• RUB:
    6.3
  • USD:
    506.21
  • EUR:
    568.42
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Қаңтар, 2025

Балаларды мектептен бастап кәсіпке баулу керек – депутат

120 рет
көрсетілді

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялауы қарапайым еңбек адамдары арасында жұмысшы еңбегінің қоғамдағы беделін арттырып, өз өмірін адал еңбекке арнаған жұмысшылар үшін ерекше сенім сыйлады.

«Еліміздің дамуында маңызы зор еңбек адамының рөлі лайықты бағаланса, болашақ ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Дегенмен, кәсіптік және техникалық білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру және жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру үшін кешенді шаралар қажет. Негізгі мақсат – уақыт талабына сай, экономиканың дамуына ықпал ететін жұмысшы мамандарды даярлаудың икемді жүйесін құру», деп жазды депутат.

Осыған байланысты Мәжіліс депутаты келесі ұсыныстарды енгізді:

Бірінші. Мектептен кәсіпке баулу жүйесін дамыту шарт. AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасында 10-11 сынып оқушыларына негізгі оқумен қатар, колледждер базасында жұмысшы біліктілігін алуға мүмкіндік қарастырылған. Жоба пилоттық негізде жүзеге асырылып, 2024-2025 оқу жылында 1062 оқушы қосымша кәсіп меңгерген. Осы жобаны жетілдіріп, жалпы білім беретін мектептерде мамандыққа ерте бейімдеу бағдарламаларын жүзеге асыру қажет. Мектеп түлектерінің аттестатпен бірге белгілі бір кәсіп меңгеруіне жағдай жасау, базалық білім мен дағдыларды дамыту еңбек нарығындағы NEET санатындағы жастар санын азайтуға, жұмыссыздықты ауыздықтауға септігін тигізері сөзсіз.

Екінші. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдірудің жаңа ландшафтын қалыптастыру. Бұл үшін жұмысшы мамандықтарын даярлайтын колледждердің білім беру бағдарламаларының мазмұны цифрлық технологияларға, еңбек нарығының жаңа талаптарына және жасанды интеллекттің қарқынды дамуына сәйкес жаңартылуы тиіс. Бұл ретте, жасыл экономикаға, жасанды интеллектіге негізделген кәсіптік білімді дамыту шарт. Еңбек нарығында талап етілетін базалық дағдыларды тәжірибе жүзінде меңгеруге ден қойған жөн. Осыған байланысты колледждердің ірі өндіріс орындарымен дуальды оқыту моделін кеңейту және кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында өндірістік тәжірибе көлемін арттыру ұсынылады. 2024-2025 оқу жылында колледждердің 28 % студенттері ғана дуалды оқытумен қамтылған. Бұл ретте, ірі өндіріс орындарының, кәсіпорындардың колледждердің де дуалды оқытуға қатысуын кеңейту қажет.

Үшінші.​ Техникалық және кәсіптік білім берудің жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативін ұлғайту қажет. Оқу шеберханаларын заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықтау өзекті. Жұмысшы мамандықтарын даярлауға  зор үлес қосып жүрген өндіріс шеберлерінің айлық жалақысын өсіру қажет. Колледждерде жалпы білім беретін пәндердің педагогтарының жалақысын мектептегі педагогтардың жалақысымен теңестіру өзекті. Сонымен қатар, колледждерде еңбек ететін педагогтарға магистр, PhD ғылыми атақтары үшін үстеме ақы қарастыру қажет.

Төртінші. Жұмысшы мамандықтарды дәріптеу және қоғамда жұмысшы мамандықтарға деген тартымдылықты арттыру мақсатында ұлттық деңгейде ақпараттық түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыру, үздік жұмысшыларды, өмірін ауыр жұмысшы мамандығына арнаған отбасыларды ынталандыру үшін қоғамдық марапат жүйесін енгізу сұралады.

Бесінші. Жұмысшы мамандықтарының жалақысын есептеудің жаңа методикасын қарастыру және тұрғын үй мәселесін шешу қажет. Жұмысшы мамандардың көпшілігі, әсіресе жастар тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген, бұл олардың еңбек өнімділігі мен өмір сапасына әсер етеді. Осы ретте, «Отбасы» банк жұмысшы мамандықтарды таңдаған азаматтарға арналған арнайы жеңілдікпен ипотекалық тұрғын үй бағдарламаларын іске қосуы тиіс. Жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыру үшін еңбекақы төлеу әдістемесін заманауи талаптарға сәйкес жетілдірілу қажет. Оның ішінде, еңбек заңнамасына сәйкес, сауықтыру және қосымша бонустар қарастырылуы шарт.