Осыдан төрт жыл бұрын Алтай ауданына қарасты Жаңа Бұқтырма кентінің тұрғындары редакциямызға хабарласып, жалғыз қазақ мектебінің оқушылары тозығы жеткен балабақша ғимаратында оқып жүргенін айтқан еді. Барып мәселені көзбен көрдік, газет бетінде қаузадық. Бұдан соң жергілікті басшылық дереу қолға алып, дайындық жұмыстарына кіріскен. Құрылыс уақтылы аяқталып, күні кеше Жаңа Бұқтырмада жаңа қазақ мектебі ашылды.
Иә, бұған дейін қазақ мектебінің балалары кірпіші кемірілген, есік-терезесі жемірілген қаусаған ғимаратта оқып келген. Санитарлық талаптарға мүлдем сай емес еді. Ол аз десеңіз, ғимарат 1970 жылдан бері жөндеу көрмей келген. Осы мәселе 2021 жылы «Egemen Qazaqstan» газетінде көтеріліп, сол кездегі білім басқармасының басшылығы, Алтай ауданы әкімдігі дереу қолға алатынын айтқан.
Алайда 130 орындық қазақ мектебін салу 2011–2020 жылдар аралығындағы жоспарда болыпты. Құрылыс жүргізуге жер актісі де алынған. Бірақ белгісіз себептермен соңы сұйылып, сиырқұйымшақтанып кеткен. Ең бастысы, ол мәселенің барлығы бүгін шешімін тапты. Оқушылар көптен армандаған жаңа мектепке көшті. Еңселі мектептің ашылуына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов та қатысты. Жалпы ауданы 10775 шаршы метр болатын №1 Жаңа Бұқтырма орта мектебі 200 оқушыға арналған.
– Мемлекет басшысы білім деңгейі бүкіл ел бойынша тең болуға тиіс екенін айтқан. Ал бұл жаңа, заманауи мектеп – ұрпақты тәрбиелеу мен сапалы білім жолындағы үлкен қадам. Осы білім ошағында еліміздің болашағын қалыптастыратын саналы, білімді де білікті азаматтар түлеп ұшатынына сенімдіміз, – деді аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов.
Оның айтуынша, оқу жағдайын жақсарту және оқу орындарының тапшылығын азайту мақсатында былтыр облыста 10 жаңа мектеп салынған. Олардың жетеуі пайдалануға берілді, екеуі Тарбағатай ауданында оффшорлық келісімшарттар бойынша бой көтерген. Биыл тағы 13 мектеп салу жоспарда бар.
Бүгінгі таңда Жаңа Бұқтырмадағы қазақ мектебінде 114 оқушы білім алып жатыр. Мектепке дейінгі мекемелерде 129 бала болса, олардың 33-і биыл 1-сыныпқа барады. Баса айта кетерлігі, мектеп ұстаздары мен оқушылары «Egemen Qazaqstan» газетіне ерекше ризашылықтарын білдіріп отыр.
– «Egemen Qazaqstan» басылымына барша ата-ананың, мектеп ұжымының, оқушылардың атынан алғысымды айтамын! Мектеп мәселесін ең алғаш көтерген де бас басылым еді. Жазып қана қоймай, мәселенің шешілуін редакция үнемі назарда ұстап отырды. Нәтижесінде, мінеки, кентімізде жаңа мектеп бой көтеріп, қуанышымыз қойнымызға сыймай жатыр, – дейді №1 Жаңа Бұқтырма орта мектебінің ұстазы Анаргүл Дүрімхан.
Осыдан төрт жыл бұрын мектептің ауадай қажеттігін айтып, ашық пікір білдірген де Анаргүл Дүрімханқызы еді. Сонымен қатар мектеп директоры да бүкпесіз шындықты айтып шырылдаған. Атын атамауды сұраған қаншама мұғалім жаңа мектеп керегін айтып дабыл қақты. Ата-аналар мен оқушылар да жаңа мектеп армандары екенін айтып, пікір білдірген. Міне, жұдырықтай жұмылған ұйымшылдық нәтижесінде №1 Жаңа Бұқтырма мектебіне жаңа ғимарат салынды. Әйтпесе, созбалаңға салынып, шешілмей жатқан мәселе шашетектен.
Шығыс Қазақстан облысы,
Алтай ауданы