Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Шерзат Полаттың өліміне байланысты іс бойынша сотталғандардың бірі кәмелетке толмаған Думан Ысқаққа қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қылмысты хабарламау бабымен (ҚК 434-бап) сотталған Ысқақ рақымшылыққа ілігуі мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.
Абзал Құспан бұл істе адам өлімі болғандықтан, негізгі күдіктілерге рақымшылық қолданылмайтынын атап өтті.
«Шерзат Полатқа қатысты істі барлығымыз қарадық. Ол жерде адам өліміне әкеліп соққан қылмыс болғандықтан, бұл іске қатысты рақымшылық актісі қолданылмайды. Қалай болған жағдайда да, абайсызда адам өліміне әкеп соққан баппен байланыстырылса, оған қатысты рақымшылық болмайды», деді депутат.
Алайда ол қылмысты хабарламау бойынша Қылмыстық кодекстің 434-бабымен сотталған адам (Думан Ысқақ) рақымшылыққа ілінуі мүмкін екенін атап өтті.
Айта кетейік, жақында 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша үкім шығарған болатын. Бірнеше күдікті бұзақылық пен басқа да баптар бойынша кінәлі деп танылып, оларға түрлі жаза тағайындалды. Ал Думан Ысқақ 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.