07 Сәуір, 2016

Олимпиада чемпиондарының сабағы

294 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
7-20Астанадағы №56 мектеп-лицейдің оқушылары мен оқытушылар құрамы Олимпиада чемпиондарымен кездесті. Кездесуде 9-12 жастағы оқушылар алғаш рет спорттық жаттығуларды Олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбырайымовпен және Юрий Мельниченкомен бірге жасады. Сабақ Астана қаласы саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен «Физкульт-Ура!» әлеуметтік жобасының аясында өткізілді. Шараның мақсаты – жаңа фитнес технологияларды қолдана отырып, өскелең ұрпақтың бойына саламатты өмір салтын қалыптастыру, спортқа деген қызығушылығын арттыру. Аталған шара толық оқу жылын қамтитын болады. Алдағы кезде Олимпиада чемпиондары мұндай спорт сабақтарын Астананың бес мектебінде ұйымдастыруды мақсат етіп отыр. – Бұл шара алда келе жатқан Денсаулық күніне орай жоспарланған. Бұдан бөлек 7 сәуір күні «Денсаулыққа арналған 5 минут» акциясы өтеді. Біз қаланың басқа да мектептерінде 25 сабақты өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Ермахан Ыбырайымов. Ол кездесуде қазір балалар мен жасөспі­рімдердің спортқа деген белсенділігі төмендеп бара жатқанын, телефондарға телміріп, план­шеттерді жағалаған жеткіншектердің спортқа деген қызығушылығы күн санап азайып отырғанын айтып, осындай жобалардың жиі-жиі қолға алынуы керектігін атап өтті. «Астана» президенттік кәсіби спорттық клубының спорт менеджері Юрий Мельниченко өз кезегінде денешынықтыру сабағының, оның жүйесі мен әдістемесінің өте маңызды екендігін айтты. Ол сондай-ақ, өзге де әріптестерімен бірге осы бір шараны қолдай отырып, арнайы уақыт бөліп, жинаған тәжірибелерін ортаға салуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл ретте спорт маманы оларға «Worldclass» фитнес-клубының көмекке келетінін де жеткізді. – Бұл игі бастаманың тек басы ғана. Денсаулық күніне орай биыл бас қаланың барлық емханалары мен ауруханаларында бір сәтте дене­шынықтыру жаттығулары жасалмақ. Бұған қоса еліміздің барлық өңірлерінде түрлі флеш-мобтар, жаппай жүгіру және саламатты өмір салтын насихаттаудың басқа да акциялары жоспарланып отыр, деді Юрий Мельниченко. Назым ҚАЙРАТ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің студенті. АСТАНА.