Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты халық шығармашылығы орталығының ұйытқы болуымен «Әулиеата әуендері» жобасының үздіктері сахна төріне көтеріліп, гала-концерт қойды. «Ерлік» мемориалдық кешеніндегі «Жеңіс» саябағында өткен думанды кешке тараздық өнерсүйер қауым көп жиналды.
Әдеби-мәдени кеш барысында сөз алған өңір басшысының орынбасары Серік Сәлемов жоба аясында тер төккен шығармашыл жастарды құттықтап, олардың кәсіби мансабына, шығармашылық жолына табыс тіледі. Ол жергілікті атқарушы билік талантты жастарды қолдап, ілкімді жобалар арқылы жастардың кәсіби тұрғыдан дамуына мол мүмкіндік қарастырылатынын атап өтті. «Дәстүрлі ән», «Аспапта орындау», «Вокал» аталымдары бойынша үздік шыққан қатысушыларға арнайы диплом мен кәдесый табыстады.
Ұйымдастырушы тараптың айтуынша, жоба жеңімпаздары орындаған әндер мен күйлер арнайы музыкалық жинаққа топтастырылған. Сәуір айында басталған өңірлік жобаның іріктеу кезеңі мамыр айында өткізілген. «Әулиеата әуендері» жобасына өңірдің барлық аудандары мен Тараз қаласынан 271 үміткер түрлі аталым бойынша бақ сынапты. Олардың ішінен сұрыпталып алынған 63 қатысушы облыстық кезеңге жолдама алған. Сол 63 сайыпқыранның арасынан үздік деп танылған 20 қатысушы гала-концертке қатысып, өнерін ортаға салды.
Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, жас таланттардың өнерін таныту мақсатында қолға алынған мұндай ілкімді жобалар алдағы уақытта да жалғасады. Соған қарағанда өнерге аңсары ауған шығармашыл жастардың кәсіби тұрғыдан дамуына әлі де мүмкіндік болатын секілді.
Тараз