2023 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы 20 қыркүйекті «Дүниежүзілік тазалық күні» деп жариялау туралы қаулы қабылдады. Елімізде былтырдан бері Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылып келеді. Өткен сенбіде, «Дүниежүзілік тазалық күні» аясында бүкіл ел көлемінде тазалық, абаттандыру сенбіліктері кеңінен ұйымдастырылды. Тұрғындар қоршаған ортаны күл-қоқыстан тазартып, көше, аулаларды абаттандырды.
Астанада жалпыхалықтық сенбілік «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық айлығы аясында өтті. Сенбілікке 100 мыңнан астам қала тұрғыны, еңбек ұжымдары, белсенді, беделді азаматтар жұмылды. Олар 12 мыңға жуық ауланы тазалап, 2 мың тонна шамасында қоқыс шығарды. 162 саябақ пен 41 тарихи-мәдени мұра нысанын ажарландыруға күш салып, 3 мыңға жуық ағаш екті. Осы күні қалада санитарлық тазалау жұмысы қатар жүрді. Нөсер, арық желілері, көше, жүргіншілер жолы мен аулалар тазартылды. Аулаларға балаларға арналған ойын, спорт алаңдары орнатылды. Қоғамдық орындардағы тас төсеніштер, жиектас пен шағын сәулеттік нысандар қайта қалпына келтірілді. Маусымдық агротехникалық жұмыстар да назардан тыс қалмады. Жасыл желектерді күтіп-баптау, сауда нысандарының маңын тазалау, рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жою сынды жұмыс жүргізілді.
«Байқоңыр» ауданына қарайтын Ж.Тәшенов көшесінің бойындағы гүлзарды абаттандыруға 160 адам келді. Олардың арасында елордадағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» ардагерлері, «Байқоңыр» ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері, ауданның белсенді тұрғындары, Esil University мен «Тұран» колледжінің студенттері болды. Жиналғандар гүлзар аумағына 100 түп ағаш егіп, қоқысын тазалады. Бұрынырақта гүлзардың орны бос жататын, қазірде қылқан жапырақты ағаштар, қарағай, қайыңы, өзге де көшеттері жайқалған жасыл аймаққа айналып келеді. Көктемде мұнда 500-ден астам ағаш егілсе, өткен аптада тағы 50 ағаш отырғызылды.
Есіл ауданының «Пригородный» тұрғын алабында акцияға қатысушылар 700-ден астам ағаш екті. Оның ішінде қарағаш, тал, терек, мамыргүл, емен көшеттері бар. Шаруаны үйлестіруге жергілікті тұрғындар, шағын және орта бизнес, пәтер иелері кооперативтері, мүлік иелері бірлестіктері, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, білім саласының қызметкерлері, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйым өкілдері, спортшылар, мұғалімдер қатысты.
Сол секілді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 400 студенті «Жерұйық» саябағында, қаланың мәдениет басқармасы, оған қарасты мекемелердің қызметкерлері Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония аумағында, елорда спортшылары «Ғашықтар саябағында» тазалық жұмысын жүргізді. «Ғашықтар саябағындағы» сенбілікке 100-ден астам спортшы, бапкер, спорт мектептерінің ұжымдары қатысты. Олардың арасында бокстан екі дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай, ауыр атлетикадан жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Аңсар Тұрсынбек, Азия чемпионы, бірнеше дүркін еліміздің чемпионы Венера Жақсыбаева, Париж Паралимпиадасының күміс жүлдегері Ерғали Шәмей, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Николь Ценгель сынды саңлақтар болды.
Елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ұранымен өтіп жатқан экология айлығы 13 қыркүйек – 11 қазан аралығында жалғасады. Экоакцияның басты мақсаты – қала көшелерінің тазалығын сақтауға қоғам назарын аударып, тұрғындар арасында экологиялық мәдениет қалыптастыру.