Президент Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының екінші бөлімінде қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап ететінін алға тарта отырып, таяу жылдары атқарылуы тиіс міндеттерді белгілеп берді.
Осыған байланысты алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынды. «Біріншіден, – деп жазды Елбасы, – қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттілігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық». Президент бұдан әрі қазақ тілі әліпбиінің тереңнен тамыр тартатынына назар аударады. Иә VI-VII ғасырларда (ерте орта ғасыр кезеңі) Еуразия құрлығында ғылымға «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы пайда болып, қолданылды. Бұл адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі еді. Ал V-XV ғасырларда түрік тілі Еуразия құрлығының аса ауқымды бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды. Айталық Алтын Орданың бүкіл ресми құжаттары мен халықаралық хат-хабарлары негізінен ортағасырлық түркі тілінде жазылды. Халқымыз ислам дінін қабылдаған соң руникалық жазулар біртіндеп ысырылып, араб тілі мен араб әліпбиі тарала басталды. Сонымен Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін, 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылды. 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президумы латындырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды. Осылайша, қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы негізінен нақты саяси себептермен айқындалып келді.
Н.Төреқұлов Түркістандағы кеңес мәдениеті құрылысы, білім беру мен ағарту мәселелеріне ерекше мән беріп отырды, осы салалардағы нағыз реформаторға айналды. Оның идеялары, ой-арманы өзі ұйымдастырып, басшылық еткен басылымдарда жарияланған мақалаларында айқын көрініс тауып отырды.
Елбасының бағдарламалық мақаласын әбден екшеп, ой елегінен өткізіп, мың ойланып, жүз толғанып барып қолына қалам ұстағаны анық. Бұл еңбекті елдік толғауы десек те болады. Себебі қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі Қазақ елінің рухани жаңғыруы аясында жүзеге асырылғалы отырған кең ауқымды жобалардың бірі екендігі айдан анық. Қоғамдағы қызу талқылаулар бұл проблеманың қаншалықты маңызды екенін дәлелдеп отыр.
Қазақ елі латын қарпіне көшуге ауық-ауық талпыныс жасап келеді. Елбасы 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында латын графикасына көшу мәселесін зерттеуді тапсырған болатын. Осыған орай арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында білікті тіл ғалымдары мен қоғамдық институттардың мамандары жұмыс істеді. Жалпы қазақтың тіл мамандары латын қарпі үлгісін жасау жолында көп ізденіп келе жатқанын айтуымыз керек. Соңғы мәліметтер бойынша елімізде қазірге дейін жүзден астам жоба дайындалған. Әзербайжан, Өзбектан және Түркменстанға ғылыми экспедициялар ұйымдастырылып, тәжірибелері мұқият сараптаудан өткізілді.
«Мен, – деп жазады Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында, – 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім. Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз. Яғни 2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз».
Мемлекет басшысы үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырды. Сондай-ақ Елбасы 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керектігін де жеткізді. Ал 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісу қажеттігіне назар аударды.
Қазіргі кезде қазақ зиялылары Елбасының бағдарламалық мақаласын қызу талқылауды жалғастыра түсуде. Бұл заңды да. Ұлтымыздың рухани жаңғыруына бағытталған таяу жылдардағы ұлы міндеттер біртұтас ұлт болуға, мәдени және сана ашықтығына ұмтылуға, қанымызға сіңген, тамырымызда бүлкілдеген ізгі қасиеттерді қайта түлетуге бастайды. Бұйырса, еліміздің рухани өміріндегі елеулі кезеңге қадам басқалы тұрмыз.
Сейдулла САДЫҚОВ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы