• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Ән 16 Сәуір, 2025

Санада сақталған ән

0 рет
көрсетілді

Кейде бір ән ойыңнан шықпай қояды. Ыңылдап, күні бойы айтып жүресің. Ән тыңдап отырмасаң да, есіңде қалған қайырмасы қайта-қайта бейсанада жаңғырып тұрады. Қайда жүрсең де, не істесең де, әлгі әуен шыр айналып кетпей қояды. Осы күй сізге де таныс шығар. Ғалымдар мұны «құлақтағы құрт» деп атайды.

Дарем университетінің зерттеушісі Келли Якубовски бұл құбылысты «еріксіз музыкалық жад» деп түсіндіреді. Яғни адам ән тыңдамаса да, миы сол әуенді қайталай береді. Көбіне мұндай әуендер – бұрыннан таныс, бірнеше рет тыңдалған, сөзі мен ырғағы қарапайым, тез жатталатын әндер болады. Әннің санаға орнығып қалуына бірнеше себеп бар. Біріншіден, қайталанатын әуен – тез жатталады. Екіншіден, ол ән сіздің көңіл күйіңізбен үйлесіп тұрса, ми оны байланыс ретінде сақтап қояды. Мәселен, көңіліңіз көтеріңкі кезде тыңдаған әнді, жайдарыланып тұрғанда айтып отырасыз. Тағы бір қызық жайт – белгілі бір сөзбен, адаммен, оқиғамен байланысты әндер жиі еске түседі. Осылайша, ми өзі жақсы көретін не үйреніп қалған әуенді қайта-қайта еске түсіріп отырады. Мәселен, «Сағындым Алма­ты­м­ды» деп еріксіз ыңылдап отыр­са­ңыз, әлдебіреу есіңізге түскен шығар. Мұндай сәттерде ән – жай ғана ән емес, жүрек тілін сөй­леткен естелік болуы мүмкін. Кали­форния университетінің зерт­теушісі Мэтт Эванс бұл құ­бы­­­лыс адамның ассоциативтік жады­ның жұмысы екенін айтады. Ғалымдар бұл күйден арыл­­ғыңыз келсе, жаңа ән тыңдау керек дейді. Себебі жаңа ән санадағы ескі әуенді ұмыттырады.