
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі
«Jas Keñes Sıylığı» – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бастамасымен 2024 жылы құрылған тәуелсіз жастар сыйлығы. Бұл сыйлық еліміздің экономикасы мен қоғамдық өміріндегі негізгі салаларда белсенді жас мамандарға беріледі.
Конкурстық іріктеу 3 кезеңнен тұрады. Әр номинация бойынша 2 жеңімпаздан, барлығы 20 жеңімпаз анықталады. Байқаудың жүлде қоры – 20 миллион теңге (әр жеңімпазға 1 миллион теңгеден).
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, өткен жылмен салыстырғанда биыл жас ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен дәрігерлер, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, креативті индустриялар және атом өнеркәсібі саласының өкілдері сияқты жаңа мамандықтар енгізілген.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл номинациялар саны 7-ден 10-ға дейін артқан:
- «Janqıarlyq» – ҚР ішкі істер органдары мен қарулы күштерінің қызметкерлеріне арналған;
- «Altyn jürek» – орта және кіші медицина қызметкерлеріне (жедел жәрдем, акушер, санитар және т.б.) және дәрігерлерге арналған;
- «Önerkäsıp» – өңдеу өнеркәсібі, тау-кен-металлургия кешені және экономиканың басқа да өндірістік секторларында жұмыс істейтіндерге арналған;
- «Bolaşaq turaly qamqorlyq» – инклюзивті оқу орталықтарының қызметкерлеріне, арнайы қызмет көрсететін ұйымдарға, әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелерге (балалар үйлері, хоспистер, қарттар үйлері, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету орталықтары және т.б.), сондай-ақ волонтерлерге арналған;
- «Bılım jäne Ğylym» – мектепке дейінгі, орта, ТжКБ, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтеріне, сонымен қатар ғалымдар, ғылыми қызметкерлер мен зерттеушілерге арналған;
- «Qaisar» – авариялық-құтқару қызметі, өрт сөндірушілер және азаматтық қорғаныс жүйесінің өзге де ұйымдарының қызметкерлеріне арналған;
- «Altyn qol» – сырлаушы, сантехник, құрылысшы және т.б. жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне, сондай-ақ ПИК, МИБ және елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз етуге жауапты ұйымдардың қызметкерлеріне арналған;
- «Zharyq» – энергетика саласының, атом өнеркәсібінің, мұнай-газ кәсіпорындарының қызметкерлеріне арналған;
- «Örken» – агроөнеркәсіп кешені, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және азық-түлік өнімдерін өндіру саласындағы мамандарға арналған;
- «Örleu» – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (оның ішінде жасанды интеллект, деректерді талдау және т.б.) және креативті индустриялар саласының қызметкерлеріне арналған.
Айта кетейік, сыйлық пен Кеңестің қызметі туралы толық ақпаратты https://www.jas-kenes.kz/ сайтынан біле аласыздар.