• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Саясат 19 Сәуір, 2025

Қазақстан мен Бенин қарым-қатынасының жаңа серпіні

0 рет
көрсетілді

Астанаға Бенин Республикасының Сыртқы істер министрі Олушегун Аджади Бакари жұмыс сапарымен келіп, Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездесті.

Бенин сыртқы саяси ведомс­твосы басшысының елімізге алғашқы сапары екіжақты қарым-қатынастар тарихындағы маңызды кезең болып, екі ел арасындағы өзара іс-қимылға жаңа серпін берді.

Келіссөздер барысында тараптар саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды қамтитын өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары бо­йынша кең ауқымды мәселелерді талқылады. Министрлер сауда, логистика және цифрландыру сияқты стратегиялық маңызды салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударды. Осы тұрғыда шарттық-құқықтық базаны жетілдіруге және әртүрлі деңгейлерде сапарлармен алмасуды жандандыруға дайындықтарын растады.

– Жаңа геосаяси жағдайда Қазақстан Африка құрлығымен экономи­калық саясатында тең құқықты және өзара тиімді серік­тестікті басты орын­ға қояды. Біз ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, қаржы, цифрландыру және телекоммуникациялық технологиялар сияқты перс­пективалы бағыттарда Бенин­мен ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз, – деп атап өтті М.Нұртілеу.

Өз кезегінде Бенин СІМ басшысы еліміздің өз ішіміздегі және халықаралық аренадағы жетістіктеріне таңданысын білдірді.

– Қазақстанның табыстары – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке үлесі мен Үкіметтің тиімді жұмысының нәтижесі. Елдеріміз ортақ құндылықтарды бөліседі, дәл осы негізде біз берік, серпінді және нәтижелі қарым-қатынастар орнатуға ұмтыламыз, – деді ол.

Өткен жылдың қорытынды­сына көз жүгіртсек, Қазақстан мен Африка арасындағы тауар айналымы 700 млн доллардан асты және байланыстарды одан әрі нығайту мақсатында қазақ тарапы Бенинге сауда миссиясын жіберуге дайындығын жеткізді.

Ауыл шаруашылығы өнім­дері­нің экспорты аясында Бенин­ге астық, ұн, өсімдік майлары, тыңайт­қыштар және органи­калық өнімдерді жеткізу перс­пективалары қарастырылды. Сондай-ақ тараптар Бенин­дегі ауыл шаруашылығы мен геологиялық барлау қажеттіліктері үшін пайдалы болуы мүмкін жер шарын қашықтықтан зондтау бойынша отандық спутниктік қызметтерді пайдалану мүм­кіндігін талқылады.

Сонымен қатар кездесуде көлік байланысын дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Еліміз Қытайдан Еуропаға жерүсті транзитінің 90%-ын қамтамасыз етеді, ал Бенин Котону порты арқылы Батыс және Орталық Африкаға қақпа ретінде маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты тараптар «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және Орта дәліз аясында ынтымақтастықты дамыту, екі елдің көлік ведомстволары мен логистикалық компаниялары арасында келіссөздер жүргізу қажеттігін атап өтті.

Ақпараттық технологиялар мен цифрландыру саласындағы жоғары әлеует аталып өтті. Бенинмен цифрлық ынтымақтастық бойынша Жол картасын қабылдауға дайындық расталды, сондай-ақ бениндік компаниялар Орталық Азиядағы ең ірі IT-стартап технопаркі – «Astana Hub» жұмысына қосылуға шақырылды.

Сонымен қатар тараптар азық-түлік қауіпсіздігі контексіндегі Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясындағы ынтымақтастықты талқылады. Қазақстан Бениннің Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына қызығушылық танытқаны үшін алғыс білдіріп, оның Жарғысын жақын арада ратификациядан өткізетініне үмітін жеткізді.

Еліміздің СІМ басшысы Алматыда Орталық Азия мен Ауған­стан үшін БҰҰ-ның Орнық­ты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы ел бастамасын қол­даға­ны үшін Бенин тарапының ұста­нымына ризашылығын білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында еліміз бен Бенин сыртқы саяси ведомстволары арасында Саяси және дипломатиялық консультациялар бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.