Тарих пен тағылымды бауырына басып жатқан Ұлытау ауданында жаңадан тарихи-өлкетану музейі ашылды. Салтанатты іс-шараға өңір басшылығы, белгілі қоғам қайраткерлері, мәдениет майталмандары қатысты.
Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Зина Жұманазарқызы жаңа музейдің ашылуын «Ұлытаудың мәдени-рухани дамуына қосылған сүбелі үлес» деп бағалады. Астанадағы Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы мәдени нысанның ұлттық сана мен тарихи зердені жаңғыртуға қосар маңызын атап өтті. Ұлытау ауданының құрметті азаматы Рысқали Әбдікеров пен қоғам қайраткері Алмаз Шарманов музейдің болашақ ұрпаққа берер тарихи-танымдық тағылымын тілге тиек етті.
Жаңа музейде академик Төрегелді Шармановқа арналған кабинет бар. Ол Алматы қаласындағы Ұлттық тағамтану институтындағы көрнекті ғалымның еңбек кабинетінің көшірмесі іспетті. Әке рухының туған жерімен байланысын тереңдете түсу мақсатында – кабинеттің Ұлытау аудандық тарихи-өлкетану музейінен орын алуына академиктің ұлы Алмаз Шарманов ұйытқы болыпты.
Меймандар алғашқы экскурсияға қатысты. Музей басшысы Рахат Таханұлы өзі бастап аралатып, әр залдағы жәдігер тарихына тоқталды.
«Музей бірнеше экспозициялық залдан тұрады: «Көне Ұлытау» залы, «Өлке тарихы» залы, Академик Төрегелді Шарманов кабинеті, «Қазақтың ұлттық аспаптары» залы. «Қазақтың ұлттық аспаптары» залы – ұлттық музыкалық мұраға арналған кеңістік. Бұл залда Ұлытаудың өнерпазы, қолөнер шебері, ұлттық музыка жанашыры Азамат Бақияның қолынан шыққан 70-ке жуық аспап қойылған», дейді Ұлытау аудандық тарихи-өлкетану музейінің кіші ғылыми қызметкері Светлана Жүсіпқызы.
Қолөнер шебері, музыкант Азамат Бақия залда шеберлік сабағын өткізіп, қонақтарға аспаптардың шығу тарихы мен ерекшелігін таныстырса, «Жошы» этно-фольклорлық ансамблі ұлттық әуенмен салтанатты сәттің сәнін кіргізді.
Жаңадан ашылған Ұлытау аудандық тарихи-өлкетану музейі – елдің өткені мен болашағын жалғап, ұрпақ санасына ұлттық болмысты сіңіретін алтын көпір. Алдағы уақытта ұлттың ұлы мұратын ұлықтайтын орталыққа айналады деген сенімдеміз.
Ұлытау облысы