Ұлттық өнеріміздің бір төресі – би. Ол туралы айтқанда ойымызға алдымен атақты биші, Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұлова түседі. Осы аяулы апамыздың ізін басып, би өнерінде өз қолтаңбасын қалыптастырған Тойған Оспанқызының да орны ерекше. Ол танымал биші ғана емес, қазақ биін зерттеп, оны ғылыми айналымға енгізуге үлес қосқан өнертанушы ғалым. Біз бүгін сахна саңлағымен өмірі мен өнері жайында сұхбаттастық.
Өнер ата-анамнан дарыды
− Өнер адамының жолы, тағдыры өзгеге ұқсамайды. Сіз қандай ортада өстіңіз, әке-шешеңіз кім болды, әңгімені содан өрбітсеңіз?
− Жалпы адам баласы өмірге дарынды болып келеді дейді, оны жетілдіру, талантын ұштау өзіне байланысты. Мен – шопанның қызымын. Бесінші сыныптан Ақтөбе қаласындағы малшылар мен теміржолшылардың балаларына арналған мектеп-интернатта оқыдым. Әкем торғайлық, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов дүние есігін ашқан Ақкөлде туған. 20-30-жылдардағы қиын-қыстау кезеңде ағайындарымен Ақтөбеге ауып барып, сол жақтан үйленіп, тұрақтап қалған. Соғысқа барған, түрлі қиындықты бастан кешкен қажырлы адам еді. Домбыра шертіп, ән айтатын. Анам да өнерден қара жаяу емес. Маған өнер солардан дарыды деп ойлаймын. Мектепте жүргенде домбыра үйірмесіне барып, хорға қатыстым. Спортқа да «кет әрі» болмадым. Арасында билеп те жүрдім. Соның ішінде маған би өте жақын болды. Мектептің қасында облыстық мәдениет үйі болатын, сондағы би үйірмесіне жазылдым. Онда бізге бидің қыр-сырын кәсіби маман орыс жігіті үйретті. Сол кісіден көп нәрсе үйрендім. Сөйтіп, жоғары сыныпта түрлі мәдени іс-шараларда жеке билеп, көзге түстім. Оқу бітіретін кез де жақындап қалды. Бірде «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш) газетінен Алматыдағы екі жылдық эстрада, цирк және өнер студиясы туралы жазылған мақаланы оқыдым. Соған баруға аңсарым ауды. Орта мектепті аяқтағаннан кейін Алматыға келдім, ешкімді танымаймын. Әйтеуір, біздің алдымызда мектеп бітіріп, Алматыға оқуға түскен таныс балалар мен қыздар бар еді, соларды тауып алдым. Аталған өнер студиясы 1965 жылы ашылған, алғашқы түлектерін 1967 жылы ұшырса, екінші түлектері 1969 жылы тәмамдайды. Оқуға жастарды екі жыл оқытып, сосын қабылдайды екен. Мен 1968 жылы барып отырмын. Оқуға қабылдамады.
− Енді не істедіңіз?
− Ақтөбеге қайтып келдім. Ауылға барғым келмеді, онда барсам биден қол үзіп қаламын деп ойладым. Сондықтан қаладан жұмыс іздедім. Бармаған жерім жоқ. Он жетіге толмағансың деп ешқайда алмайды. Сөйтіп жүргенде, біреулерден Ақтөбе филармониясында қызмет істейтін Геннадий Шульга деген кісі іздеп жатыр дегенді естідім. Ол кісінің балдызы мектепте бізбен қатар оқыған. Мектеп бітіру кешіне келгенде ол менің билегенімді көріп, есінде сақтап қалыпты. Сол жылдары Ақтөбе облыстық филармониясын мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Мәжілісінің алғашқы төрағасы Марат Оспановтың әкесі, белгілі музыкант Тұрлыбек Оспанов басқарды. Осы мекемеге биші болып орналастым. Кілең жақсылар мен жайсаңдар жиналған орта. Солардан тағылымды тәлім-тәрбие алып, тәжірибе жинадым. Ғалым Қойшыбаев деген ағамыз болды, сол кісінің зайыбы биші. Ол маған «Қарашаш» биін үйретті, соны биледім. Одан соң өзбектің әзіл-қимылға толы бір биін үйреніп алдым. Жұрт оны жақсы қабылдады. Аудандар мен ауылдарды аралап, көшпелі концерт қоямыз. Мен Геннадий Шульганың бригадасындамын. Геннадий − Ырғыздан, сондағы қазақ мектебін бітірген. Талантты музыкант еді. Аккордеонда шебер ойнайды. Қазақтың халық әндерін тамылжытып шырқайтын. Тазалықты жаны жақсы көреді. Мұнтаздай болып жүреді. Бізге сахна мәдениетін қатаң сақтауды тапсырған. Көшеге киген аяқкиіммен сахнаға шығармайды. «Сахнада халыққа артыңды берме, сахнадан ешқашан қырыңмен кетпе» деп үнемі айтып отырады. Сахна этикасын содан үйрендім. Ол кездегі ауылдағы мәдениет үйлерінің жағдайы да белгілі, оңды жарық та жоқ. Сонда ол кісі өзімен бірге үлкен лампочка алып жүріп, соны пайдаланады.
− Келесі жылы оқуға қайтып бардыңыз ба?
− Иә, филармонияда бір жыл жұмыс істеп, жоғарыда айтқан өнер студиясына түстім. Бұл мен үшін үлкен мектеп болды. Михаил Шатловский, Мелентина Габель, Гүлфайруз Қияқова сияқты ұлағатты ұстаздардан дәріс алдым. Өнерімді шыңдадым. Сол жылы «Гүлдер» ансамблі құрылды да, Гүлфайруз апайдың сіңілісі Дилфайруз Қияқова «Гүлдер» ансамблінің балетмейстері болды. Олардың бишілері студияда дайындалды. Солармен біз де қатар жүріп, би қимылдарының түрлі әдістерін меңгердік. Репертуарым байи түсті. Оқу бітіргенде репертуарым «Кесте», «Тәжік», «Бұхар», «Орыс» билері секілді бірнеше бимен толықты.
«Шертерді» жалпақ ел таныды
− Оқу бітіргесін қайда келдіңіз?
− 1970 жылы Торғай облысы ашылып, 1971 жылы наурызда филармония құрылды. Студияны бітірген 12 баланы осында жолдамамен жіберді. Жаңа құрылып жатқан облыс. Қиындық та кездесті. Бірақ соған шыдадық. Бірге келген кейбір жастар кері қайтып кетті. Филармонияның көркемдік жетекшісі Мәдениет қайраткері, композитор Қайыржан Мақанов ағамыз. Сол жылы «Торғай әуендері» деген эстрадалық ансамбль құрылды. 1973 жылға дейін сонда істедім. Бір қиыны, музыкант жоқ. Кәсіби музыкантты Алматыдан шақыртамыз. Сонымен аудан-ауылдарды аралап келеміз. Ол кезде Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз Торғай облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы еді. 1972 жылы облыстық театр ашылып, оған Мәскеудегі Щепкин атындағы жоғары театр училищесін тәмамдаған бір топ түлек келді. Өрісіміз кеңейіп, қуанып қалдық. Солармен бір-бірімізді жатырқамай араласып кеттік.
− «Торғай әуендері» эстрадалық ансамблі туралы көп айтылмайды, соған тоқталасыз ба?
−Негізі, «Шертер» фольклорлық ансамблінің негізін «Торғай әуендерін» құрған жастар қалады. Олардың арасында Жүсіпбек Елебековтің класын бітірген көкшетаулық Дүйсен деген жігіт болды. Студияны бірге тәмамдаған Қыпшақ Қойғарин, Ораз Қожасов, Қазымгүл Бозанова, Ақмоладан Тілеулес келді. Ресейдегі Рязань облысынан келген ерлі-зайыпты сиқыршылар өнер көрсетті. Аталған ансамбльмен алғаш гастрольге шығып Амангелді, Жангелдин, Есіл, Жақсы, Қима, Жарқайың аудандарын араладық. Мұнда да кәсіби музыкант болмады. Бір тоқсан көшпелі концертке шықсақ, бір тоқсан отырамыз. Сол кезде мен облыстық театрға қосымша құрамға жұмысқа алынып, сонда бір жыл жұмыс істедім. Осы аралықта «Торғай әуендері» жабылып, 1974 жылдың ақпанында «Шертер» фольклорлық ансамблі құрылды.
− Бала күнімізде «Шертердің» аты естілгенде елең ете қалушы едік, оның атағы да біраз жерге жайылды...
− Ол рас. «Шертерді» халық жақсы көрді. Қазірде фольклорлық ансамбльдер жетерлік, бірақ олардан шыққан тарсыл-гүрсіл дыбыстар мен металдың үні құлақ жарады. «Шертерде» ондай бөгде дыбыс болған емес. Таза музыкалық аспаптардың үні естілетін. Өнерпаздар ұрмалы аспаптағы ырғақты ұстап, сүйемелдеп отыратын. Ансамбльдің репертуары да бай болды. Оны Өзбекәлі ағаның өзі қадағалады. Әсіресе ол кісі халық ән-күйі мен жергілікті өңірге арналған туындыларды айтуға мән берді. Мысалы, Қазымгүл Бозанова «Ағажан-Ләтипа», «Арқалықтың ақ таңы», «Қыз қуу» деген әндерді шырқағанда көрермендер орнынан тұрып кететін. Орыс халқының да әндері орындалды. «Шертерде» алғашында Сапарғали деген жігіттен басқа музыкант болмады. Сонда да қарап қалған жоқпыз. Өзағаң Амангелді ауданынан қобызшы Сапар Әбенов ағамызды алдырды. Жангелдин ауданы Қызбел ауылынан Шотбай Жолдасбаевты тауып алып, оған концерт жүргізіп, сатириктердің скетчін оқытты. Целиноград филармониясында жұмыс істеп жүрген әнші Отаркүл Мұқатова келді. Сол жылы Шымкенттің Мәдениет институтын бітірген күйші Тұрсынбек Әлмағамбетов қатарымызға қосылды. Қыпшақ Қойғарин шертер аспабында ойнады. Осылай өнерпаздар қатары көбейе берді. Кейін ансамбль белгілі әнші Сайлау Ордабаев, композитор Қалибек Деріпсалдин, күйші Әбжан Сәрсенбаевпен толықты. Ауылдарды жиі аралаймыз. Ансамбль құрамындағы жалғыз биші болғандықтан, бір концертте сахнаға 8-9 рет шығамын. Ел адамдары бізді құрақ ұшып қарсы алып, жаны қалмай күтеді. Ән-күйімізді ұйып тыңдайды. Осылай «Шертердің» аты Торғайға ғана емес, Қазақстанға танылды. 1974 жылы тың игерудің 20 жылдығына орай облыс өнерпаздары Алматыға барып, концерт берді. Сонда Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз үлкен баяндама жасады. Алматылықтар өнерімізді жоғары бағалап, жылы ілтипатын білдірді. Сол жылы Ресейдегі Тува аймағына гастрольдік сапармен барып, концерт қойдық. Осы елден де әншілеріміз бір-бір ән үйреніп қайтты. «Шертердің» атағының дүркіреуіне Өзбекәлі ағаның еңбегі өте зор. Ол кісі ансамбльдің репертуарынан бастап, әртістердің киіміне дейін мұқият қарады. Ұлттық музыкалық аспаптарын жақын білу үшін музыкатанушы, білікті ұстаз Болат Сарыбаевты шақырды. Күйші Мәлғаждар Әубәкіровпен жұмыс істедік. Мәскеуден хореограф Ольга Всеволодская-Галушкевичті арнайы алдырды. Бұл кісі қазақ би өнерін зерттеген маман, оның көмегі маған көп тиді.
Өзбекәлі ағаның өнегесі
− Осы ансамбльде жүргенде репертуарыңызда қандай ұлттық билер болды?
− Халқымыз «Ел іші – өнер кеніші» деп бекер айтпаған. Ауылдарды аралап концерт қойғанда, өнерлі әже-апаларымыздан түрлі би қимылдарын көріп, ойыма түйіп жүрдім. Сүгірдің «Шалқыма» деген күйіне биледім. «Қылышпан» деген қазақ биін шығардым. «Айда былпым» атты жас келіншектің биін өрнектедім. «Жезтырнақ» аңызы негізінде ұлттық би дайындадым. Қазақ күйлерінің көбі биге сұранып тұрады. Мысалы, Байжігіттің күйлеріне өте сәтті шыққан билерім болды.
− Биыл халқымыздың ардақты перзенті Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 90 жыл толды. Сіз ол кісімен жақын таныс болдыңыз, асыл азаматтың ел естімеген қандай қырларын білесіз?
− Өзбекәлі ағамен өнер жолында 20 жылдай қатар жүріп, мол өнеге алдым. Ұлтын жан-тәнімен сүйетін, оның өнері үшін басын бәйгеге тігуге баратын парасатты тұлға еді. Өзағаңды көзкөргендер: «Сырты сұсты, рухы күшті» деп айтады. Бұған толық қосыламын. Шынында да, бір қарағанда қатал көрінеді. Сонымен қатар жанының нәзіктігі де, жүрегінің мейірімділігі де байқалып тұратын. Қандай істі қолға алса, соны тиянақты орындайды. «Шертердің» әрбір концерттік бағдарламасын өзі қарап, бекітеді. Егер бір жері ұнамаса, сызып тастайды. Әншінің дауысына, музыкалық аспаптардың үніне мән беретін. Тіпті концерт жүргізушісінің сөзіне де ден қояды. Бірде Шотбай алғаш концерт жүргізгенде бір сөзді бұзып айтыпты. Өзағаң соны байқап, ертеңіне оны шақырып алып, кабинетіне «сол сөзді жаттап алғанша шықпайсың» деп қамап қойған. Ансамбль жетекшілері де одан қаймығатын.
Өзбекәлі аға Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы кезінде Арқалыққа қаншама өнерлі жастарды алып келді. Облыстық театрдың ашылуына мұрындық болды. Бірде Алматыдағы Орталық комитетке барса, Талдықорған облыстық партия комитетінің идеология хатшысы «Мәскеудегі Щепкин атындағы жоғары театр училищесін бітірген 17 баланы қабылдауға дайын емеспін» деп ат-тонын ала қашқанын көріп, Өзағаң сол жерден облыстық атқару комитетінің төрағасына хабарласып, мәселені бірден шешіп, Мәскеуге телеграмма жіберіп, 17 жасты Арқалыққа алып келді. Мүмкіндігінше оларға жағдай жасап, үй берді. Кейін солардың бәрі де ұлттық театр өнерін биікке көтерген майталманға айналды.
Өзағаңның өзі театрды жақсы көретін. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқып жүргенде атақты актер, Қазақстанның халық әртісі Қапан Бадыровтың драма үйірмесіне қатысып, бірқатар рөлдерде ойнаған екен.
Ұлттық киімдерге де зер салып отыратын. Мысалы, қазір қос етек көйлекті үлкен апаларымыз да киеді, негізі оны қыздар киюі керек. Бізге осыны үйрететін. Ол кісі мені Мәскеуге іссапармен жіберіп, «Шалқыма» деген биім мен мажар халқы биінің киімін сондағы Үлкен театр шеберханасына тіктірді.
Кейін біз Өзбекәлі ағаның шақыруымен Алматыға қоныс аудардық. Сол кезде ол кісі Мәдениет министрінің орынбасары болатын. Кейде жұмыс аяғына қарай шақырып алады. Көңілденіп отырса, әңгіме айтады. Сонда асыл ағаның өзінен екі ерлігі туралы естіген едім.
Біріншісі, Кеңес заманында қазақ балаларын мектеп бітіргесін бір жыл ауылда қалып, қой бағуға үндегені белгілі. Сонда ол кісі жоғары басшылыққа «Қазақтың баласы неге қой бағады, олар да жұрт қатарлы білім алып, ғылым мен өнердің шыңына шығуы керек» деп қарсы шығыпты.
Екіншісі, Тың игеру жылдары солтүстік өңірлерде қазақ қыз-келіншектерін тракторға отырғызып, жаппай дәріптеп жатты. Өзағаң осыған да қарсылық білдірген. Орталық комитеттің ұлты орыс хатшысы сол үшін оған айқайлап, жер-жебіріне жетіпті. Сонда ол кісі: «Ол қыз бала ғой, қалай май сасып жүреді. Сіз өзіңіздің қызыңызды тракторға отырғызар ма едіңіз?» деп әлгінің аузын жауыпты.
− Өмірлік жолдасыңыз да кәсіби биші болды, екеуіңіз сахнада жұп болып, бірге өнер көрсеттіңіздер...
− Иә, жолдасымның есімі – Үсен Қайырұлы Мақан. Солтүстік Қазақстан облысындағы Жамбыл ауданында туған. Алматыда бірге оқыдық. Оқу бітіргеннен кейін ол әскерге, мен Торғай облысына кеттім. Ол әскерден кейін Целиноград облыстық филармониясына орналасты. Мен де 1976 жылы осында келіп, аталған мекемеге жұмысқа қабылдандым. 1977 жылы екеуміз шаңырақ көтердік, баламыз дүниеге келді. Облыстық филармонияда «Армандастар» қазақ ансамблі болды, сонда өнер көрсеттік. Сол жылдары Қазақстанда 19 филармония мен «Қазақконцерт» секілді іргелі ұжымдар ішінде сахнада жұп болып билеген екеуміз ғана болдық. Бірнеше би бағдарламасын әзірледік. 1982 жылы Өзбекәлі ағаның шақыруымен Алматыға барып, Ықылас Дүкенұлы атындағы республикалық ұлттық аспаптар музейінің жанынан құрылған алғашында «Сазген», одан соң мемлекеттік «Алтынай» фольклорлық би ансамблінде еңбек етіп, соның қалыптасуына үлесімізді қостық.
Қазақ биі ғылыми айналымға енді
− Ұлттық биіміздің бүгінгі дамуына көңіліңіз тола ма, осы бағытта қандай іс-шаралар атқарылды?
− Әр кезеңнің өз талабы бар. Біз одан асып кете алмаймыз. Елордадағы Ұлттық хореграфия академиясында ұлттық би ғылыми-әдістемелік зертханасы жұмыс істейді. Мен соның меңгерушісімін. Біз онда би қимылдарын терең зерттейміз. Қолымызда қазақ биі туралы жазылған кітаптар мен оқулықтар жинақталған. Олардың ішіндегі «керек емес-ау» деген дүниелерді алып тастаймыз. Шара Жиенқұлова апамыздың еңбектерін мұқият зерделейміз. Бұл орталықта қазіргі қазақ биін биікке көтеріп жүрген мықты мамандар топтасқан. Айталық, «Астана Балет» театрының балетмейстері Айгүл Тәти, педагогика ғылымдарының докторы Айгүл Құлбекова, кейінгілерден Анвар Садықова, Алмат Шәмшиев деген талантты жастарды қостық. Бәріміз бірге жиналып, ұлттық биіміздің келешегі жарқын болуы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Өзбекәлі ағамыз «Би қанаттанса, ел қанаттанады» деп айтып отыратын.
Бүгінде қазақ биі ғылыми айналымға енді. Ол үшін біраз күш жұмсалды. Өзім де оған қал-қадерімше үлес қостым. «Шетел және қазақ хореграфиясы тарихы» атты кітап жазып, ұлттық хореграфияны отандық өнер тарихына кіргіздім. Ғалым Айгүл Құлбекова екеуміз арнайы оқулық жаздық. «Уақыт және би өнері» деген ғылыми монографиям жарық көрді. Осының бәрі ғылым жолында қол жеткізген жетістіктерім. Проблема да жоқ емес. Әсіресе ұлттық биімізді зерттеп, талдап, сараптап жазатын қазақ тілінде кәсіби мамандар аз. Кейінгі жастардан сондай мамандар шығады деп үміттенемін.
Шынымды айтсам, 27 жыл сахнада биледім. Үнемі ізденісте жүрдім. Форманы сақтау да оңай болмады. Анамның сүйегі жеңіл, ықшам еді, сол кісіге тартқанмын. Би өнерін – өмірімінің бір бөлшегі көремін. Егер де өмірімді екі бөліп қарастырсам, біріншісі – сахна болса, екіншісі – ғылымға бет бұрып, шәкірт тәрбиелеп, оқытушылыққа келгенім. Сахналық өмірімде көптеген жақсы адамдармен танысып, сыйлас болдым. Өзбекәлі Жәнібековтің өзі неге тұрады, ол кісі жайында түн асырып айтуға болады. Ағаның тамаша хореограф Ольга Всеволодская-Галушкевичпен сыйластығына да қызығатын едік. Бұл кісі қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа айтып, содан образ іздейтін. Мәскеудегі көркем театр студиясында өмірінің соңына дейін оқытушылық қызмет атқарды. Оның Өзағаңмен танысуы да қызық. Мәскеудегі Щепкин атындағы училищенің түлектері Арқалық театрында қойған спектакльдерінің премьерасына ұстазы Владимир Смирновты шақырып, өнерлерін көрсетеді. Сол кісі бір келгенде оған Өзбекәлі ағамыз: «Маған би қойып, ақша табатын адам емес, зерделі хореграф тауып берші. Бізге биден Затаевич жетпей қалды» деп қолқа салыпты. Сонда ол кісі Ольга Всеволодская-Галушкевичті айтады. Мен осыны Өзағаңның өзінен естідім. Кейін Ольга Всеволодская-Галушкевич ұлттық би өнерімізді 20 жылға жуық зерттеп, «Пять казахских танцев», «Бақсы ойыны» деген кітап жазып, өз ізін қалдырды.
− Қазір өнерде ғана емес, өмірде адами құндылықтар өзгеріп барады. Өнер адамы ретінде сізді не толғандырады?
− Уақыт алға жылжыған сайын көп дүние өзгереді. Оны заңдылық деп қабылдаймын. Алайда халқымыздың болмысының өзгеруі, менің жүрегіме батады. Біздің бала күніміздегі әке-шешеміздің, адамдардың мінезі, болмысы өзгеше еді. Біреуге қол ұшын созуға, көмектесуге, асығып тұратын. Біз соны көріп өсіп, өзіміз де солай болуға тырыстық. Бүгінде жұртымыздың бойындағы осындай құнды қасиетіміз жоғалып барады. Қазақы тәрбиенің, салт-дәстүрдің ұясы ауыл еді, қазір ауылдың да берекесі кетіп, жүдеп қалды.
Өзбекәлі ағаға тоқтала беремін. Сол кісі бірде би алаңына барған біздің екі өнерпаз қызды көріп, қызметкерін жұмсап, үйіне қайтарып жібереді. Өзағаң сахнада жүрген адам ел алдында көп жүргені жөн емес, жұмбақтау болу керек деп айтып отыратын. Ол кезде халық өнер адамын ерекше құрмет тұтатын. Қазір де жақсы көреді. Алайда сол қадірімізді өзіміз кетіріп жүрген секілдіміз. Өйткені тойға барып, ән айтып, оны жалпақ жұртқа жариялап, жар саламыз. Бұрын кәсіби әншілер той-томалақта ән айтпайтын. Дастарқан басында шырқалатын ән бөлек еді. Қалай дегенмен де, өнер адамының бойында бір бекзаттық болғаны дұрыс. Әйтпесе өнердің қадірі қашады.
− Әңгімеңізге рахмет.