07 Сәуір, 2016

Көп біріксе, әлеуетті күшке айналады

331 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
заремаӘлем тыныштығын, қақтығыссыз, соғыссыз өмірді қаламайтын адамзат баласы жоқ дегенімізбен, дәл қазіргі күннің өзінде мамыражай тірлікті аңсап, атылған оқтың, зеңбірек гүрсілінен қорқа оянып, бас сауғалап босқын болып жүргендер қаншама. Осы ретте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте сөйлеген сөзі жаһандағы тыныштықты сақтау жайындағы іргелі ойларымен ерекшеленді. Біздің тілшіміз Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Зарема ШӘУКЕНОВАҒА жолығып, оны әңгімеге тартқан еді. – Зарема Кәукенқызы, бей­біт­шілікті ұстап тұру бейне бір оқыс қимылдасаң күл-пар­шасы шығатын шыны бұйым тәрізді. Оны аялап, шаң басса жуып, сүртіп, тазалап күтпесең, лайланғаны да ай­қын көрінеді. Әлем бейнесі қазір сағал-сағал, лайы күн көзін көлегейлеген әйнек тәріз­ді. Алысты айтпағанның өзін­де, ТМД аймағы да тыныш емес. Осы тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем көш­бас­шылары жиылған жерде сөй­леген сөзінің маңызы арта түсе­тіні анық емес пе? – Рас айтасыз, теңеуіңіз жақсы екен. Шынында да, жаһандық қауіпсіздік – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Елбасы айтқан­дай, ынтымақтастықтың жаңа дәуірі елесті сағымға айналып кетуі әбден ықтимал. Соғыс виру­сы­ның тыныш жатқан елдерге де кіріп кетіп жатқанын көрген соң Президент Н.Назарбаевтың саммитте жар салған ойы осындай зұлматты болдырмаудың алдын алудың қаншалықты маңызды екендігіне мән беруімен, бұл ретте, күш біріктірудің маңыздылығына тоқталуының планетадағы адамдар үшін қажеттілігін айқындай түсті. Тыныштығының сәні кеткен қатерлі аймақтар, өкінішке қарай, біздерден алыс та емес. Таяу Шы­ғыста лаулаған соғыс өрті­нен туған геосаяси «ойын» өзге ел­дерді де қарпып, мәселен, Түр­кия сынды аймақтағы мықты бір ойын­шыны да ұйығына тартып барады. Осындай тұста ядролық қауіп­сіздік мәселесінің маңызы үстемелене түседі. Уақыт өткен сайын ядролық қаруы бар елдердің қатарының көбеймесе азаймай отырғаны да өкінішті. Франция, АҚШ, Ұлы­британия, Қытай, Үндістан, Ресей сапына Солтүстік Корея, Иран, Израиль сынды мемлекеттердің қосылуы ядролық проблеманың өзектілігін тіптен өрістетті. Солтүстік Кореядағы бірнеше ядро­лық сынақтан әлем дір етті және қауіпсіздік мәселесінің, сіз айтқандай, шыны әйнек тәріздес екендігін байқатты. Бұл ретте, Қазақстан тарапы­ның қауіпсіздік мәселесі тура­сындағы жоғары мінберден айтқан сөзінің өзектілігі құнды бола түседі. Дұрыс айтасыз, ядролық сынақ өткізіп, қатерлі қаруды қоймасына қойып, дүрдиген елдердің саны азаймай отыр. Өкінішке қарай, ядролық қару­дан өз еркімен бас тартқан ел әзірше жалғыз. Неге? Біздің еліміз тек өзі ғана емес, Орталық Азияны ядролық қару­дан ада аймаққа айналдырды. Ал күні кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзатты ажал сепкен соғыс қатерінен мүлде арылту үшін қолымыздан кел­геннің бәрін жасауымыз керек. Біз үшін қазір және таяу болашақта бұдан көкейкесті міндет жоқ деген сөзінің, табанды түрде осы бағытта талмай еңбек етіп жүрген елдің көшбасшысының аузынан шығуы, қазақша айтқанда, «мың сіз-бізден, бір шыж-быж артық» дегендей, нақты қимылдың қажеттігін көр­сетіп тұр. Аса қынжыларлығы, Ядролық қаруға жаппай тыйым салу туралы шарт өзінің міндеттерін орындай алмай отыр. Бұл жерде алпауыт елдердің қосарланған стандарттар ұстануының сал­дарынан ядролық қаруды иеленгісі келетін елдер саны арта түсуі әбден мүмкін жайтқа айнал­ды. Өзіңіз ойлап көріңізші, егер осы адамзаттың тірлігіне үлкен қауіп төндіретін, бүкіл бола­шаққа балта шабатын қару терроршылардың қолына түссе не болады? Оны мүмкін емес деп кім айта алады? Сондықтан да жаһандық басқосуға жиналған жерде ащы да болса шындықтың ашық айтылғаны келешек үшін қажет, жұмыр Жерді жайлаған адамзат үшін қажет. Әрине, бұл жерде халық­аралық терроризм де қаперде тұрады емес пе? – Бұл да бір шетін мәселе. Біз­дің институт дінтанумен айналы­сатындықтан, ғалымдарымыз осы бір қатерлі дерттің жайылуының алдын қалай алуға болады, ха­лық­аралық терроризмнің діни сенімді бетке ұстап, адамдар өмірін жалмап, лаңкестікке баруы мә­­­се­­лелерін үнемі қаперінде ұс­тайды. Жалпы, дін мәселесі ерік­кеннің ермегі емес. Қазір байқалғандай, Самуиль Хантингтонның қайткенде де өркениеттер қақтығысы болады деген ойын құптаушылар баршы­лық. Ол не? Адамдарды алдын ала қақтығыстарға шақыру ма? Егер адамзат тарихына үңілсек, қазіргі күні бір-біріне қайшы дейтін ислам мен христиан әлемі бейбіт­қатар өмір сүруде, тіпті, бір бесікте – Араб түбегінде тербеліп туды. Соншама ғасыр қатар келе жатып, енді олар неге заман жетілген тұста қақтығысуы тиіс? Жоқ, әлемде ізгі ойлы адамдар болғанда, оның ішінде дін иелерінің жүректерінде имандары тұрғанда қақтығысқа орын жоқ. Қай кезде де көпшілікті көшелі тұлға, көреген басшы басқарып, елдік мұратты ізгілікке бастаса, жамандыққа орын табылмайды. Сондықтан да Қазақстан басшысы айтқан ізгілікті ойлар әлем мұра­тына айналады деп сенемін. Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».