
Фото: Әли Ғалым
Бүгінде 100 мыңға жуық жас азаматты біріктіріп отырған «Жастар Рухы» жастар қанаты еліміздегі ең ірі жастар ұйымы саналады. Төрт жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан республикалық лагерь – жас азаматтарға қолдау көрсетудің өзекті мәселелері талқыланатын және тұрақты жұмыс істейтін жалғыз жастар алаңы.
Ерлан Қошанов атап өткендей, «Жастар Рухының» атқарып жатқан жұмысына бір кездері тікелей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше серпін берді. Президент жастар үшін аса маңызды үш негізгі басымдықты белгіледі. Олар – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет. Дәл осы қасиеттер жаңа буынның сапасын айқындайды.
«Патриотизм дегеніміз – халқыңа адал қызмет ету, тарихыңды білу, тіліңді құрметтеу, ең бастысы шешуші сәтте Отанға қол ұшын созуға дайын болу. Бұл – жалаң ұран емес. Бастысы – Отаныңа адал, отбасыңа қамқор болу және мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қоя білу. Президенттің әр бастамасы мен идеяларының өзегінде осындай қарапайым да қастерлі құндылықтар жатыр. Заң мен Тәртіп үстемдігі, «Адал азамат» тұжырымдамасы, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы сияқты ізгі бастамалардың бәрі – Әділетті Қазақстан құрудың алғышарты», деді ол.
«AMANAT» партиясының Төрағасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланғанын еске салды. Бұл шешім қоғам игілігі жолында адал еңбек етіп жүрген жандарға қолдау көрсетуге бағытталған. Биыл жастар лагерінде 200-ге жуық жас азамат, яғни жұмысшы мамандық өкілдері – инженерлер, кеншілер, металлургтер, бір сөзбен айтқанда, экономиканы күн сайын өз еңбегімен алға жетелейтіндер бас қосты.
«Адал азамат қашан да абыройлы, адал еңбек қашан да бағалы. Жұмысшы жастар біздің назарымыздан тыс қалмауы керек. Біз оларды үнемі қолдап, ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Осы ретте, «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірге «Жұмысшы жастар аманаты» деген жаңа жобаны бастайын деп отыр. Жобаның мақсаты – жұмысшы жастардың әлеуметтік мәселесін, соның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету және кадрлық әлеуетті дамыту мәселелерін шешуге ықпал ету», деді ол.
Мәжіліс Спикері дарынды көшбасшыларды дәл осы жұмысшы жастардың арасынан іздеу, оларды партияның кадрлық резервіне қосу, мемлекеттік қызметте өсуіне көмектесу, депутаттық корпусқа және түрлі саладағы басшылық лауазымдарға ұсыну қажет екенін атап өтті. Соның бір жарқын мысалы – бұрын кен байыту фабрикасында жұмыс істеген Сәтбаев қаласының қазіргі әкімі Мұрат Бөрібаев. Ол еңбек адамының тыныс-тіршілігін жақсы түсінеді. Бұл тәжірибе оның мемлекеттік қызметтегі жұмысына көп көмек болып отыр.
Ерлан Қошанов қазіргі заманның жаңа сын-қатерлері туралы айта келе, жасанды интеллект пен цифрландыруды дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Мемлекет басшысының бастамасымен Жасанды интеллект жөніндегі халықаралық консультативтік кеңес құрылуда. Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда жасанды интеллект туралы заң жобасын қабылдады. Цифрлық кодексті әзірлеу жұмысы жалғасуда. Ал биыл қыркүйекте Мәжіліс алаңында жасанды интеллект мәселелері бойынша парламенттік тыңдаулар өтеді. Оған осы жиында бас қосып отырған жастар да қатыса алады. Сондай-ақ партия Төрағасы тек жас ғалымдардың ғылыми қызметіне арналған грант бөлу бойынша жеке квота енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Мәжіліс Спикері «Жастар Рухының» белсенділері ең өзекті тақырыптарды талқылау жұмысынан ешқашан шет қалмағанын ерекше атап өтті. Мәселен, былтыр Түркістан облысында өткен лагерь отырысында құмар ойын, нашақорлық, несиеге белшеден бату, жұмыссыздық және өзге де мәселелерді шешу бойынша көп ұсыныс айтылды. Нәтижесінде, оның бәрі «AMANAT» партиясының бастамасымен заң аясында көрініс тауып, бүгінде мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде шешілуде. Бұл – жастар пікірталасының тиімділігін көрсеткен жарқын мысал.
Осылайша, «Жастар Рухының» белсенділері ортаға салған ұсыныстар оң өзгерістер мен дамудың қозғаушы күшіне айналуда. Рухтастар Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасына алғашқылардың бірі болып үн қосып, олардың айрықша атсалысуы арқылы бұл бастама экологиялық акциядан жаңаша ойлау тәсілін қалыптастыратын жалпыұлттық қозғалысқа ұласты. Жас партияластар қиын жағдайларда және табиғи апаттар кезінде алғашқылардың бірі болып әрқашан көмекке келіп, азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетіп жүр.
Айта кетейік, былтыр АЭС салу мәселесі бойынша пікірталас жастар лагері алаңында да кең қолдау тапты. Ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысының нәтижесінде, ел азаматтарының басым көпшілігі Президенттің прогрессивті бастамасына қолдау білдірді. Ең бастысы, жас көшбасшылар қоғамның атом энергетикасына қатысты барлық қорқынышын жеңуге көмектесті.
Отырыс барысында бірқатар делегат сөз сөйледі. Мәселен, «Қазақстан алюминийі» АҚ жастар кеңесінің төрағасы Дамир Баймағамбетов аталған кәсіпорындағы жастарды қолдау шаралары туралы айтты. Жас мамандарға сегіз жылға дейінгі мерзімге тегін жалдамалы баспана беріледі. Оны жеңілдетілген шарттармен сатып алу мүмкіндігі бар. «AMANAT» партиясы осы тәжірибені өзге де өндірістік кәсіпорындарда да ілгерілетуге ниетті.
Риддердегі гидрометаллург Ольга Ушакова жасөспірімдердің жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын ояту үшін мектептерде кәсіптік бағдар беру жұмысын дамытуды ұсынды.
Жалпы, лагерь жұмысына Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас көшбасшылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары қатысуда. Биыл 7-10 шілде аралығында жас делегаттар қарқынды семинарлар мен тренингтерге, ең өзекті тақырыптар талқыланатын қызу пікірталастарға қатысады, тәжірибе алмасады. Сонымен қатар олар «Алтай-2025» этнофестиваліне қатысады.