Мемлекеттер басшылары Бішкек қаласындағы Қазақстан мен Қырғызстан достығы аллеясында орналасқан «Достықтың алтын көпірі» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты, деп жазады Egemen.kz.
Монумент қос халықтың ұлы қаламгерлері Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған. Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығы бастамашы болған бұл жоба екі ел басшылары тарапынан қолдау тапқан.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ескерткішті ашу рәсімінде бүгін қазақ пен қырғыз үшін ерекше күн екенін атап өтті.
«Мұны екі ел бауырластығының айқын көрінісі және қырғыз халқының қазақ жұртына деген айрықша құрметінің белгісі деп білеміз. Ең алдымен, осы игі бастамаға қолдау көрсеткен Президент Садыр Жапаровқа зор алғыс айтамын. Бүкіл Қырғыз еліне шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл жер тарихи шаһардағы рухани орталықтың біріне айналады деп сенемін. Былтыр Астанада Айкөл Манасқа ескерткіш қойылды. Мұндай бастамалар туысқан елдердің достығы мен ықпалдастығын нығайта түсері сөзсіз. Шын мәнінде, қазақ пен қырғызға бір-бірінен жақын жұрт жоқ. Біз – бір туған елміз. Қанымыз бен жанымыз – бір, тамырымыз бен тарихымыз – ортақ. Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достығымыз әлдеқашан уақыт сынынан өткен. Барша әлем бауырластығымызға куә болып отыр. Біз баға жетпес байлығымыз – ырысты ынтымағымызды сақтай білуіміз керек», деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов та өзара тілектес халықтарымыздың жүрек сөзін шығармалары арқылы жеткізген»
«Жыр алыбы – Жамбылдың қос халық жайлы «Жүрегі – бір, жолы – бір, сыйласқан тату тең болды» деген сөзі бар. Ал әйгілі Тоқтоғұл «Қанатым – қазақ туысқан» деп толғаған. Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов та өзара тілектес халықтарымыздың жүрек сөзін шығармалары арқылы жеткізген. Мұхтар Әуезов қырғыздың эпикалық мұраларын жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқан. «Манас» жырын терең зерттеген. Атақты дастанды кеңестік жүйенің қайшысынан аман алып қалған. Сондай-ақ Мұқаң – Айтматовтың ғаламат шығармашылық әлеуетін алғаш таныған қаламгердің бірі. Ал Шыңғыс Төреқұлұлы: «Өзге елдерге барғанда өзіммен бірге ала жүретін екі ұлттық құндылығым бар. Ол – Манас пен Мұхтар Әуезов» деген. Бұл – рухани құндылықтарымыздың екі елге де ортақ екенін паш ететін айқын көрсеткіш. Заңғар жазушының «Жәмилә», «Ақ кеме», «Ана-Жер-Ана», «Боранды бекет» шығармалары қазақ әдебиетінің де қазынасына қосылған асыл мұралар деп күмәнсіз айтуға болады. Ұлы тұлғаларымыздың достығы мен өзара сыйластығы кейінгі буынға үлгі-өнеге екені сөзсіз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мұндай сабақтастық сан түрлі салада жалғасып келе жатқанын жеткізді.
«Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы», «Көксерек» туындыларын қырғыз режиссерлері Болотбек Шамшиев пен Толомуш Өкеев кино тілінде сөйлетті. Ал қазақ режиссері Ардақ Әмірқұлов «Қош бол, Гүлсарының» желісімен көркем фильм түсірген. Елдеріміздің арасындағы тығыз рухани байланысты мәңгі достық пен тату көршіліктің арқауы деуге болады. Оны бағалай білу және нығайта түсу – баршамызға ортақ парыз. Бұл – ұлы жазушыларға, сондай-ақ нағыз елдікке арналған бірегей ескерткіш, қазақ-қырғыз бауырластығының айқын белгісі. Бүкіл Қазақ елінің айыр қалпақты ағайынға ықыласы ерекше. Біз қырғыз ағайынның да дәл сондай риясыз пейілін үнемі сезініп жүреміз», деді Президент.
Салтанатты іс-шараға Қазақстан мен Қырғызстанның ресми делегация мүшелері, сондай-ақ екі елдің зиялы қауым өкілдері қатысты.