚАШБАЕВПЕН кездесіп, аталмыш ғимарат жөнінде әңгімелеп беруін өтінген едік.
– Алдымен Тәуелсіздік сарайының салынуы жөнінде сөз қозғасаңыз. Құрылыс қашан басталды? Қанша уақытқа созылды? Ғимаратты салу кезінде сарайдың қандай ерекшеліктері болу керектігі ескерілді?
– Сарайдың құрылысы жөнінде айтпас бұрын, оның мәні мен маңызына тоқталсам деймін. Тәуелсіздік сарайы, өзінің аты айтып тұрғандай, еліміз егемендігінің бір символы болуы үшін салынған деп ойлаймын. Өйткені, нақ осы жерде әлемге еліміздің атын танытатын үлкен халықаралық басқосулар өткізіліп келеді. Дүние жүзіне Қазақстанда өтіп жатқан іс-шаралар туралы ақпараттар осы жерде ұйымдастырылатын түрлі жиындардан да таратылады. Сондықтан Тәуелсіздік сарайының елімізді әлемге танытуда мәні мен маңызы зор деп санаймын.
Енді ғимараттың өзіне келетін болсақ, оның құрылысы 2007 жылы басталып, 2008 жылы аяқталды. Құрылысты түркиялық “Сембол Иншаат” компаниясы жүргізді. Ғимараттың бой көтеруі кезінде сарайдың басқа мәдени нысандарға қарағанда ерекшеліктері болу керектігіне баса назар аударылғаны рас. Өйткені, жаңа нысанның ерекшелігі болмаса, ол көп сарайдың бірі болып қалар еді. Сондықтан біз құрылыс кезінде бірнеше ерекшеліктер болу керектігін ескердік. Алдымен сарайдың алдында “Қазақ елі” монументі орналасты. Монументтің орталық элементі – мәрмәр тастан жасалған биіктігі 91 метр діңгек пен ұзындығы 120 метр тізбек. Діңгек іргетасында еліміздің Конституциясын бейнелейтін плита орналасқан және шыңында аңыз құсы – самұрық бейнеленген. Бұл егемен еліміздің тәуелсіздігін білдіретін белгі болып саналады.
Жалпы, Тәуелсіздік сарайы үш қабаттан тұрады. Оның әрқайсысының өз ерекшеліктері, келушілерді қызықтыратын жерлері өте көп.
– Енді сарайдың сәулет ерекшелігі жөнінде айтсаңыз. Ол елімізде ғана емес, шетелдерде де қызығушылық тудыруда деп естіп жатырмыз...
– Осы жерге келген шетелдіктер бізге ризашылықтарын білдіруде. Бұл факт. Өз елдеріне барғанда алғыс хаттарын жазып, сарай туралы жылы лебіз айтатындар өте көп. Ал сәулет құрылысына келер болсақ, ғимараттың қазіргі заман технологиясы бойынша салынғанын атап өту керек. Сарайдың негізгі қызметі – съездер, түрлі форумдар, конференциялар, басқосулар, мерекелік іс-шаралар және шығармашылық кештер, концерттер өткізу.
– Сарайдың әр қабатында қандай қызмет көрсету орындары бар?
– Бірінші қабатында бір уақытта 3 500 адам еркін сыйып отыратын жиналыс залы бар. Ол жылжымалы қабырғалардың көмегімен төртке бөлінеді. Бұл жерде жұмсақ орындықтарды бөліп алып кетіп, сол арқылы залды кеңейтіп, көрмелер өткізуге болады. Концерттік залда екі экран мен сахна алаңы бар. Ал жиналыс залының көлемі – 4 775 шаршы метр. Сонымен бірге, осы қабатта қазіргі заманның озық технологиясымен жабдықталған 220 орындық баспасөз орталығы орналасқан. Бұл жерде лингвистикалық техника, дыбыс күшейткіш аппаратура, кафедралды үстел және ең күшті дыбыс өткізбейтін құралдар бар. Олар баспасөз мәслихаттары мен конференциялар, пікірсайыстар мен пленумдар өткізуге өте қолайлы. Баспасөз орталығының оң қанатында 268 орындық салтанат залы орналасқан. Аса маңызды мәжілістерге арналған ол дыбыс күшейткіш аппаратурасымен жабдықталған.
Сарайда эскалаторлар жұмыс істейді. Ғимараттың оң жақ кіреберісінде мәрмәр бағаналарымен үш бөлікке бөлінген 678 орындық мейрамхана бар. Оның терезе витриналары залды жарық әрі жайлы етіп көрсетеді. Жалпы, сарайдың бірінші қабаты ұлттық нақышта және қазіргі заманға сай стильдердің үйлесімділігімен ерекшеленеді. Мұнда декор элементтері – кереге стилінде жасалған металл конструкциялары, металмен безендірілген ағаш, ақ мәрмәр, хрусталь шыны, витраждар мен төбедегі витраждардың оюларын қайталайтын жұмсақ кілемдер бар.
Сарайдың екінші қабатында көрме залдары орналасқан. Олардың көлемі 7 022 шаршы метр. Ыңғайына қарай көрме залдары әртүрлі бояу түстерімен айшықталған. Негізінен, сары мен жасыл түстер қамтылған. Сары мен жасыл залдар 735, 29 шаршы метрлік қосалқы залмен біріктірілген. Этнография және археология залы мен Қазіргі заман өнер галереясы үйлесімділікпен жалғасқан. Сары көрме залында, яғни галереяда ұзындығы 14, 29 метр және 6,2 метрді құрайтын сахна алаңы бар. Сонымен бірге, екінші қабатта 30-дан астам кеңсе бөлмелері мен қоймалар орналасқан. Сарайдың үшінші қабаты Астана қаласының тарих мұражайына арналған. Мұнда орта ғасырдағы қалашық Бозоқтан бастап елорданың қазіргі даму кезеңіне дейінгі аралық қамтылған. Мұражайда экскурсия жүргізуге ыңғайлы жарықтармен қамтамасыз етілген алаң мен 360 градусқа айналатын кинотеатр және оның панорамалық экраны бар. Кинотеатрдың сол жақ қанатында елорданың экономикалық дамуы мен өрлеуі жайында “Астана-10 фильм” атты 10 монитор жұмыс істейді. Сонымен бірге, осы жерде қазақтың салт-дәстүрлерін айшықтайтын электронды кітапхана орналасқан. Үшінші қабаттың оң жақ қанатында Астананың бүгіні мен болашағын көрсететін үлкен макет залы бар. Оны Оңтүстік Кореяның “Model Park” компаниясы жасаған. Осы қабатта келушілер 4D форматындағы фильмдерді тамашалай алады. Үшінші қабаттың фойесінде 128 орындық дәмхана, пікірсайыстар, форумдар мен дәрістер өткізуге арналған дөңгелек сахна алаңдары бар.
– Сарайдың Саммитке дайындығы қалай жүргізілді?
– ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өтуі – еліміздің мәртебесін биіктетіп, халықтың абыройын асқақтатыны сөзсіз. Сондықтан Президент Әкімшілігі, Үкімет, Сыртқы істер министрлігі, Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп қараша айында дайындық жұмыстарын ерекше қарқынмен жүргіздік. Осы күндері негізгі жұмыстар толық атқарылды. Саммит өтетін бірінші қабаттағы үлкен залда техникалық құрылғылардан бастап, дыбыс күшейткіш, жарық пен аударма жұмыстарына керекті жабдықтар толығымен тексеруден өткізіліп, іске қосылды. Біздің Тәуелсіздік сарайының қызметкерлері күні-түні жұмылып жұмыс жасауда. 26 қарашадан бастап, ЕҚЫҰ Саммитіне дүние жүзінен келген өкілдер жұмыс жасап жатыр. Елордамыз – Астана қаласы мен Тәуелсіздік сарайын көріп, өздерінің жүрекжарды әсерлерін айтуда. Өз кезегінде Тәуелсіздік сарайының ұжымы ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңында шетелден келген қонақтарға мінсіз қызмет көрсетуде.
Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.
Саммит сәттері

