Жетісу облысында 2025-2026 оқу жылына дайындық қарқынды жүріп жатыр. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытқа дейін ата-аналардан балаларын бірінші сыныпқа қабылдау үшін 9717 өтініш түскен. Бұл — өңір бойынша жаңа оқу жылы қарсаңындағы үлкен белсенділікті байқатады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жалпы, жаңа оқу жылында Жетісу облысындағы 315 жалпы білім беретін мектептің бірінші сыныбына 13 мыңға жуық бүлдіршін қабылданады деп жоспарлануда. Құжат қабылдау биыл 1 сәуірде басталған болатын. Ең көп өтініш түскен өңір – облыс орталығы Талдықорған қаласы, мұндағы ата-аналардан 3429 өтініш келіп түскен. Жалпы, жаңа оқу жылында Жетісу облысындағы 315 жалпы білім беретін мектептің бірінші сыныбына 13 мыңға жуық бүлдіршін қабылданады деп жоспарлануда. Құжат қабылдау биыл 1 сәуірде басталған болатын. Ең көп өтініш түскен өңір – облыс орталығы Талдықорған қаласы, мұндағы ата-аналардан 3429 өтініш келіп түскен.
Қуанарлығы, бірінші сыныпқа берілген өтініштердің 77 пайызға жуығы мемлекеттік тілде білім алуға бағытталған. Бұл – ата-аналардың ана тіліне деген қызығушылығы мен сенімінің артқанын көрсетеді.Бірінші сыныпқа құжат тапсыру үдерісі egov.kz электронды үкімет порталы арқылы жүзеге асады. Құжаттарды онлайн форматта тапсыру – ата-аналар үшін айтарлықтай ыңғайлы мүмкіндік.
Бастауышта білім алу үшін төмендегі құжаттар қажет:
• Ата-ананың немесе заңды өкілінің өтініші;
• Бала денсаулығы туралы № 065/у үлгідегі профилактикалық екпелер картасы;
• № 052-2/у үлгідегі «Бала денсаулығының паспорты» медициналық анықтамасы;
• Балаға арналған 3х4 см өлшеміндегі цифрлық фотосурет.
Естеріңізге сала кетейік, мектепке қабылдау 6 жастан бастап, баланың ата-анасы немесе заңды өкілінің өтініші негізінде жүргізіледі. Құжат қабылдау мерзімі 2025 жылдың 31 тамызына дейін жалғасады.