30 Наурыз, 2016

Ғибратты ғұмыр

466 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Нургожа ага«Мың өліп, мың тірілген» қазақ шежіресінде өткен ғасыр­дың 60-шы жылдары Арқа­дағы бес облыстық қазақ газет­тері жабылып, қабырғалы қалам­гер­лері «Тың өлкесі» атты ақмо­ла­лық жалғыз газеттің төңірегіне топтасты. Арқадағы ұлт зиялы­лары­ның қаймағындай осы топ ежелгі Қараөткел топырағына мол рухани игілік, үлкен қазақи қазы­на әкелді. Сол қарымды топ­тың құрамында Қостанайдың об­лыстық газетінен келген жас тіл­ші Нұрғожа Ораз да бар еді. Ол туралы қазақтың белгілі қа­лам­гері Сарбас Ақтаев былай тебі­ренген болатын: «Нұрғожа өл­ке­лік газетке әдеби қызметкер бо­лып орналасып, табан аудар­май Ақмола топырағында тұ­рып қалды. Қараөткелдің киелі топырағы оның дарыны бүр жа­рып, гүл ататын құнарлы мекенге айналды. Оның ақындық дарыны дәл осы жерде қанат жайып, қалың оқырман қауымға жол тарт­ты. Осы өңірде ұзақ тұрған ол бүкіл Сарыарқаның шежіресі іспетті...». Иә, Арқаның аяулы ақсақалы, қабырғалы қаламгер, асыл ағамыз Нұрғожа Ораздың өмірден озға­ны­на да, міне, 40 күннің бедері бо­лы­п­ты. Қалам жанрының барлық сала­сын­да, қоғамдық іс­те­р­дің қалың орта­сын­да өзін­дік айшықты ізін қалдырған Нұр­ағаң – Нұрғожа Нарынбайұлы сараб­дал сабыр­лылығымен, ешкімге қиянаты жоқ адал­дығымен, сөзге шешен, ойы терең пара­сат­­ты­лығымен кешегі Ақмола, бүгінгі Ас­­тана­ның абыз шежіресі, шы­ғармашылық ор­та­сының ғибрат алар ақылшысы болған еді. Жар­ты ғасырдан астам шығармашылық ең­бек жолында Нұрғожа Ораздың Астана қ­аласы мен астаналық об­лыстың мәдени дамуы­на, рухани толысуына қосқан үлесі өлшеусіз. 1965 жылы Нұрғожа ағамыз респуб­ли­камыздың солтүстік ай­ма­ғындағы бес об­лыс­ты қамти­тын Қазақстан Жазушы­лар одағы Целиноград облысаралық бөлім­­ше­сінің жауапты хатшысы болып тағайындалып, оны 1991 жылы таратыл­ғанға дейін бас­қарды. Әлі есімде, сонау жет­пі­сінші жы­л­­дары қазіргі Астана қаласының әкім­дігі орналасқан ғимараттың жетінші қаба­тында үш редакция (қазақша-орысша облыстық газеттер және республикалық неміс тілді «Фройнд­шафт» газеті) және Қа­зақ­стан Жазушылар одағының об­лыс­аралық бөлімшесі орналасқан болатын. Бөлімшеге қарасты үл­кен бөлмеде оның жауапты хат­шысы Нұрғожа Ораз және әде­би кеңесшілері жазушы Әскен Нә­биев пен ақын Владимир Гун­дарев оты­ратын. Бұл орта Ал­м­ат­ы­дан келетін ақын-жазушы­лардың атбасын тірейтін орны, бес облыстан келетін жас қалам­герлер­дің жи­налатын ұясы еді. «Ақмолада шығар­ма­шылық қауым атбасын тірейтін орын бол­­­­­ма­ған екен» деп кейбіреулер айтып жүр­гендей емес, «Кеңестер үйі­нің» жетінші қабаты сөз ұстап, өнер қуған қауымның қай­на­ған ортасы болатын. Облысаралық бө­лім­шенің осы шағын шаңыра­ғында Сәбит Мұқановтан бас­тап, қазақтың талай-та­лай марғас­қаларының жүздесулері өткен еді. Жалпы, күні кешегі тоқырау жылдары біздің халқымыздың басына түскен ауырт­палық, оған жасаған қысастық пен қиянат аз болған жоқ. Тіпті, ғасырлар бойы қалып­тасқан ұлттық бол­мы­сымыздан да айы­рылып қала жаз­даған жоқпыз ба? Соның ішін­де айрықша зардап шеккен ұлт­тық өнеріміз болатын. Бұл тек қаза­ғы аз солтүстік облыстарға ғана қатысты ахуал емес еді. Ұлт­тық өнердің аяғына тұ­сау салу мақсатында «түрі – ұлттық, маз­мұны – со­циалистік», «интер­на­цио­­налдық» деген небір кедергі­лер де қойылды. Сөйтіп, ұлт­тық өнеріміз көмескіленіп, оның кей­бір түрлері тоқырай бастады. Мәселен, Ақмола өңірінде ақын­­дар айтысы соңғы рет 1957 жы­лы өткізілген көрінеді. Содан ке­йін бұл өнер Арқада ұзақ уа­қыт ауызға да алынбапты. Респуб­ли­ка деңгейінде жетпісінші жыл­дар­дың орта­сында қолға алынып, әр жер-әр жерде ақындар айтысы ұйымдастырыла бастады. Сол тұста Нұрғожа Ораз Ақмола өңі­рін­де айтыс өнерін қайта тү­ле­ту­дің ұйытқысы болды. Ол жо­ға­ры басшыларға ақындар ай­ты­сын өткізу туралы ұсыныс жасап, облыстық, қалалық пар­тия комитеттеріне бірнеше рет хат жазады. Басшылардың арна­йы қабылдауларында болып, ті­ке­лей әңгімелеседі, айтысты қа­лай өткізу керектігі жөнінде жаз­баша да, ауызша да толық мағ­лұ­маттар береді. Облыс, қала басшылары «ұзын арқан, кең тұсаумен» жүріп алады. Нұре­кең сонда да алған бетінен қайт­пай, табандылық танытады. Ақыры Нұрғожа Ораз облыстық мә­дениет басқармасының рұқ­сатымен 1981 жылы Целиноград облыстық ақындар айтысын өткізеді. Облыстың барлық дер­лік аудандарының ақындары қа­тысқан алғашқы айтыс табыспен өтті. Сөз жоқ, бұл хал­қымыздың өшкені жанып, өлгені қайта тіріл­гендей теңдесі жоқ зор қуанышы еді. Арқа атырабында айтыс өнері­нің қайта түлеуі бастауында ақын Нұрғожа Ораз тұрды. Ол жеті дүр­кін (2 рет рес­публикалық – Бөген­бай батырдың 300 жылдығы мен С.Сейфуллиннің 100 жылдығына арналған, 5 рет облыстық) ақын­дар айтысын өткізіп, әділқазылар алқасына төрағалық жасапты. 1991 жылы қазақтың қамал-қор­ғаны – Қан­жығалы қарт Бөген­бай­дың 300 жыл­дығына арнап, республикамызда алғаш рет бел­гі­лі режиссер, марқұм Жақып Омаров­тың жетекшілігімен «дала сахнасында» өнер көрсетілсе, Нұр­ғожа Нарынбайұлының же­тек­шілігімен ірі республикалық ақын­дар айтысының шымылдығы ашылды. Сол бір дүбірлі күндері ұлы тойдың қос қанатын қом­да­ған Жақып аға мен Нұрғожа аға­ға қол­ғабыс еткен күндер де әлі есте. Сол той­дан кейін қа­зақ мә­дениетінің білгірі, бел­гілі мем­­лекет және қоғам қай­рат­кері Өз­бе­кәлі Жәнібеков: «Респуб­ли­ка­мызда ақындар айтысы қайта жанданғаннан бергі соңғы он жыл ішіндегі ең бір тамаша айтыс осы болды», деп баға берген екен. 1991 жылғы ақпан айынан бастап, Нұрғожа Ораздың тікелей бастамасы­мен, ұйымдастыруымен әуелде республика­ның 8 облы­сы­на тарайтын, кейіннен еліміздің барлық өңірлерін қамтыған рес­публикалық әдеби-көркем, қоғамдық-саяси «Сарыарқа» (кейіннен «Жаңа Сарыарқа») журналы жарық көре бастады. Қандай да бір игі бастаманы қолға алған адам оның алдағы жауап­кершілігінің ауыр жү­гін де мойнына артады ғой. Шығар­ма­шылықпен «үш қайнаса сор­па­сы қосылмайтын» нарық зам­анын­­да әдеби журналды әрі ұйым­­дастырып, әрі бас редак­торы болу оңай болған жоқ. «Сарыарқа» журналын шығаруды қолға алған сәттен бастап бас редак­торының алдында негізінен екі басты міндет тұрды. Бірінші, Ал­матыд­ағы Жазушылар ода­­ғы­ның қамқорлығынан тыс қал­ған шалғайдағы жергі­лік­ті қаламгерлердің шығар­ма­шы­лық жолда көрініп, танылуы­на көмектесу. Екін­шіден, «Сары­арқаның» ғасырлар бойы үзіл­­мей келе жатқан уыз әдебиеті мен ұлттық бай мұраларын қайта жаң­ғыртып, оны халыққа кеңінен наси­хаттау еді. Журнал қарымды қалам­гер Нұрғожа Ораздың қа­жыр­лы еңбегінің нәти­жесінде бұл мін­детті ойдағыдай ат­қарып шықты. «Сарыарқа» журналының ал­ғаш­қы төрт жылдық сандарына белгілі ғалым, сыншы Зейнолла Серікқали талдау жасай келіп, еліміздің әдеби өміріндегі елеулі оқиға ретінде баға берді. Ол «Еге­мен Қазақстан» газетінде жарыққа шыққан мақаласында журналдың шығармашылық тынысын жоғары бағалады. Халық жазушысы, марқұм Әбіш Кекілбаев журналға өзінің үнемі қалам тартып келге­нін атап көрсете келіп: «Бұл әдеби жур­нал болумен бірге ғылыми-та­ным­дық журнал болды деуге то­лық негіз бар», деген пікір айтқан еді. Нұрекең ауқымды шығарма­шылық жұмыстарына қарамастан, астаналық өңір­дің қоғамдық өміріне де белсене араласты. Бұ­рын облыстық партия комитеті, об­лыстық атқару комитеті, ке­йін­­нен қалалық әкімдіктің, Премьер-Министр Кеңсесінің, Пре­зи­­дент Әкімшілігінің тарапы­нан бері­летін қауырт тапсыр­ма­ларға белсене араласты. Мә­се­­лен, ол Қазақстан Рес­пуб­­­­­ли­ка­­сы Президенті жанын­да­ғы Ра­қым­шылық жасау комис­сия­сына тұрақты мүше болды. Астана қа­ла­сының ономастика және эко­логия комиссиясына ұзақ жыл­дар бойы белсенділікпен ара­ласты. Осы ретте Нұрғожа Ораз елорданың бірқатар көшелерінің атауын қазақша өзгертуге өзіндік үлесін қосты. Патша көңіл оқырманына ақын, жазу­шы, публицист ретінде кеңі­нен таныл­ған Нұрғожа аға­мыз жүрек сырын ақ қағаздың бетіне түсіруден бір сәт қолын үзбей өткен қаламгер. Өмірінің соңғы сәтіне дейін ол қолынан қала­мын түсірген жоқ. Асыл аға­ның жарық дүниедегі соңғы ты­нысымен бірге тоқтаған тыным­сыз еңбегінің нәтижесінде 40-тан астам кітап оқырман қолы­на тиді. Әр жылдарда жарық көрген осы кітаптардың әр­қай­­сысы оқырмандардан жә­не әде­биеттанушылар мен қалам­гер­лерден лайықты бағасын алды. Мәселен, «Тың түлегі» поэмасы жас ғалым Батырхан Дәрібаевтың канди­даттық диссертациясына негіз болса, 1997 жылы шыққан «Сарыарқа сыр­лары» атты өлең­дер жинағына «Егемен Қазақ­станнан» бастап бірнеше газет­­те салиқалы авторлардың жо­ғ­а­ры баға берген мақалалары жа­рия­ланды. Ал «Айыпкер» по­ве­с­іне белгілі сыншы Бақыт Сар­­балаев «Қазақ әдебиеті» га­зе­­тін­­д­е толымды талдау жа­сап, әде­­биеті­міздегі табысты шы­ғар­­ма­лар­дың бірі ретінде атап көрсетті. Ақиқатын айтсақ, Нұрғожа ағамыз өзі өмір сүрген уақыт шежі­ресін хал-қаде­рін­ше жыр­лап, хатқа түсіріп, тасқа ба­сып қалдырған ақын. Оның поэ­зия­сындағы бір ерекшелік, ол оқыр­мандарын ойландыра отырып, жыр жолдары арқылы ашық сырласуға тартады. Осындай ойлана оқитын поэтикалық тәсілді ақын табиғат көрінісін суреттеуде де, өмір тура­­лы толғаныстарында да, көңіл күйін бей­нелеуде де, махаббат жырларында да берік ұстанады. Жалпы, ақын Нұрғожа Ораздың шығармашылығына жан досы, Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Тұман­бай Молдағалиевтен артық ешкім баға бере алмас. «Нұрғожа поэма деп ат қойып, айдар тағып, «Тың түлегі», «Қырандар ұясы», «До­сымның тағдыры» деген дү­ниелерін оқырмандарына ұсын­ды. Осы үш шығармадан да мен Нұр­ғожаның ақындық мүм­кін­дігі­нің молдығын, шапқан са­йын тынысының кеңейе түсе­ті­нін аңғар­дым. Шығар­машы­лық­қа толы жарты ғасыр текке кет­кен жоқ», – дейді Тұманбай Молдағалиев. Осы ретте қазақтың қос ақыны Тұман­бай Молдағалиев пен Нұр­ғожа Ораздың арасындағы қалт­қысыз достық ақындар ара­сында, жалпы, шығармашылық сала­сының азаматтары арасында си­рек ұшы­расатын шынайы дос­тық болғандығын айтпай кете алмаймын. Бұдан көп уақыт бұ­рын­ғы кезеңде де Нұрекеңмен кез­дейсоқ кездесіп қалған сәттер­де ол әңгі­месінің әлқисасын Тұманбай досының шы­ғармасынан бастай­тын. Қазақ лири­касының хас шебері Тұмағаңның сиясы кеппе­ген жаңа өлеңдерінің бірін жатқа оқып: «Тұмашымның жаңа туын­дысы еді, Тұмашымның поэти­калық тынысын көрдің бе?!» деп тап бір өзі қайталанбас дас­тан жазғандай қуанатын. Ал Тұман­бай Молдағалиев болса: «Мені әде­биетке жетектеп әкелген Нұр­ғожа, әдебиет үйір­месінде мені ұс­тап берді», деп ақын досы­ның аза­маттығын алға тартып өтті. Иә, өт­кеннің өнегесіндей, ұрпаққа ұлағат болардай-ақ шынайы достық! Ақмоланың абызындай болған Нұре­кең­нің үлгі тұтар өнегелері өрісті еді. Ата дәстүрді пір тұтқан ақ жеңгеміз – Айман тәтеміз екеуі ортаның гүлі, тойдың сәні болатын. Сыңарынан айырылған аққудай ақ жеңгеміз жалғызсырап қалды. Амал қанша, орнында бар оңалар! Асыл ағамыздың артында қалған мол шығар­машылық мұрасы оқырман игілігіне айналып, ақын Нұрғожа Ораздың екін­ші мәңгілік өмірі ұза­ғынан болсын. Ен­дігі айтылар ойды ақын Тұманбай Мол­дағалиевтің сөзімен түйіндесек: «Шабы­сынан жаңыл­маған ақын достың өлең өлкесіне әкел­ген қазынасы аз да емес, көп те емес. Сенің ұзақ жылғы ең­бегіңнің еліңді сүй­сін­діретініне мен де үлкен сенім­мен қарай­мын. Өміріңнің ұзақ жолын­дағы сенімді серігің жырларыңның ғұмырлы болуына тілектеспін!». Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».