Темірқұтылық хан – Алтын Орда ханы (1395–1400). Ұрыс ханның немересі. Әмір Темір 1395 жылы Тоқтамысты талқандағаннан кейінгі хан. Билікті ханның атынан Едіге би жүргізді. Сарай, Хажы-Тархан, т.б. қалаларда Темірқұтылықтың есімі жазылған теңгелер табылған.
Аяққамыр мазары – Алтын Орда дәуірінде қызыл кірпіштен салынған сәулет өнері. Ұлытау ауданы Жезді ауылынан солтүстікке қарай 9 шақырым қашықтықта орналасқан. Авторы, тапсырыс беруші, құрылу тарихы белгісіз.
Кесенені алғаш рет 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Орталық Қазақстан археология экспедициясы зерттеді. Академик Ә.Х.Марғұланның пікірінше, Темірқұтылықтың моласы болуы керек. Темірқұтылық – кезінде Әмір Темірдің қолдауымен Алтын Орда билігіне Тоқтамыс ханмен таласқан тарихи тұлға.
Саяхатшы А.И.Шренк пен Ш.Уәлихановтың ел жазбаларында бұл ескерткішті бұрын «Қамыр ханның күмбезі» деп атаған. Республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілген. Ескерткішке «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны 2013–2014 жылдары қалпына келтіру жұмысын жүргізді.
Ұлытау облысы