Еліміздің Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Атом энергиясы жөніндегі Халықаралық агенттігі (АЭХА) Бас директорының орынбасары, Ядролық ғылымдар мен қолданбалар департаментінің директоры Наджат Мохтар ханыммен кездесті, деп жазады Egemen.kz.
Келіссөз барысында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы негізгі мәселелер – ядролық медицинаны дамыту, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті күшейту, заманауи ғылыми-техникалық шешімдерді энергетикаға, агроөнеркәсіптік кешенге, медицина мен өнеркәсіпке енгізу талқыланды. АЭХА-ның Азық-түлік қауіпсіздігі орталығымен ауыл шаруашылығы үшін ядролық технологияларды қолдану және азық-түлік сапасын арттыру саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту перспективаларына ерекше назар аударылды.
Мамандарды даярлауға, тәжірибе алмасуға және ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын кеңейту мәселесіне де назар аударылды.
«АЭХА-мен ынтымақтастық біз үшін ерекше маңызға ие. Біз техникалық ынтымақтастық, реттеу, кадрлар даярлау және халықаралық қауіпсіздік стандарттарын енгізу саласындағы қолдауыңызды жоғары бағалаймыз. Қазақстан ядролық энергетика мен ғылымнан бастап инновациялық технологиялар мен ядролық медицинаға дейін барлық салада өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге дайын», деді Агенттік төрағасы.
АЭХА өкілдері консультациялық және әдістемелік көмек көрсетуді қоса алғанда, сараптамалық және практикалық қолдау көрсетуге дайын екендерін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың стратегиялық сипатын атап өтіп, тұрақты және қауіпсіз болашақ мүддесінде бірлескен бастамаларды дамыту үшін тұрақты диалогты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.