Алматы қаласының экс-әкімі Ерболат Досаев мегаполисті басқару өзі үшін үлкен жауапкершілік болғанын айтты.
- Ең алдымен, туған қалама еліміздің ең қиын кезеңдерінің бірінде қызмет етуге сенім мен мүмкіндік бергені үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Бұл мен үшін ерекше мәртебе және үлкен жауапкершілік болды.
Алғашқы жұмыс күннен бастап осы жоғары сенімді ақтау үшін барлық білімім мен тәжірибемді салып, Алматыны тұрақты даму жолына шығаруға тырыстым. Өткен үш жылдан астам уақыт мен үшін күрделі сынақтар мен маңызды жетістіктерге толы кезең болды. Қаланың дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты өзгерістер уақытына айналды, - деген қаланың бұрынғы басшысы.
Оның дерегінше, Мемлекет басшысының тапсырмасымен және тікелей қолдауымен Алматының болашақ дамуын айқындайтын 20-дан астам стратегиялық құжат қабылданды. Атап айтқанда, Алматы қаласының 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасы, Алматының 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспары, қаланың көлік каркасының Мастер-планы және т.б. маңызды құжаттар.
Соңғы 3 жылда қаланың бүкіл инженерлік инфраструктурасын ауқымды модернизациялау басталды. 540 км су құбыры және кәріз жүйелері жаңартылды, 75 км жаңа жол салынып, 650 км жол жөнделді.
- Президентіміздің туған қаласын дамыту мен жаңғыртуға көрсеткен тікелей қолдауының, алматылықтардың тұрақты назары мен белсенді қолдауының арқасында біз Алматының орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін берік негіз қаладық. Өткен үш жылда Алматы экономикасы 20%-дан астамға өсіп, 29 трлн теңгеден асты. Ал Алматы бюджетінің кірісі 2022 жылдың басымен салыстырғанда 2,2 еседен астам өсіп, 2,5 трлн теңгеге жетті.
Біздің басты міндетіміз – алматылықтардың өмір сапасын жақсарту. Бұл ең алдымен әлеуметтік инфраструктураны ауқымды дамыту, мектептер мен балабақшалар салу арқылы жүзеге асырылды. Бұл мәселе Президентіміздің тұрақты бақылауында. Соңғы үш жылдан астам уақытта қаламызда 57 оқу орны салынып, жаңартылды (жалпы саны 2022 жылы 416 білім беру ұйымынан 434-ке жеткізілді). Сонымен қатар, 12 денсаулық сақтау нысаны салынды және жаңғыртылды.
Біздің жұмысымыздың маңызды бағыты Алматы экономикасын әртараптандыру болды. Үш жылдан астам уақыт ішінде 5 трлн теңгеден астам қаражат тартылды, қала экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі алғаш рет 60%-дан асты, ал Алматыдан ЕАЭО елдеріне дайын өнім экспорты 3 есеге өсіп, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 2 млрд АҚШ долларынан асты, - дейді Е.Досаев.
Ол бұл нәтижелерге Мемлекет басшысының, алматылықтардың тұрақты қолдауының және қаланың нағыз кәсіби мамандары мен патриоттарынан құралған команданың жұмысының арқасында ғана қол жеткізілгенін атап өтеді.
- Бүгін, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қиын-қыстау сәттерде белсенді атсалысып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін сіздердің баршаңызға шын жүректен рақметімді айтқым келеді.
Мен өмір сүру сапасы жоғары және жайлы қалалық ортасы бар ең заманауи әрі дамыған мегаполис ретінде Алматының болашағына шын жүректен сенемін, - деген бұрынғы әкім.