• RUB:
    6.37
  • USD:
    510.59
  • EUR:
    578.91
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Қыркүйек, 2017

Сот төрелігінің тиімділігі артып келеді

37 рет
көрсетілді

Жоғарғы сот ғимаратының жанынан электронды сот төрелігін жетілдіру мен сот ісін жүр­гізуді жеңілдетуге бағытталған Аху­ал­­дық орталық өз жұмысын бастады. Ал бұл жоба Мемлекет басшысы Н.Назар­ба­евтың Цифрландыру мәселелері жөніндегі рес­публикалық кеңес барысында аталған ве­дом­ствоға жүктеген тапсырмалары негізінде жү­зеге асырылды.

Шараға Жоғарғы сот жанындағы Соттардың қыз­ме­тін қамтамасыз ету жөніндегі департамент басшысы Нұрсерік Шәріпов пен Жоғарғы соттың БАҚ-пен жұ­мыс жөніндегі үйлестіруші судьясы Елена Максюта қа­тысты.

«Біз бүгінгі таңда электронды сот төрелігі сот ісін жүргізуді жеңілдетуге, оның жеделдігін, қол­же­­тімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге ба­ғыт­талған тың бастамаларды қолға алудамыз. Оның нәтижесінде саладағы қызметтің барлығы да тұр­ғын­дардың сот жүйесіне деген сенім деңгейінің өсуіне не­гіз болып табылады», деді орталықтың ашылу сал­та­натында сөз алған Н.Шәріпов.

Айта кетейік, Ахуалдық орталық алаңында ауди­о­бей­­нетіркеу (АБТ) жүйесі мен бейнебайланыс жүргізу мүм­кін­діктері қолжетімді. 

Сонымен қатар бүгінгі таңда Ұлт жоспарының 20-қадамын орындау мақсатында еліміздегі барлық сот залдары (1 418 зал) АБТ жүйесімен толық жа­рақ­тандырылғанын атап өткен жөн. Осылайша, сот оты­рыстарының 98 пайызы АБТ жүйесін қолдана отырып жүр­гізіледі. Сол сияқты соттар жұмысына электронды хат­тама да енгізілгенін ескерте кетейік.

Жаңа орталық жұмысын таныстыру аясында сот са­ласының мамандары Қылмыстық-атқару жүйесі ко­митетінің мекемелерімен және уақытша ұстау абақ­тысымен тікелей бейнебайланысқа шықты. Мұн­дай әдіс­пен биылдың өзінде 9 589 материал қаралған. Сон­дай-ақ қажеттілік болған жағдайда кез келген сот оты­рысының қатысушысы өзіне жақын тұрған сот­қа ба­ру арқылы сот процесіне қашықтықтан қатысу мүм­кін­дігін пайдалана алады екен. Жыл басынан бері еліміздегі сот қызметінде Мобильді сот кабинеті іске қосылғаны белгілі. Ендігі жерде тараптардың қайсыбірі сотқа келмесе де болады. Яғни, сот процесіне интернетке қосылған мобильдік құрылғы арқылы шетелде жүріп те қатысып, сұрақ қойып, жауап ала аласың деген сөз. Ахуалдық орталықтың артықшылығы да осыған ұқсас. Бұл онлайн режімде тәулік бойы өзекті сот ақпаратын жинау мен талдауға мүмкіндік беретін соттар қызметіне мониторинг жүргізудің бірыңғай жүйесі. Жо­ғарғы соттың әрбір қызметкері осы орталық ар­қылы жұмыс процесіндегі ықтимал іркілістерді кө­ріп, оларды жедел түрде түзету бойынша шаралар қа­былдай алады. Яғни, 370 жергілікті соттың жұ­мы­сын орта­лықтағы 700 көрсеткіш бойынша ба­қылау мүм­кін­дігі туды. Ал орталыққа келіп түсетін ақ­параттық іс қағаздар мен сот ісін жүргізу, «Төрелік» жүйесінің құрамдас бөліктеріне мониторинг жүргізу сынды шаруалар 4 блокқа бөліну арқылы жүзеге асырылады.

Оның біріншісі – республикадағы барлық соттар кеңселерінің жаңа хат-хабарларын тіркеу, істер мен материалдарды автоматты түрде бөлу жұмысын қадағаласа, екіншісі – «Төрелік» жүйесінің барлық серверлік құрамдас бөліктерінің жұмыс істеу мүмкіндіктерін бақылайды. Бұл жүйе 25-тен астам көрсеткіштен тұрады және белгіленген параметрлерден ауытқушылықтарға жедел түрде ден қоюға, олардың жұмысын тұрақтандыру бойынша қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. Үшінші блок киберқауіптерге дер кезінде ден қояды және олардың болашақта пайда болу ықтималдығын жояды. Соңғы блок республикадағы барлық сот отырысы залдарындағы ахуалды жедел қадағалайды.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»